Грантқа құжат қабылдау басталғалы 65 мың өтініш түсті

17 Шілде 2023, 23:19 1126

Грант конкурсына өтініштер қабылдау басталғаннан бері талапкерлерден 65 мың өтініш келіп түсті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ғылым және жоғары білім министрлігі таратқан ақпаратқа сәйкес, өтініштердің басым бөлігі, атап өтсек, 25 мыңы алматылық жоғары оқу орындарына тапсырылған. Елорданың оқу орындарында оқу үшін 12 мың өтініш қабылданса, 3,5 мың адам Қарағанды облысының университеттерінде оқуға ниет білдірген.
 
Талапкерлердің таңдауы ішінде ең сұранысқа ие бағыттар қатарында «Педагогикалық ғылымдар» (17 мың), «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» (12 мың) және «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» (9 мың) қалып отыр.
 
Білім беру бағдарламаларының тобына келетін болсақ, ең көп өтініш «Ақпараттық технологиялар» - 7 мың. Ары қарай «Дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау» - 3,7 мың өтініш келіп түскен. Үшінші орында «Медицина», оны 2,8 мың талапкер таңдаған.
 
Білім беру гранттарын тағайындау конкурсына өтініштер қабылдау 20 шілдеге дейін жүргізіледі. Құжаттарды қабылдау еGov арқылы онлайн форматта немесе жоо-лардың қабылдау комиссиялары арқылы офлайн форматта жүзеге асырылады. Сондай-ақ, ЖОО-да виртуалды қабылдау комиссиясы жұмыс істейтін болады. Құжаттарды кез келген жоо (орналасқан жері бойынша) арқылы тапсыруға болады.
 
Естеріңізге сала кетсек, 135 мың адам ҰБТ-да шекті балл жинаған, олар грант конкурсына қатыса алады.

Перизат Саденова
Бөлісу: