Кәсіби мамандар биік мақсат-мұрат қойып, биік шыңды бағындырады. Фотогроф Марат Әміров туралы осылай айтуға болады.
– Сурет түсіру өнеріне қызығушылық қалай, қашан пайда болды?
– Семей қаласында Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжде сурет пәні бойынша білім алдым. Бастапқыда суретші болғым келді.
Түрлі видеолар түсіріп, оларды өңдеумен айналысып көрдім. Алайда фотография жаныма жақын болды. Әрі осы бағытта сұраныс түсе бастады.
2013 жылы Қазақ радиосында еңбек жолым басталды. 2014 жылы «Қазақстан РТРҚ» АҚ фотограф болдым. 2018-2021 жылы әртүрлі журналдармен бірлесіп жұмыс істедім. Қазіргі таңда «Қазақстан РТРҚ» АҚ-да фрилансер қызметін бастадым.
2020 жылдан «Халықаралық фотографтар» ұйымының мүшесімін. Әлемнің 100-ге жуық фотографының басын біріктерген ұйымда тәжірибе алмасып, кәсіби деңгейінді өсіруге мүмкіндік мол. Халықаралық байқау мен конкурстарға қатысып, шыңдалуға, танылуға болады. Шетелдік түрлі сайыстарға өзімнің суреттерімді жолдап отырамын. Қазақстанда өтіп жатқан конкурстарға қарағанда, шетелдегі байқаулардан жүлделі болу мүмкіндігі көп. Себебі, біздің елде суретті көбісі түсіне бермейді және қазылар алқасына да суретке қатысы жоқ адамдар болады. Шығармашылықты тек шығармаға жақын адам түсінеді.
Бізде суретті тек сурет деп қабылдайды. Ал шетелдікте суретке деген түсінік пен талғам бөлек. Өнер деп бағалайды. Түсінген жанға суреттің өзінің тілі бар. Мысалы, оны оңнан солға, төменнен жоғарыға қарай оқып, әлемдік фото платформада сурет жоғары бағаланады.
– Қазақстанда фотография саласының жағдайы қалай ?
– Қазақстанда фотография енді дамуда. Біздің фотогрофтар шетелде өтетін фото конкурстарға көп қатыспайды. «Халықаралық фотографтар» ұйымына біздің санаулы фотогроф мүше. Мұның бәрі саланың кенже дамуына әсер етеді.
– Әлемдік фотографияның бағыты мен бағдары туралы не дейсіз?
– Қазір портреттік жанрға қарай беталысты байқауға болады. Тұлғалар өзінің түр-сипатымен көрініп, болмыс-бітімімен танылғысы келіп, жарнама жасауды қалайды. Бұл – сұранысты арттырады.
Көптеген елде фотоны сала-салаға, жанрға бөледі. Біздің елде әмбебап түрде дамып келеді. Дегенмен суретшілеріміз бір ізділікке түсіп, жанрмен жұмыс істей бастады. Қоғамның, елдің мәдениет көрінісін көрсететін «Street» жанрындағы суреттерді кездесе бермейміз. Бұндай суреттермен бір қаланың тарихын жасап шығуға болады. Сондықтан көше суреттерін де бір ізділікке салып, дамыту керек.
– Әлемдік фотографтардан кімдерді мықты деп санайсыз? Олардың жұмысы сізге несімен ерекше?
– Әлемдік фотографияға тоқталсақ, кәсіби мамандар көп. Олар: Питер Линдберг, Энни Лейбовиц, Марио Тестино және Алексей Броуди. Барлығы өз саласының білгірі. Олар жанр мен салаға бөлінетін, суретті деталімен жеткізе алатын қабілетімен танымал.
Орта Азия елдерінің фотографтарының да жұмысы жоғары бағаланады.
– Өзіңізді суреттеріңіз қаншалықты жоғары бағалайсыз?
– Жылына 2-3 рет фотокөрме өткізіп, 100-ге жуық суретті ұсынамын. Әр фотаның тақырыбы мен идеясы бар. Қазақстанда бұрын соңды түсірілмеген ерекше тақырыптарға, салаларға және жанрларға қатысты суреттерді түсіргенді ұнатамын. Мемлекет тарапынан түскен тапсырыспен суретке түсіріп, елшілікпен де бірлесіп жұмыс істеген кезім болды.
Осы уақытқа дейін 20-ға жуық фото көрме өткіздім.
– Көрме өткізу фотогрофтың еңбегін бағалап, танымалдылығын арттыратын жоба дейсіз ғой! Жалпы көрмелерді ұйымдастыру қаншалықты қиын?
– Ия, көрме шығармашылық адамын көпке таныстыратын жоба. Көрме өткізу оңай емес. Бұл медицина мамандарының жасап жатқан еңбегін көрсету мақсатында жасалды. Қарапайым халық олардың жұмысының қаншалықты ауыр екенін, жауапкершілігі көп екенін көрсе.
2020 жылы коронавирустың өршіп тұрған кезінде Астанадағы барлық аурухананы аралап, шынайы ахуалды суретке түсірдім. Тіпті реанимация бөліміндегі науқастардың ахуалын, дәрігерлердің жұмысын сурет арқылы сөйлеттім.
Білім беру саласы бойынша Астана қаласындағы барлық мектеп пен балабақшаны аралап суретке түсіріп, көрмеге қойдық. Әр сурет тақырыптың өзектілігіне байланысты қоғамдағы ахуалды сипаттайды. Әр тақырыпты аша білу өте маңызды.
– Ал суретті ашу үшін не істеу керек? Сіздің туындыларыңыз қоғамда қалай бағаланады?
– Алдымен фотогроф суреттің идеясын терең түсінуі маңызды. Адамдар арасында суреттерімді алыстан танитындары бар. Туындыларым жоғары бағаланады және сұраныс та жоғары. Дегенмен, сұраныстың санына қарамай, жұмыстың сапасына қарай түсіргенді дұрыс деп санаймын. Сондықтан әр келген сұранысты қабылдай бермеймін. Соңғы кездері кітап пен журналдарға сұраныс жиі келеді. Мен үшін журналмен жұмыс істеген тиімді. Өйткені мұнда әр түрлі саланың адамымен танысамыз, жаңа ортамен жұмыс істейсіз. Олармен жұмыс істеу арқылы жаңа жанрламен жұмыс істеуге мүмкіндік туады.
Осы уақытқа дейін 20 кітап және 10 журналмен бірлесіп жұмыс істедім.
– Ең алғашқы жүлдеңіз есіңізде ме? Сол кезде қандай толғанысты сезіндіңіз? Сіз үшін бұл марапат несімен ерекше болды?
– 2014 жылы Астана қаласында фэшн жанры бойынша фото конкурс өтті. Бұл мен үшін ерекше бастама мен жаңалық болды. Конкурсқа 20-дан астам фотораф қатысты. Ұйымдастырушылар фотографтардың жұмысын және өздерін бір бірімен кездестірмей, әр күні біртіндеп шақырып модельдерді суретке түсірдік. Конкурс бірнеше этаптан тұрды. Әр күні түрлі тапсырма мен жұмыс тапсырды. Нәтижесінде конкурстың үздік фотографы атанып, бірінші орынды иелендім. Жеңімпаз ретінде Ресейдегі халықаралық конкурсқа қатысуға жолдама алдым. Халықаралық конкурста үздік шыққандар әлемдік деңгейдегі журналдармен бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндігі алды. Бірақ, оған қатысуға мүмкіндігім болмай, бара алмайдым.
Қазіргі таңда сайттарда әлемдік фото конкурстар жиі өтіп тұрады. Соларға өз туындымды жіберіп, суреттеріммен бөлісіп отырамын. Түрлі жобалар мен конкурстар марапаттар алдым.
– Болашақта өзіңізді қай жанрда сыңап көргіңіз келеді? Фотография саласына қандай жаңа леп жетіспейді?
– Болашақта Голливудтың кино жұлдыздарын түсіргім келеді. АҚШ-та түрлі фестиваль, конкурс пен ауқымды салтанатты кештердің суретшілерінің жеке продюсері бар. Олардың бірлесіп жұмыс істейтін көмекшісі де қасында жүреді. АҚШ киноөнері академиясының жыл сайынғы тапсырылатын «Оскар» сыйлығын марапаттай салтанатын түсіретін белгілі фотограф бар. Оның жоғары деңгейге жетуі ұжымдық істің жемесі деп білемін.
Өзімді жаңа бағытта шыңдап, фестивальдерге қатысып, қызыл кілемнің ерекше әсерін сезіне отырып, жұлдыздармен жұмыс істеуді мұрат етемін. Мұндай әлемдік шараға шақырту алу үшін де еңбек ету керек. Әлемдік журналдарға суреттерін шығып, есімін танымал болып қана қоймай, үлкен тәжірибе мен табандылық қажет. Осылай суреттерін мен туындыларынды танытып, әлемдік жұлдыздармен жұмыс істеуге болады. Болашақта жеке продюсермен де жұмыс істегім келеді.
Біздің елде фотографтар жарнама үшін жұмыс істеуге үйреніп барады. Осы себепті салалық және жанрларға аса мән бермей әмбебап болып кеткен.
Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан