Қазақстанда еңбек қатынастарын реттеу және қызметкерлердің құқықтарын қорғау бағытында соңғы жылдары маңызды өзгерістер болып жатыр. 2026 жылы қабылданған заңнамалық түзетулер осы үрдістің жалғасы саналады. Аталған өзгерістердің ең өзекті тұстарының бірі – азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттарды (бұрын кеңінен «ГПХ» деп аталған) еңбек шартының орнына қолдануға тыйым салу.
Еңбек қатынастарындағы жаңа өзгерістер
Бастамашылардың айтуынша, бұл еңбек нарығындағы әділетсіз тәжірибені жоюға және жұмысшылардың әлеуметтік қорғалуын күшейтуге бағытталған.
Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт – бұл тапсырыс беруші мен орындаушы арасындағы белгілі бір жұмысты орындау немесе қызмет көрсету нәтижесіне бағытталған келісім. Мұндай шарттар Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен реттеледі және көбіне мердігерлік, ақылы қызмет көрсету немесе агенттік келісімдер түрінде жасалады. Бұл жағдайда орындаушы жұмыс берушінің штаттық қызметкері болып саналмайды, ішкі еңбек тәртібіне бағынбайды және еңбек заңнамасында қарастырылған әлеуметтік кепілдіктерге ие болмайды. Ал еңбек шарты, керісінше, қызметкер мен жұмыс беруші арасындағы тұрақты еңбек қатынастарын реттейді: қызметкер белгілі бір лауазым бойынша жұмыс істейді, ішкі тәртіпке бағынады, тұрақты жалақы алады және әлеуметтік қорғаумен қамтамасыз етіледі.
Соңғы жылдары жұмыс берушілердің азаматтық-құқықтық шарттарды еңбек шартының орнына қолдануы жиілеп кетті. Мұның басты себептері – әлеуметтік төлемдерден жалтару, еңбек заңнамасының талаптарын айналып өту, қызметкерді оңай жұмыстан шығару мүмкіндігі және құжаттық рәсімдеудің қарапайымдылығы. Алайда мұндай тәжірибе қызметкерлер үшін айтарлықтай тәуекелдер тудырады: олар ақылы еңбек демалысынан, уақытша еңбекке жарамсыздық төлемдерінен, зейнетақы және басқа да әлеуметтік аударымдардан қағылады. Сонымен қатар олардың еңбек өтілі толық есептелмеуі мүмкін.
Осы мәселелерді шешу мақсатында жаңа заңға сәйкес маңызды норма енгізілді: егер жасалған шартта еңбек қатынастарына тән белгілердің кемінде біреуі болса, онда мұндай шарт оның атауына қарамастан еңбек шарты ретінде танылады. Еңбек қатынастарының негізгі белгілеріне белгілі бір мамандық немесе лауазым бойынша жұмыс істеу, жұмысты жеке орындау және жұмыс берушінің ішкі еңбек тәртібіне бағыну, сондай-ақ еңбекақыны жұмыс процесі үшін алу жатады. Бұл норма жұмыс берушілердің шарттарды формалды түрде өзгертіп, шын мәнінде еңбек қатынастарын жасыру әрекеттеріне тосқауыл қоюға бағытталған.
Айыппұл салынады
Сонымен қатар 2026 жылғы 12 наурыздан бастап әкімшілік жауапкершілік те күшейтілді. Енді жұмыс берушілер еңбек шарттары туралы ақпаратты Бірыңғай еңбек шарттарын есепке алу жүйесіне (ЕСУТД) енгізбегені, кеш енгізгені немесе толық емес әрі дұрыс емес мәлімет бергені үшін айыппұл төлейді. Айыппұл мөлшері құқық бұзушының санатына байланысты белгіленеді: лауазымды тұлғаларға – 30 айлық есептік көрсеткіш, шағын бизнеске – 60, орта бизнеске – 80, ал ірі бизнеске – 150 айлық есептік көрсеткіш. Қайталанған жағдайда бұл сомалар едәуір өседі. Мұндай шаралар жұмыс берушілерді еңбек қатынастарын заң талаптарына сай рәсімдеуге ынталандыруға бағытталған.
Бақылау тетіктері де күшейтілуде. Enbek.kz платформасы арқылы еңбек шарттары ғана емес, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар да тіркеліп, талданады. Жүйе белгілі бір уақыт аралығында тұрақты төлемдердің жүргізілуі сияқты күмәнді белгілерді анықтап, уәкілетті органдарға сигнал бере алады. Бұл өз кезегінде жоспардан тыс тексерулер жүргізуге негіз болады. Мұндай тексерулер барысында еңбек инспекциясы нақты еңбек қатынастарының бар-жоғын анықтап, қажет болған жағдайда, шарттарды қайта рәсімдеуді талап етеді және жұмыс берушіні жауапкершілікке тартады.
Жаңа заң тек шектеулер енгізіп қана қоймай, қызметкерлер үшін қосымша әлеуметтік кепілдіктерді де қарастырады. Атап айтқанда, 14 жасқа дейінгі балалары бар жалғызбасты ата-аналарды жұмыс берушінің бастамасымен жұмыстан шығаруға тыйым салынады. Сонымен қатар өндірістегі жазатайым оқиғалар кезінде қызметкердің кінәсін анықтау шегі 25 пайыздан аспауы тиіс екені белгіленді. Келісім комиссияларының жұмысына тәуелсіз делдалдарды тарту мүмкіндігі енгізіліп, еңбек қауіпсіздігі саласындағы мамандардың мәртебесі күшейтілді – енді олар тікелей ұйым басшысына бағынады. Бұдан бөлек, жазатайым оқиғаларды тергеу құрамына адвокаттар мен зардап шеккен адамның туыстарын енгізу мүмкіндігі қарастырылған.
Ереуілдерге қатысты нормалар да нақтыланды. Енді татуластыру комиссияларына делдалдардың қатысуы міндетті элементтердің бірі ретінде қарастырылады. Қауіпті өндірістерде ереуіл кезінде минималды жұмыс көлемін сақтау талабы енгізіліп, тоқтатуға болмайтын өндірістердің нақты тізбесі айқындалады. Бұл, бір жағынан, жұмысшылардың құқықтарын қорғауға, екінші жағынан, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Әлеуметтік салада да өзгерістер бар. Мысалы, жұмыс істемейтін әкенің кішкентай балаға күтім жасаған кезеңі зейнетақы тағайындау кезінде еңбек өтіліне қосылатын болды. Сонымен қатар кейбір арнайы әлеуметтік қызмет түрлері лицензиялауға жатқызылды. Бұл әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған қадамдардың бірі.
Дегенмен азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар толықтай жойылмайды. Олар бұрынғыдай заңды құрал ретінде сақталады, бірақ тек өз мақсатына сай қолданылуы тиіс. Яғни мұндай шарттар нақты нәтиже талап етілетін бір реттік немесе қысқа мерзімді жұмыстар үшін ғана пайдаланылуы қажет. Мысалы, жөндеу жұмыстарын жүргізу, сайт әзірлеу немесе консультациялық қызмет көрсету сияқты жағдайларда азаматтық-құқықтық шарттарды қолдану орынды.
Жалпы алғанда, енгізілген өзгерістер еңбек нарығындағы ашықтықты арттыруға, жұмысшылардың құқықтарын қорғауға және жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейтуге бағытталған. Дегенмен заңның тиімділігі оның іс жүзінде қалай орындалатынына байланысты болмақ. Сондықтан мемлекеттік бақылау тетіктерінің тиімді жұмыс істеуімен қатар, жұмыс берушілер мен қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру да маңызды рөл атқарады.
Осы ретте Мәжіліс депутаты Мұрат Әбеновтің пікірін білген едік.
Егер де адам күнде сағат 9:00-де келіп, кешкі 18:00-де қайтатын болса, ол ешқандай азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт емес. Бұл еңбек шарты. Алайда бізде көбісі еңбек шартын жасамау үшін осындай қулыққа барады. Сөйтіп жалған шарт жасайды. Енді мемлекеттік еңбек инспекторы сондай жалған шарттарды тексереді. Өйткені шығынын азайту үшін жұмыс берушілер осы әдісті құп көреді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру, еңбек демалысы сияқты қаржыларды төлемеуге таптырмас мүмкіндік болып тұр. Біз оны орнына келтіруіміз керек, - дейді Мұрат Әбенов.