Орта салмақта әлемнің экс-чемпионы, бүгінде ҰОК президенті қызметін атқаратын Геннадий Головкин қандай жағдайда өзінің соңғы жекпе-жегін өткізу үшін шаршы алаңға оралуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Boxingscene.com басылымының жазуынша, алда Қазақстан боксшысы бір жекпе-жек өткізуі мүмкін.
Еліміздің танымал кәсіпқой боксшысы соңғы рет шаршы алаңға 2022 жылдың күзінде шығып, төрешілердің ортақ шешімімен мексикалық Сауль Альвареске есе жіберді. Бірақ бұл айқастан соң Геннадий карьерасын аяқтайтынын айтып ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
Әзірге мен бокстан кететінім туралы айтқан жоқпын. Әрі мұндай нәрсені айту менің болмысымда жоқ. Уақыт көрсетеді. Қазір менің алдымда үлкен міндет тұр. Істеп жатқан жұмысым маған өте ұнайды. Қазіргі уақытта менің өмірімнің мәні – ол қозғалыс. Егер біреу мені шаршы алаңға шақырып, ол ұсынысы көңілден шықса, онда мен оны қабылдаймын. Сондықтан алда менің қатысуыммен бір жекпе-жектің куәсі болуларыңыз мүмкін, - деді Головкин.
Геннадий Головкин 2024 жылдың ақпан айында ҰОК президенті болып сайланды. Ол бұл қызметте қазақстандық миллиардер Тимур Құлыбаевтың орнын басты.