Google компаниясы мен АҚШ-тың Ұлттық аэронавтика және ғарыш агенттігі (NASA) күш біріктіріп, ғарышта туындауы мүмкін медициналық мәселелерді шешуге қабілетті жасанды интеллект негізіндегі құрал әзірлеуде. Бұл бастама АҚШ-тың Ай мен Марсқа бағытталған ұзақмерзімді миссиялары қарсаңында ерекше өзекті болып отыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Жүйе «Экипаждың медициналық көмекшісі» деп аталады. Ол астронавттарға да, Жердегі дәрігерлерге де нақты уақыт режимінде диагноз қоюға және емдеу тәсілдерін таңдауға көмектеседі. Сонымен қатар, ол ғарыш медицинасымен айналысатын арнайы мамандарға — «ұшқыш дәрігерлерге» қолдау көрсетіп, оларға қажетті деректер мен болжамдық талдау ұсынбақ.
Google блогында жарияланған деректерге сәйкес, пилоттық жобаның алғашқы нәтижелері симптомдарға сүйене отырып сенімді диагноз қою мүмкіндігін көрсетті. Қазір компания ғарыш медицинасындағы дәрігерлермен бірлесе отырып, жүйені жетілдіру жұмыстарын жалғастыруда.
Жоба авторларының айтуынша, цифрлық ассистент Жермен байланыс шектеулі болған жағдайда да толыққанды диагноз бен емдеу нұсқаларын ұсына алады. Бұл NASA миссиялары ғарыш кеңістігіне барған сайын алшақтап бара жатқанын ескерсек, аса маңызды фактор болып отыр.
Жоба NASA-ның «Артемида II» және «Артемида III» миссияларына дайындық аясында іске асуда. Бұл бағдарламалар адамзаттың Айға қайта оралуын көздейді және кейінгі Марс экспедицияларына апаратын жол картасының негізгі бөлігі саналады. Алғашқы америкалықтардың Қызыл ғаламшарға сапары 2030-жылдардан ерте жүзеге аспайтыны болжанып отыр.
Бұл жүйе тек қана ғарыштық зерттеулерді қолдау емес. Бұл — жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін кеңейту арқылы ең алыс әрі төтенше жағдайларда өмірлік маңызды медициналық көмекті қамтамасыз етуге жасалған қадам, - дейді Google мамандары
NASA деректері бойынша, ғарышкерлерге жүрек-өкпе реанимациясы, алғашқы көмек көрсету, психологиялық қолдау әдістері және медициналық құралдармен жұмыс істеу дағдылары үйретіледі. Олар ғарышқа тән ауруларды — мысалы, көмірқышқыл газының ағзаға әсерін немесе кессондық ауруды тануға дайындалады.
Олардың денсаулығын миссияға дейін, ұшу барысында және оралғаннан кейін арнайы дәрігерлер, психологтар және ұшқыш дәрігерлерден құралған команда қадағалайды.
Халықаралық ғарыш станциясында (ХҒС) ғарышкерлердің толыққанды дәріханасы мен қажетті медициналық жабдықтары бар. Төтенше жағдайда оларды Жерге қайтару мүмкіндігі сақталған.
Алайда 2023 жылы IEEE Open Journal of Engineering in Medicine and Biology журналында жарияланған зерттеуге сәйкес, төменгі Жер орбитасынан тыс (Ай немесе Марсқа) миссиялар кезінде жағдай түбегейлі өзгереді. Мұндай сапарларда сигналдың кешігуі және эвакуацияның мүмкін еместігі медициналық қолдауды барынша дербес етуді талап етеді.
Айға жасалатын миссия барысында байланыс сигналының кідірісі 10 секундқа дейін жетуі мүмкін, ал төтенше жағдайда эвакуациялау кемінде екі аптаға созылады. Марсқа бағытталған экспедициялар бұдан да күрделі: Жерден қашықтық 500 миллион шақырымнан асады, сигналдың кешігуі 40 минутқа дейін барады, ал эвакуациялау үшін кемінде алты ай қажет.
Сол себепті болашақ ғарыш сапарларында медициналық жүйе тек диагноз қоюмен шектелмей, Жердегі мамандардың ықтимал сұрақтарын алдын ала болжап, толық әрі дербес емдеу жоспарын ұсына алуы қажет, деп атап өтеді зерттеу авторлары.