Грантқа оқуға түсу үшін өтініштерді қабылдау 13 шілдеде басталады

12 Шілде, 22:38 1192

Мемлекеттік білім беру грантын беру жөніндегі конкурсқа қатысу үшін құжаттарды қабылдау 13-24 шілде аралығында жүзеге асырылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, конкурсқа қатысу үшін өтінішті жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының қабылдау комиссиялары арқылы, сондай-ақ, онлайн режимінде «Электрондық үкімет» порталы арқылы беруге болады.

Айта кетейік, 2023-2024 оқу жылына жоғары білімнің білім беру бағдарламалары бойынша оқу үшін барлығы 78219 грант бөлінді. Оның ішінде Үкімет айқындаған өңірлерге қоныс аударатын ауыл жастары қатарынан Қазақстан  азаматтарын оқытуға 3903 грант бөлініп отыр. Бұдан өзге халқы тығыз орналасқан, батыс және жаңадан құрылған өңірлерден жастарды оқыту үшін педагогикалық ғылымдар, математика және статистика, жаратылыстану ғылымдары, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары бойынша 5000 нысаналы грант бөлінді. Оның ішінде Атырау облысынан келгендер үшін – 1500 грант, Маңғыстау облысынан – 2000, Түркістан облысынан – 600, Абай қаласынан – 300, Шымкент қаласынан – 300, Жетісу қаласынан – 300, Ұлытау қаласынан - 300 грант.

Шалғай өңірлерден келген талапкерлерге ыңғайлы болу үшін жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында виртуалды қабылдау комиссиялары жұмыс істейтін болады. Олар бейнебайланыс арқылы консультация береді және конкурсқа құжаттарды тапсыруға көмектеседі.  

Зарина Арман
Бөлісу: