Google өзінің Gemini жасанды интеллект жүйесінің мүмкіндіктерін кеңейтіп, видеоконтенттің жасанды интеллект арқылы жасалғанын немесе өңделгенін анықтайтын жаңа функция қосты.
Енді пайдаланушылар кез келген видеоны жүктеп, «Бұл видео Google AI көмегімен жасалған ба?» деген сұрақ қою арқылы оның шығу тегін тексере алады.
Жүйе видеоны сканерлеу барысында SynthID деп аталатын жасырын цифрлық белгіні іздейді. Бұл – Google өз ЖИ-модельдері арқылы жасалған барлық видео және аудиоматериалдарға енгізетін көрінбейтін сутаңба.
Gemini тек оның бар-жоғын анықтап қана қоймай, роликтің қай бөлігінде бұл белгі пайда болатынын да дәл көрсете алады. Бұған дейін аталған технология тек фотосуреттерге қатысты қолданылып келген.
Алайда бұл шешімнің де әлсіз тұстары бар. Мысалы, OpenAI компаниясының Sora видео генераторы іске қосылған кезде кейбір сутаңбаларды салыстырмалы түрде оңай алып тастауға болатыны анықталған. Google SynthID-дің «көзге көрінбейтін» екенін мәлімдегенімен, оның монтаж бен өңдеуге қаншалықты төзімді екені әзірге нақты белгісіз.
Сонымен қатар әлеуметтік желілер мен басқа платформалардың бұл белгіні автоматты түрде танып, ЖИ арқылы жасалған контентті арнайы таңбалауды үйрене ала ма – бұл да ашық күйінде қалып отыр. Қазір әлемде AI-контентті белгілеудің бірыңғай стандарты жоқ. Gemini-де жасалған суреттер C2PA метадеректерін қамтығанымен, көптеген әлеуметтік желілер бұл ақпаратты елемей жатады. Соның салдарынан дипфейк пен жалған видеолар еш ескертусіз таралуы мүмкін.
Қазіргі таңда Gemini арқылы көлемі 100 МБ-қа дейінгі, ұзақтығы 90 секундтан аспайтын видеоларды тексеруге болады. Функция қосымша қолжетімді елдердің барлығында және барлық тілде жұмыс істейді.
Осылайша, Google AI-контент әлемінде ашықтықты арттыруға бағытталған маңызды қадам жасап отыр. Рас, әзірге бұл мүмкіндік тек Google құралдары арқылы жасалған материалдарға ғана қатысты. Бірақ егер басқа ірі технологиялық компаниялар да бұл бастаманы қолдаса, болашақта күмәнді кез келген видеоны бір батырма арқылы тексеру қалыпты тәжірибеге айналуы мүмкін.