Google компаниясына қалай жұмысқа тұруға болады

28 Сәуір, 04:36 1277

Жаркент қаласының тумасы Арай Сабыржан IT саласында Америкадағы Кремний алқабында жұмыс істеп жүр. Ол 2017 жылы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде компьютер саласынан бакалавр дәрежесін алған. 2018 жылы Американың Сан-Франциско қаласына барып, бірнеше стартап компанияларда жұмыс істеуді бастаған. Қазіргі таңда Google компаниясында виртуалды машиналарды бағдарламалаушы-инженер болып жұмыс істейді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Арай Сабыржан Narikbi Live подкастында Кремний алқабындағы тәжірибесі мен қазақстандықтардың өмірі туралы айтып берді. Инженер Арай компаниялардағы гендерлік теңдік мәселесіне тоқталып, аталмыш мамандықтың маңыздылығын түсіндіріп өтті.

Бір топта 20 адам десек, оның 5-еуі ғана қыз болуы мүмкін. Қазіргі таңда оқу орындарында қандай екенін білмедім, бірақ жұмыс орындарында 20 адамның ішінде 4-5-еуі ғана қыз бағдарламашылар. Инженерлік деген жақсы мамандық. Басынан бастап бағдарламаны қалай құру керектігін түсінген жақсы. Біз дайын тұрған бағдарламаны қолданған бір бөлек, екінші жағынан соны қалай құру керек екенін білсе, мамандық ретінде бағаланады деп есептеймін. Инженерліктің трендте болу себебі – болашақта бір базаға айналатын шығар. Компьютер саласынан хабары жоқ адамға көп нәрсен қиын түсуі мүмкін. Инженерлікті білген адам қосымша іспен айналысып, сол екеуін қосып, гибридті өнім жасай алады, - дейді Арай Сабыржан.

Ал университетте оқып жүргенде қазақстандық студенттер бұл мамандыққа өз қалауымен емес, кейде диплом алу үшін де түскенін атап өтті. Бірақ нарықтағы сұраныстан кейін осы салада жұмысын жалғастырып, өз жолын тапқандар бар.

Оқу кезін есіме түсірсем, университетте «ІТ-да жай жүрмін, диплом алып ата-анама көрсетемін, сосын мамандығымды ауыстырамын», - деген балалар өте көп болды. Грант көп бөлінгендіктен, ата-анасына ауыр салмақ салмайын деп оқуға түскен түлектер көп болды. Кейін ІТ трендте болғаннан кейін оқу бітірген соң 90 пайызы мамандық бойынша жұмыс істеп, инженер болды. Себебі, нарықта ІТ инженерлерге сұраныс көп болды, - дейді Арай Сабыржан.

Әлемдік алпауыт компанияға жұмысқа тұрған сәтін есіне түсіріп, негізгі жүктемесі туралы сөз қозғады. Байқағанымыздай, компанияда қатып қалған жұмыс кестесі жоқ. Басты талап - әр қызметкер өзіне берілген тапсырманы уақытында орындап отыруы тиіс.

Google компаниясына жұмысқа тұрардың алдында менен «Өзіңнің қызығатын бір өнім бар ма?» деп сұраған. Бірақ мен үшін ол кезде жұмысқа тұрудың өзі үлкен арман болғандықтан, ешқандай таңдауым жоқ екенін, кез келген жұмысқа дайын екенімді жеткіздім. Содан Google Cloud Platform-сындағы Managed instance тобына қосылдым. Бұл команда виртуалды машиналармен жұмыс істейді. Яғни, қолданушылардың тапсырысына байланысты жұмыс істейміз. База деректерін өзгертіп, серверлерге дайындап қосқан соң қолданушыға дайын екенін айтамыз. Яғни, бағдарламалаудың бірнеше тұсы бар. Қолданушы көретін тұсы – frontend, көрінбейтін тұсын backand деп айтуға болады. Мен сол backand бөлімінде жұмыс істеймін, - дейді ол.

Көптеген отандастарымыз Кремний алқабында тәжірибеден өтіп, жұмысқа орналасып жатады. Арайдың айтуынша, қанша қазақстандықтың жүргенін нақты айту қиын. Ал Google Cloud бөлімінде Араймен қатар 2-3 қазақстандық жұмыс істеп жүргені белгілі болды.

Бүкіл әлем бойынша Google-дың әртүрлі офистарында 120-ға жуық қазақстандық жұмыс істейді. Бұл бізге белгілі дерек қана. Мысалы, кейбір қазақстандықтар жұмыс істеп жүріп ешкімді танымайды, біреумен кездесіп қалғанда ғана Google-да жұмыс істейтінін айтып жатады. Kazakh google community тобын естімеген де адамдар бар. 10 шақты адам деп алатын болсақ жалпы есеппен 130-дай адам жұмыс істейді. Оның ішіндегі 40 шақтысы қыз-келіншектер, - дейді Арай Сабыржан.

Кейіпкеріміз айтқан қызық бір дерек: жұмысқа тұру үшін түйіндеме жібергенде жасы мен жынысы туралы ақпарат берілмейді.

Еуропа мен Америкада түйіндемеде жынысты көрсетпейді. Аты-жөніңізді жазғаннан кейін тәжірибеңізге қатысты мәліметтерді жазасыз. Оқу орыны, жасап жүрген жобалары туралы жазады. Суреті мен жынысын, жасын көрсетпейді. Бұл алдын ала біржақты пікір қалыптастырудан аулақ болуға көмектеседі, - дейді бағдарламалаушы-инженер Арай Сабыржан.

Ол Goоgle секілді алпауыт корпорацияларға жұмысқа орналасу үшін сұхбаттасу кезеңі маңызды екенін атап өтті. Сұхбаттасу кезінде қандай мәселеге маңыз қою керегіне тоқталып, кеңес берді.

Жұмысқа тұру кезінде сұхбаттасудан өтеді. Сол кезде негізгі принцип: Саған сұрақ қоятын тәжірибелі маманды өзіңнің әріптесің ретінде елестету керек. Сол кезде сұхбаттасу атмосферасы басқаша болады. «Тәжірибелі үлкен кісінің сұрағына қате жауап беремін» деп қорқып, қобалжудың орнына, ол кісіні өзіңнің әріптесің ретінде еркін сезініп, жауабыңды еркін жеткізе аласың. Одан кейін жұмысқа тұрған соң алғашқы уақытта «Мен ештеңе білмеймін» деген синдром көп кездеседі. Осы кезде сұрақ қоюдан ұялмау керек. Себебі, тек сұрақ қою ғана арқылы жауапты табуға болады, сұрақ қойып ақпараттар жиналады, әрі қарай прогресс болады. Сол үшін білмей тұрған нәрсені еш қысылмай сұрай білу керек, - дейді Арай Сабыржан.

Арайдың отбасы Кремний алқабында қазақстандық отбасылардың балалары үшін балабақша ашқан.

Біз Кремний алқабының Саннивейл (Sunnyvale) деген қаласында тұрамыз. Мұнда қазақстандықтар өте көп. Бірге жиналып, жиі бас қосамыз. Әсіресе, пандемия кезінде карантин шарттарын сақтап, бірге воллейбол ойнап, спортпен айналыстық. Кремний алқабы өте тыныш, қаланың динамикасы жоқ. Көпшілік қалаға барғысы келсе 40 минуттық жердегі Сан-Францискоға барады. Америкада бірге жиі жиналуымыздың себебі – мәдениетіміз, ортақ құндылықтарымызды сақтау. Қазақ тілінде сөйлегісі келетіндер де көп. Көптеген ата-аналар балаларының қазақ тілінде сөйлегенін, ұлттық мәдениетін бойына сіңіріп өскенін қалайды. Сондықтан балаларға қазақи орта жасағысы келеді. Осы орайда біздің ойымызға балабақша ашу туралы ой келді. Кремний алқабындағы қазақстандықтардың балалары үшін қазақ тіліндегі балабақша аштық. Оған біздің анамыз көмектесті. Сұраныс өте көп. Флорида жақтарда қазақша балабақша бар деп естідім. Мүмкін бір отбасы үйінде ашқан болуы керек. Кейін арнайы ғимарат салып, қазақ-орыс тілінде балаларды қабылдай бастаған, - дейді ол.

Перизат Саденова
Бөлісу: