Google Аудармашыда сөйлеуді нақты уақыт режимінде аударып, оны бірден құлаққап арқылы тыңдауға мүмкіндік беретін жаңа функция іске қосылды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл мүмкіндік Google-дың өзіне тиесілі Gemini нейрожелісінің негізінде жұмыс істейді және онда ондаған тіл бар, бірақ әзірге Android жүйесінде бета-нұсқа ретінде ғана қолжетімді.
Басты жаңалық неде?
2025 жылғы желтоқсанда Google «Google Аудармашының» жаңа мүмкіндіктерін ресми түрде таныстырды. Ең басты жаңалық – нақты уақыттағы сөйлеу аудармасы. Бұл функция шет тіліндегі сөзді бірден аударып, оны пайдаланушының құлаққабында дыбыстап береді. Ең маңыздысы, аударма кезінде сөйлеушінің интонациясы, қарқыны мен акценті барынша сақталады.
Жаңа мүмкіндік кез келген құлаққаппен жұмыс істейді және 70-тен астам тілді қолдайды. Бета-нұсқа әзірге АҚШ, Мексика және Үндістанда, тек Android операциялық жүйесінде іске қосылған.
Функцияны пайдалану үшін қолданушыға «Google Аудармашы» қосымшасын ашып, нақты уақыттағы аударма режимін таңдап, оны әңгіме, дәріс немесе шет тіліндегі контентті көру кезінде қосу жеткілікті.
Аударма сапасы қалай жақсарды?
Google сонымен қатар мәтіндік аударманы да жетілдірді. Енді Gemini контексті, идиомалық тіркестерді және ауызекі сөйлеу үлгілерін ескере отырып, аударманың табиғи нұсқасын ұсынады.
Мысалы, ағылшын тіліндегі stealing my thunder тіркесі сөзбе-сөз емес, мағынасына сай – «бастаманы өзіңе алу» деген балама арқылы аударылады.
Бұдан бөлек, тіл үйренуге арналған функциялар да кеңейтілді. Google бұл бағытта Германия, Үндістан, Швеция және Тайваньды қоса алғанда, 20-ға жуық жаңа елді қолдау тізіміне қосты.
Компанияның мәлімдеуінше, 2026 жылы нақты уақыттағы сөйлеу аудармасы iOS жүйесіне және басқа өңірлерге де қолжетімді болмақ.
Жалпы технологиялық контекст
Мұндай технологиялар бұған дейін де ірі IT-компанияларда болған. Мәселен, Microsoft Translator ауызша сөйлеуді және көп адам қатысатын әңгімелерді 100-ден астам тілде нақты уақыт режимінде аудара алады.
Apple компаниясы iOS 26 жүйесінде Live Translation функциясын іске қосып, телефон қоңырауларын, хабарламаларды және FaceTime қоңырауларын бірден аударуға мүмкіндік берді.
Ал Meta Ray-Ban смарт-көзілдіріктерінде ағылшын, француз, испан және итальян тілдері үшін тірі аударма функциясын енгізген.
Сонымен қатар үшінші тарап әзірлеушілер жасаған Translate AI: Live Translator секілді қосымшалар да смартфон мен гарнитура арқылы нақты уақыттағы дыбыстық аударманы ұсынып келеді.
Алайда Google Аудармашыға бұл мүмкіндіктің енгізілуі технологияны әлдеқайда кең аудиторияға қолжетімді етеді. Google дерегіне сәйкес, сервисті ай сайын 500 миллионнан астам адам пайдаланады, ал ондағы тілдер саны 130-дан асады. Бұл оны әлемдегі ең ауқымды аударма платформасына айналдырып отыр.
Қандай салдары болуы мүмкін?
Нақты уақыттағы сөйлеу аудармасы болашақта «ерекше мүмкіндік» емес, күнделікті қолданылатын құралға айналуы ықтимал. Егер Google бұл функцияны басқа тілдер мен платформаларға толық енгізсе, адамдар оны сапар кезінде, оқу мен жұмыста, тұрмыста жиі пайдалана бастайды. Соның салдарынан шет тілдерін үйренуге деген қызығушылық төмендеуі мүмкін.
Мәселен, Америкалық заманауи тілдер қауымдастығының дерегіне сүйенсек, АҚШ-та 2009-2021 жылдар аралығында университеттерде шет тілі курстарын таңдаған студенттер саны 29,3 пайызға азайған.
Австралияда 2021 жылы жоғары сынып оқушыларының небәрі 8,6 пайызы ғана шетел тілін оқыған – бұл тіркелген ең төмен көрсеткіш.
Ал Оңтүстік Корея мен Жаңа Зеландияда сұраныстың аздығына байланысты француз, неміс және итальян тілдері кафедралары жабылып жатыр.
Осылайша, жасанды интеллектке негізделген аударма технологиялары тілдік кедергілерді жойғанымен, тіл үйренудің болашағына қатысты жаңа сұрақтар туындатып отыр.