Гөзел Құлжабаева: Бізде гүл өсіру мәдениеті қалыптаспаған

31 Тамыз 2017, 10:36 9568

Гүл өсіру – үлкен мәдениет

Гөзел Құлжабаева – «Гүлстан» республикалық ғылыми-танымдық, көпшілік журналының және «Гүлзар» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы

Қазақстанды жасыл желекті елге айналдыру Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салған сара жолы. Сөзіміздің айқын дәлелі Астана қаласын қоршай өскен жасыл орман. Жоспар бойынша 2020 жылға дейін орманның көлемі 100 мың гектарға дейін ұлғайып, Бурабайдағы табиғи орманға қосылуы тиіс. Елбасының бұл игі ісін жалғаушылар да жоқ емес. Солардың бірі де, бірегейі де — Гөзел Құлжабаева. Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Басши ауылдық округіндегі  өзінің туып-өскен Нұрым  ауылын желден қорғау мақсатында Жасыл белдеу жалпы 50 гектар жерге  ағаш егіп, саябақ өсіріп, күтуде  айналған жан.

Бүгінгі сұхбатымызда Гөзел Құлжабаева бізді жетістікке жету жолымен таныстырып қаланы көгалдандыру мәселелеріне қатысты өз ойымен бөлісті.

— Гөзел ханым, El.kz оқырмандарына өзіңізді таныстырып өтсеңіз?

— Мен Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Нұрым ауылында дүниеге келдім. Біздің өңір биік таулармен көмкерілген, ілгерірек жүрсеңіз Іле өзенімен тұстасқан табиғаты керемет жер. Анам ауланың таза болғанын, бау-бақшаның жайқалып гүлдеп тұрғанын жақсы көретін еді. Өз басым кішкентай күнімнен гүл егуге ерекше қызықтым десем өтірік айтқан болар едім. Дегенмен бала күнімізде анамызға еріп бау-бақшаны баптағанымыз есімде қалып қойыпты. Гүл өсіру, ағаш егу, ауланы көгалдандыруға деген қызығушылығым шет елдерді көріп келгеннен кейін басталды. Ұлыбритания, Германия, Франция, Иран, Түркия, Израиль, Қытай сынды дамыған мемлекеттерді аралап олардың әдемілігіне қатты тамсанып қайттым.  Аталған мемлекеттерде  гүл өсіру, ағаш егу мәдениетінің өте жоғары деңгейде екендігі таңқалдырды. Сол саяхат кезінде «Қазақстанды неге осылай көркейтпеске?» деген ой туындады. Иранда саяхаттап жүрген кезде жергілікті халық «Қазақстан жайлы теледидардан көрсетіп жатады. Сіздің еліңізде неліктен ағаш-гүл өспейді?» деп сұрақ қойды. Бұл сөздер менің намысыма тиіп кеткенін жасырмаймын. Сол кезде өзіме «Қазақстанға аман-есен оралсам – гүл өсірумен айналысамын» деп өзіме серт бердім.  Осылайша бірнеше елден тәжірибе жинап, елге оралғаннан кейін  2005 жылы  «Гүлстан» республикалық ғылыми-танымдық, көпшілік журналын мемлекеттік тіркеуден өткізіп, өзімнің қаржыма шығара бастадым. Мұнымен қатар, көгалдандыру саласына жасаған алғашқы қадамым – ағамның ауласынан басталды. Шетелден алып келген гүл тұқымдарын ағамның ауласына отырғызып, оның күтімімен айналыса бастадым. Пайдалы кәсіпті халыққа үгіт-насихат жүргізу мақсатында көп ұзамай 2006 жылы «Гулзар» қоғамдық бірлестігін мемлекеттік тіркеуден өткіздік.  Бүгінгі күні мектептер мен қала басшылықтарына барып «Мектепті, ауылды, қаланы қалай гүлдендіру қажет», «Ағаш егу» тақырыптарында түрлі семинар-тренингтер өткізіп жүрміз. Бұқаралық ақпараттар құралдарының тілшілерінің қатысуы тұрақты түрде жүргізіліп келеді.

— Қазақстан мен өзіңіз болған Еуропа мен Шығыс елдерінің арасында гүл өсіру мәдениетінде қандай айырмашылықтарды байқадыңыз?

— Қазақстан мен Еуропа елдерін салыстырар болсақ – арасы жер мен көктей. Еуропаның елдерінде гүл өсіру мәдениеті бар. Гүл мәдениеті деген ұғымның өзі терең талдауды талап етеді. Мысалы бізде гүл немесе ағаш өсіру дегенге бағбандардың жұмысы ретінде қарайды. Бұл бірінші қателігіміз. Ауа барлығымызға ортақ, оның тазалығына да бәріміз жауаптымыз. Еуропа елдерінде ауладағы өсіп тұрған гүлдерді тұрғындар өздері баптайды. Олардың бұл іске деген көзқарасы  хобби ретінде, уақытын пайдалы іске арнау ретінде қалыптасқан. Мен өз еліме қара жағудан аулақпын, десе де мектептерде өтетін түрлі кездесулерге барғанда уақытта суарылмаған, солып тұрған гүлдерді көріп «мыналарың не?» деп сұрасаң, «мектептің биологтары нашар ғой» деп жауап береді. Міне, гүл мәдениеті қалыптаспаған деген осы. Әрбір мұғалім өз сыныбындағы оқушыларға кішкентай күнінен гүлге су құйғызып, ағаш отырғызып үйрететін болса, мұндай қиындық болмас еді. «Ел болам десең бесігіңді түзе» деген сөз М.Әуезов айтып кеткен ғой. Өз басым қаланы көгалдандыру жүйесінде біршама олқылықтарды байқап жүрмін. Мысалы шаһарларды гүлдендіруге бөлінген қаражатты жыл сайын жекеменшік мекемелер жеңіп алады. Алайда олар бір маусымға ғана жауапты болғаннан кейін, бір жылдық гүлдер ғана егеді. Келесі жылы қомақты қаражат жұмсалып, осы оқиға қайтадан қайталанады. Мысалы, Еуропа елдерінде бір жылдық гүлдерді өте сирек кездестіресіз. Дамыған елдерде жыл сайын гүлдейтін өсімдіктер бағалы. Бұл мемлекеттің қаражатын үнемдейді. Осы жүйені бізде де бір қалыпқа келтірер болсақ – үлкен жетістік болар еді.

— Гүл өсірумен айналыса бастаған уақытта болашақта осы саланың білікті маманы болатыныңызды сездіңіз бе?

— Шетелден жинаған тәжірибем мен осы салаға деген үлкен қызығушылығым маған үлкен көмегін тигізді. Қалай дегенмен бастапқыда үлкен бір мақсатты көздедім деп айта алмаймын. Істеген ісіңді шынайы махаббатпен, дұрыс ниетпен бастасаң – түптің-түбінде өз жемісін беретініне көзім анық жетті. Қазір ойлап қарасам, бұл кәсіпті отыз алты жасымда бастаған екенмін. Базарларда гүл тұқымдарын сатып алғанда талай алданғаным бар, өсімдіктер туралы әдебиеттер іздеген кезде бірде-бір қазақ тілді газет-журналдың болмауы мені осы салаға алып келді деуге болады. Бастапқы кезде гүл өсіруді үлкендерге үйретемін деген ойым уақыт өте өзгерді. Үлкендердің гүлден бөлек онсыз да күнделікті мәселелері жеткілікті. Қазір мен өсіп келе жатқан жас ұрпақты тәрбиелеуге мән бере бастадым. Балаларға арналған өсімдіктер туралы «Өсімдіктер әлемі» оқу-әдістемелік кешенін құрастырып, Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен  жарық көрді. Әрине кітаптар өзімнің қаржыма шықты, сатылымда бар. Бұл менің еліме тигізіп жатқан кішкентай болса да пайдам деп білемін.

— Өзіңізді көгалдандыру саласындағы алғашқы қазақ маманы деп атап жүр. Мұнымен келісесіз бе?

— Өкінішке қарай, елімізде гүл-ағаш өсіру мәдениеті дамымаған. Сол себепті Ғалым Боқаш деген елге белгілі інім бір күні қоңырау шалып, «Қазақтың гүлдері мен ағаштарына жаны ашитын, мән беріп жүрген тұңғыш қазақтың қызы Гүзел апай сіз ғана» деп Ұлыбритания, Оксфорд қаласына 2009 жылы шақырып алды. Он жеті күн бойы Оксфордтың бау-бақшаларын аралатып, көрсеткені бар. Әрине көгалдандыру саласында кәсіпкер ретінде ғана емес, кең көлемде «Әр ауланың гүлденгені-мемлекеттің гүлденгені» атты авторлық жобамды 2005 жылдан бері үздіксіз  іс жүзіне асырып жүрген көшбасы екенім рас.

— Жасыл желектің адам денсаулығына пайдасы жайлы әңгімелесеңіз?

— Пайдасы шаш етектен. Адам мен табиғатты бөліп қарастыруға болмайды. Біз де табиғаттың бір бөлшегіміз. Шаршаған адам таза ауаға, көрікті жерлерге барып демалуға ұмтылатыны сөзімнің айқын дәлелі. Орманның ауасында адам денсаулығына қажетті жеңіл иондар болады. Соның арқасында орманда демалған адам салқынға көп берілмейді, олардың қан құрамы жақсарып, қан қысымы төмендейді, шаршағаны басылады, дәлірек айтқанда орманда дем алғаннан кейін еңбек өнімділігі артады деуге болады. Ал үйдегі өсімдіктер ең алдымен бөлменің ылғалдығын қалыпқа келтіреді. Әсіресе Астанадағы үйлердің қыста ыстық болатынын байқадым. Үйде ешқандай өсімдіктің болмауы мұндай кезде адамдардың тыңыс алу, әсіресе мұрын құрғап кетуіне қатты әсер етеді. Таңертең ұйқыдан оянғанда гүлді суарып, хош иіс беріп, жайқалып өсіп тұрған тірі ағзаны көріп көңіл-күйің көтеріліп, өмірден ерекше ләззат алғанға не жетсін? Ойымды қортындылай келе, Еліміздің көгалданған және ормандары көп мемлекет болуына әр азамат өз үлесін қосуы қажет.

Рүстем Әлпи
Бөлісу: