Головкин Халықаралық бокс федерациясы чемпионы белбеуінен бас тартты

15 Ақпан 2023, 18:10 876

Бүгінгі таңда кәсіпқой бокстағы атақты қазақстандық боксшы Геннадий Головкин екендігі баршаға аян. Ол  Халықаралық бокс ұйымының (IBO), Халықаралық бокс федерациясының (IBF) және Дүниежүзілік бокс ассоциациясының WBA Super белбеуінің иегері,  чемпионы. Әрине, кәсіпқой бокста болашақтары бар бір топ қазақстандық боксшылар легінің аяқалысы қуантады, бірақ бұл жолғы әңгіме GGG, Трипл Джи туралы.

Ақпанның 8-де Геннадий Головкин IBF нұсқасы бойынша чемпиондық атағынан бас тартқаны туралы хабар тарады. Ол титулды бразилиялық Эскива Фалкаоға қарсы қорғауы керек еді. Геннадий Головкин өз атағын тастап, оны бразилиялық Эскива Фалькаоның міндетті үміткеріне қарсы қорғауға шықпағандықтан осы федерацияның рейтингінен шығарылды.

 Джон Хорневер, Геннадий Головкиннің заңгері қазақстандық боксшының орта салмақтағы IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағын неге босатуға мәжбүр болғанын түсіндірді. Хорневердің айтуынша, Головкин белбеуінің бірін босатқанымен, бокстан кетпейді және ол қомақты қаржы алатын жекпе-жекке қол жеткізуден үміттенеді.

Сарапшылар Головкиннің Фалькаомен жекпе-жегі ешкімге қызық емес, оны Қазақстанда ұйымдастыруға болар еді, бірақ  Головкин мұндай идеядан бас тартуға шешім қабылдаған, қазір Головкинге ақша әкелетін қарсылас қажет, ал белбеулерде мұндай құндылық жоқ деп көрсетуде.

Головкин IBF белбеуін бразилиялық Эскива Фалькаоға қарсы міндетті қорғаудың жақындауына байланысты босатқан. Бұл ретте Дүниежүзілік бокс қауымдастығы (WBA) өзінің орта салмақтағы чемпионы Головкинді кубалық Эрисланди Лараға қарсы титулды міндетті түрде қорғауға міндеттеді.

Кәсіпқой бокс мамандары Дүниежүзілік бокс қауымдастығы (WBA) Головкин — Лара жекпе-жегіне екінші рет рұқсат етіп отыр, ал боксшылар командалары екінші рет ауызша келісім берді, бірақ бұл жекпе-жектің болуы белгісіз деп санайды. Кейде бокста жекпе-жекті өткізуге санкция беру жеткіліксіз. Головкин мен Лараның жекпе-жегі промоутерлік сауда-саттыққа жеткенге дейін 23 ақпанға дейін келісуге уақыты бар. Егер Головкин Лараға қарсы шықпаса онда ол WBA белбеуін де жоғалтады.

Ардагерлерге (Головкин 40 жаста, Лара бір жасқа кіші) келіссөздер жүргізуге 15 күн ғана уақыт берілді, содан кейін промоутерлік сауда-саттық өтеді. Егер тараптар өзара келіспесе, онда жүлде қорын бөлу Головкиннің пайдасына 75/25 қатынасында болады. Бірақ олардың бірі атақтан мүлдем бас тартуы мүмкін. Бұл жағдайда WBA-да осы салмақта бір ғана чемпион қалады.

Қазақстандық орта салмақтағы Жәнібек Әлімханұлы отандасы Геннадий Головкинге кубалық Эрисланди Ларамен жекпе-жекке дайындалуға көмектесуге дайын екендігін мәлімдеді. Ол: «Лара мықты жауынгер. Бірақ Головкин одан жақсырақ. Мен солақаймын, Лара солақай. Егер менің ағам Головкинге менің көмегім қажет болады, мен оған дайындалуына қуана көмектесемін. Біз, қазақтар, әрқашан бір-бірімізге көмектесеміз!» - деп жазды.

WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы Геннадий Головкиннің IBF титулынан бас тартуына байланысты өзінің амбициясын білдіріп, осы атаққа және орта салмақтағы дивизиондағы барлық белбеулерге ие болғысы келетіндігі туралы мәлімдеме жасады. Ол: «Бір белбеу орта салмақта бос қалды делік. Маған бұл белбеу керек. Мен жақын арада барлық атақтарды жинаймын, иншалла!» - деп жазды Әлімханұлы.

Сарапшылар Головкин белбеулерге деген қызығушылығын жоғалтты, ол үшін үлкен қаржы әкелетін қарсылас табу маңыздырақ деп көрсетуде. Бұл бір жағынан орташа салмақта IBF-дегі басқа боксшыларға мүмкіндік береді.  Келесі бір отандасымыз Мейірім Нұрсұлтанов 5 сәуірде Оңтүстік Кореяда өтетін бокс кешінде жапон Казуто Такесакомен жекпе-жекті өз пайдасына шешсе оған Головкин босатқан белбеуге таласуға  мүмкіндік пайда болды.

40 жастағы Головкин белбеуінің бірін босатқанымен бокстан кетпейді және ол кеткен күннің өзінде бұл салмақта Жәнібек Әлімханұлы, Мейірім Нұрсұлтанов секілді болашағынан үлкен үміт күттіретін боксшылардың болуы бұл салмақ категориясында еліміздің көк байрағы әлі де желбірей беретінін көрсетеді.

Қайрат Сәки
Бөлісу: