Google компаниясы Gemini чат-ботына Lyria 3 атты жаңа жасанды интеллект моделін біріктірді. Соның арқасында сервис енді мәтіндік сипаттама, сурет немесе видео негізінде қысқа музыкалық композициялар жасай алады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Gemini пайдаланушы берген сипаттамаға сүйене отырып, ұзақтығы 30 секундқа дейінгі музыкалық трек құрастырады. Жүйе жанрды, көңіл күйді, оқиға желісін немесе атмосфераны ескеруге қабілетті. Қажет болса, сурет не видео жүктеп, соған сәйкес әуен алуға болады.
Оқи отырыңыз:
Сонымен қатар Google YouTube-пен интеграциясын кеңейтіп жатыр. Бұған дейін тек АҚШ-та қолжетімді болған Dream Track құралы енді халықаралық нарыққа шығады. Бұл сервис YouTube Shorts авторларына жасанды интеллект көмегімен музыка жасауға мүмкіндік береді.
Gemini арқылы жасалған барлық трекке көрінбейтін SynthID сутаңбасы қойылады. Пайдаланушылар файлды қайтадан Gemini жүйесіне жүктеп, оның Google-дің ЖИ көмегімен жасалған-жасалмағанын тексере алады.
Жаңа функция әзірге бета-нұсқада жұмыс істейді және 18 жастан асқан қолданушыларға қолжетімді. Оған тапсырманы әзірге ағылшын, неміс, испан, француз, хинди, жапон, корей және португал тілдерінде ғана беруге болады. Google AI Plus, Pro және Ultra жазылушыларына трек генерациялау бойынша кеңейтілген лимит беріледі.
Музыка жасау үшін жанрды, көңіл күйді немесе нақты бір жағдайды сипаттау жеткілікті. Gemini аспаптық композиция да, автоматты түрде мәтіні жазылған ән де ұсына алады. Ал трекке арналған мұқабаны Nano Banana нейрожүйесі бөлек жасап береді.
Google өкілдері бұл функцияның басты мақсаты музыкалық шедевр шығару емес екенін ерекше атап өтеді. Бұл – пайдаланушыларға өзін шығармашылық тұрғыда көрсетуге арналған құрал. Яғни белгілі бір естелікті, әзілді немесе көңіл күйді сипаттап, соған сай шағын ән жасап, оны достармен бөлісуге болады.
Gemini жасаған барлық трек SynthID белгісімен таңбаланады, сондықтан оларды адам жазған туындылардан оңай ажыратуға болады. Арнайы сүзгілер нәтижені бұрыннан бар музыкалық контентпен салыстырып, ұқсастықтарды тексереді. Сондай-ақ пайдаланушылар өз құқықтарының немесе үшінші тарап құқықтарының бұзылуына шағым түсіре алады.
Егер қолданушы белгілі бір орындаушының атын енгізсе, жүйе оны тек стильдік бағыт ретінде қабылдайды. Google мәліметінше, алгоритмдер дайын нәтижені қолданыстағы шығармалармен қосымша тексеріп, ықтимал сәйкестіктердің алдын алады.
Осылайша, Google Gemini-ді тмәтіндік көмекші ғана емес, креативті мультимедиалық платформаға айналдыруды көздеп отыр.
Бұған дейін болашақта пайда болатын және жойылатын мамандықтарға қатысты болжам айтылды. Сонымен қатар Google-дегі ЖИ-режим жайлы жазғанбыз.
Сонымен қатар Apple ЖИ-ге негізделген көзілдірік, кулон және AirPods шығаратыны туралы да жаздық.