Глубокоедағы қазандық биыл да салынбады

23 Қыркүйек, 16:33 477

Күз келіп, күн суытқан сайын глубокоелық тұрғындардың үміті сөнуге айналды. Аудан орталығында жаңадан салынады деген жылу қазандығы биыл да іске қосылмайтын түрі бар. Іске қосылғанды қойып, бюджеттен қомақты қаржы бөліп бастаған нысанның құрылысы қаңтарылып, өңірдегі «Жолда қалған жобалардың» қатарын толықтырды, деп хабарлайды Еl.kz тілшісі.

2021 жылы көктемде Шығыс Қазақстан облысының Глубкое кентінде жылу қазандығының құрылысы басталған. Бұл туралы сол кезде жергілікті БАҚ-тар жарыса жазып, жағымды жаңалықты жалпақ жұртқа жария еткен.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында іске асырылады делінген жобаның инвесторы ретінде түркиялық «Mimsan Endustri Kazanlari Sanayi ve Ticaret A.S.» АҚ компаниясы танылған. Бастапқыда жоба құны 4,5 млрд теңге мөлшерінде есептелген еді, кейін баға өсті. Осы соманың 40 пайызы бюджет есебінен өтелсе, 60 пайызын инвестор қалтасынан шығаруға тиіс делінген келісімшартта.

Жоба құнының 40 пайызы мемлекеттен ортақ қаржыландырылса, қалған қаражатты инвестор құяды. Осылайша, мемлекет жобаға 1,6 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын салады, ал түрік бизнесмендері 2,8 млрд. теңгеден астам инвестиция салады, – деп түсіндірген еді «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ-ның Шығыс Қазақстан облысы бойынша өңірлік директоры Нартай Бейсеков жоба алғаш қолға алынған кезде.

Жаңадан салынатын нысанның қуаты 30 Гкал/сағатқа тең болады, онда үш заманауи жылу қазаны орнатылады деп жоспарланған. Негізгі отын – көмір. Бір жылыту маусымында қазандық 15 мың тонна көмір жағады деп межеленген. Түркиялық инвесторлар жаңа қазандықта жылу энергия үнемдейтін технология көмегімен өндірілетінін айтқан. Облыс басшылығы жаңа қазандық «еуропалық стандарт бойынша жұмыс істейді» деп мақтаған сол кезде. Бұл – жағатын отын мен ауаға шығарылатын улы газдың мөлшерін әлдеқайда азайтуға мүмкіндік беретін технология.

Жоспар бойынша қазандық 2021 жылдың соңында қолданысқа берілуге тиіс болған. Түркиялық инвестор құрылысқа жергілікті SIGMASTROY компаниясын тартқан. Алайда алаулатып-жалаулатып тұсауын кескен жоба ұзаққа бармай тоқтап қалады. Жұмыстың кешеуілдеуіне шетелдік инвестор мен мердігер компания бір-бірін кінәлап, мұның соңы дауға ұласқан. Инвестор мердігерді жұмысты баяу жүргізді, уақытты созып жіберді деп айыптаса, құрылыс компаниясы оған құрал-жабдықты уақытында жеткізбеді, кешіктірді деп кінә тақты. Ақыры екі тарап сотқа жүгінді. Серіктестер соттасып жатқанда мына жақтағы қарапайым халық жаңа қазандықтың игілігін көрер күнді күте-күте сарғайды. Содан бері үш жыл өтті. Кент тұрғындары қаңқасы ғана қалқайып тұрған қазандыққа қарап, бір қозғалыс болар ма екен деген үміттің жетегінде күн кешіп жатыр.

Үшінші қабатта пешке от жағып отыр

Глубокое кентінің шетіндегі өркениеттен жырақ қалған ауданның бірі – «Киргородок». Бұрын кірпіш шығаратын зауыт болғандықтан жергілікті жұрт осылай атап кеткен. Мұнда жер үйлермен қатар екі және үш қабатты онға тарта үй бар.

©El.kz/Қуан СЕЙІТ

Герман ақсақалдың айтуынша, ертеректе бұл қалашықта бай-бағландар, басшы-қосшылар тұрыпты. Қазір ғой, кетеуі кетіп, тозып тұрғаны. Көп қабатты үйлердің төбесінен көкке шаншылған мұржалардан будақтап түтін шығып жатыр. Герман қария қыс бойы жағатын отын-көмірін қазірден қамдап алған. Үйінің екі бөлмесі кәдімгі пешпен жылыса, қалған екі бөлмесі электр пешпен жылиды.   

«Киргородокта» 1986 жылдан бері тұрамын. Бұрын мына үйлер орталықтандырылған жылу желісіне қосылған, 1998 жылғы тоқырау кезінде бәрін ажыратып, қиратып тастады. Содан бері тұрғындар алты ай қыста от жағып, тоқ пеш қосып келеді. Ай сайын тоқ пешке 40 мың теңге төлейміз, аязды күндері одан да көп шығады. Есептей беріңіз, алты айда 240 мың теңге кетеді. Ал пешке 4 тонна көмір жағамыз. Оның өзі мәшінмен жеткізіп бергені бар 80 мың теңге болады. Тоқ пештің жарасы жеңіл, жай пешке тамызық дайындап, көмір жаққанның машақатын сұрамаңыз. Біздей қарияларға өте ауыр. Неше жылдан бері айтып жүрген орталық жылу желісіне қосып берсе жақсы болар еді. Әй, қайдам бірақ, бұлардың жаны ашымайды ғой бізге, – деп кейіді жылуэнергетика саласының ардагері Герман Сергеевич.

Ақсақалдың сөзінің жаны бар. Қабырғаларының сылағы түскен, кейбірінің есік-терезесі жоқ, алқам-салқамы шыққан үйлер тым жұпыны көрінді. Бұл қалашықтың адамдары өздерін «13-ші ауданның тұрғындарымыз» деп атайды. Француз режиссеры Пьер Морельдің әйгілі «13-ші аудан» фильміндегі өркениеттен шеттеп қалған ауданның тұрғындарындай сезінетінін жасырмады.

Былтыр көктемде осында аудан басшысы келген. Ол кісі «мына жерге ақша салудың ешқандай мәнісі жоқ. Одан да жаңадан бес қабатты үй салып, бәріңізді сонда көшірген әлдеқайда оңай» деді. Тым құрығанда ағаштарды кесіп, арамшөптерді шауып тұрса деген өтініш айттым. Жаз шықса ауланы шөп басып кетеді, үйдің дәл алдына биік-биік ағаштар өскен. Аяқ алып жүру мүмкін емес. Өзімізге ағаш кесуге болмайды, ол үшін әкімдікке барып рұқсат алу керек. Бір қағаздың соңынан жүргенің салпаңдап. Ал олар мұны істегісі жоқ. Аулаға тағы бір қоқыс жәшігін қойып беруді сұрадық, қазір бірнеше тұрғын үйге жалғыз жәшік тұр. Аузы-мұрнынан шығып толып қалады лезде. Мұнда электр қуаты да әлсіз. Қыста тоқ пеш қосқанда жүктеме артып, шамның жарығы күңгірт жанады. Осындай жағдайда өмір сүріп жатырмыз, – деді «Киргородок» тұрғындары мұңын шағып.

Жоспарға сәйкес бүгінде темір қаңқасы ғана қалқайып тұрған жаңа жылу қазандығы кенттің өзге аудандарымен қатар осы «Киргородокты» да жылытуға тиіс болған. Одан бері үш жыл өтті, қозғалыс жоқ.

©El.kz/Қуан СЕЙІТ

Мынау ескі үйдің үшінші қабатында тұрамын, кәрі анам бар қолымда. Бұған дейін электр пешті қолдандық. Ай сайын 40 мың төледім. Қымбат әрине. Көмір жаққан тиімді екен, есептедім. Сол үшін биыл пеш салып алдым. Отын-көмірді қамдап, жертөлеге кіргізіп қойдым. От жаққанда шелекпен тасып отырамын. Мен жаспын ғой, бәрінен де анама қиын болатын түрі бар. Кейде жұмыста кідіріп қалғанда немесе басқа бір шаруалармен айналып қалсам анам көмірді үшінші қабатқа қалай тасып шығарады деп уайымдап жүрмін шынымды айтсам, – деді өзін Василий деп таныстырған тұрғын.

«Киргородокта» алпыс жылдан астам уақыттан бері тұрып келе жатқан Галина Ушакованы мұнда бәрі таниды әрі сыйлайды. Ол денсаулық сақтау саласында көп жыл еңбек еткен, қазір зейнеткер. Жасы сексен төртте. Екі бөлмелі пәтерде жалғыз тұрып жатыр, балалары Өскеменде.

Пәтерім тоқ пешпен жылынады. Айына 18 мың теңгеден 22 мың теңге аралығында төлеймін. Басқалармен салыстырғанда арзандау. Өйткені мен жалғыз болғандықтан қыста жатын бөлмені жауып тастаймын. Ол жаққа жылу қажет емес. Күн жылы кезде, сол сияқты қысқа толқынды пешті немесе электр шәйнек сияқты басқа да құрылғыларды қосқанда жылу батареясын өшіріп, реттеп отырамын. Электр қуатына жүктеме артып кетсе істен шығып қалады. Одан кейін оны жөндейтін электрик таппайсың, – деген зейнеткер Галина Дмитриевна бұл ауданда тұрып жатқан жастар үйіне от жағатын пеш салып алса, егде жастағы тұрғындар тоқ пеш қосып алғанын айтты.

Екеуі де арзан емес. Электр қуатына қарағанда отын-көмір арзанырақ, бірақ от жағып, күл шығарудың машақаты ауыр. Арзан дегенде де қарапайым халыққа әжептәуір салмақ. Биыл Глубокое ауданында көмірдің бір тоннасы орташа есеппен 15 мың теңге десек, тамызыққа қажетті отынның бір текшесі 18 мың теңгенің үстінде. Оған 20-30 мың теңге мөлшерінде шығатын отын-көмірді жеткізу ақысын қосыңыз.

Үш жыл бұрын жаңа қазандық салынып бастағанда бәріміз қуандық. Аудан басшылығы бұл қазандыққа кенттегі орталықтандырылған жылу желісі тартылмаған аудандар қосылады деді. Оның ішінде біз тұрып жатқан «Киргородок» та бар еді. Енді міне қазандыққа қосқанды қойып, оның өзі салынып біткен жоқ. Басын бастады, аяқсыз қалды, – деді Азамат Оразғалиұлы.

Ескіні жөндегеннің есі шығады

Халқының саны 10 мыңнан асатын Глубокое кентінде қазір 1939 жылы салынған жылу қазандығы жұмыс істеп тұр. Аудан орталығындағы халық саны өсіп, кәсіпорындар ашылып, өндіріс дамыған сайын көне қазандықтың қуаты жетпейтіні түсінікті. Аудан әкімдігінің хабарлауынша, ескі жылу орталығын жөндеуге 2022 жылы 143 млн теңге, 2023 жылы 150 млн теңге жұмсалған. Бірақ қанша жерден жамап-жасқағанмен ескінің аты ескі, жылдан-жылға тоза береді. Сондықтан олардың энергия үнемдеу мүмкіндігі төмен әрі улы газбен қоршаған ортаны ластауы жоғары. Мұны экологтар да, аудан басшылығы да мойындап отыр. Бұдан бөлек қыстың көзі қырауда аяз қысқанда ара-тұра істен шығып қалатын кезі де болады. Былтыр осындай бір-екі жағдай болған. Айталық, 2023 жылдың наурыз және желтоқсан айларында кенттегі жылу қазандығы екі рет бұзылып, аудан орталығының халқы бір тәуліктей жылусыз қалған еді. Жауапты орындар ақауды жөндеп, апаттың салдарын дереу жойғанмен көп қабатты үйлерде температура төмендеп, адамдар шағымданған. Кенттегі жылу мәселесі туралы бұрын Глубокое ауданы әкімінің орынбасары болған, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында тәжірибесі мол Серік Жұмаділовтен сұраған едік.

Осыдан 10 жыл бұрын Глубокоеға жаңа қазандық қажет деп айтқан едім. Қашанғы дотацияда отыра беруге болады? Бұл тығырықтан шығудың бір жолы – жылу орталығын салу. Сол үшін «Восток-котлы» мамандарымен бірлесіп қажетті қазандықтың маркасын және оны орнататын жерді нақтылаған едік. Елді мекеннің болашақта дамитынын, жылу тұтынушылар саны артатынын ескере отырып жобалаған жаңа қазандық шамамен 5-6 жылда өзін-өзі ақтауға тиіс болған. Сол кездегі құны мөлшермен 1,5 млрд теңгеге шықты. Ал мынау құрылысы басталып, жол ортада қалған қазандық кенттің жылумен қамту мәселесін түбегейлі шешпейді. Өйткені оның максималды қуаты – 30 Гкал/ сағат. Ал бұдан сегіз жыл бұрын кент 23 Гкал/сағ жылу тұтынатын, қазір одан көп болу керек. Жаңадан қаншама нысандар, үйлер салынды. Сондай-ақ жылумен қамтудың техникалық талаптарына сәйкес жылу орталығында бір қазан үнемі резервте тұруы керек. Апат болса іске қосу үшін. Демек жаңадан салынады деген орталықтағы үш қазанның бірі резервте болса, қалған екеуі 20 Гкал/сағ жылу өндіреді. Бұл жеткіліксіз, – деп түсіндірді Серік Жұмаділов.

Сонымен қатар Серік Сапарұлы қатты аяз болса қазіргі қолданыстағы ескі қазандық істен шығып қалуы мүмкін екенін айтты. Өйткені тозығы жеткен жылу орталығына күрделі жөндеу жүргізу керек. Ол үшін қомақты қаражат қажет. Тәжірибелі маманның айтуынша, бір жылу қазанын күрделі жөндеуден өткізуге 350 млн теңге қажет екен.

©El.kz/Қуан СЕЙІТ

Шығыс Қазақстан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының жергілікті бұқаралық ақпарат құралына берген ақпаратына жүгінсек, биыл Глубокоедағы ескі қазандықты жөндеуге 337,9 млн теңге бөлініпті. Мердігер компания жөндеу жұмыстарын алдағы қазан айында аяқтамақ.

Бүгінгі таңда Глубокое кентіндегі сумен және жылумен қамту желілерінің 90 пайызы ескірген. Бұл туралы Аудан әкімі Эльдар Тұмашинов баспасөз мәслихатында мәлім еткен

2022 жылы біз №3 және №5 қазандықты жөндедік. Оған 143 млн теңге жұмсалды. Соның арқасында осы жылыту маусымын қиындықсыз өткіздік, тек бір апатты жағдай болды, ол кезде бір жарым күн үйлерге жылу берілмеді. Алайда жедел әрекет етіп, олқылықты тез жойдық. Аудан орталығындағы сумен және жылумен қамту желілері әбден ескірген. Енді осы желілерді жаңартуды қолға алып жатырмыз, – деген еді аудан әкімі.

Оның айтуынша, биыл жазда кентте жалпы ұзындығы 10,3 км болатын кварталішілік жылу желілерін жаңарту басталған. Оған 3,8 млрд теңге бөлінген. Желіні жаңарту жұмысы аяқталуға жақын...

Бюджетке 1,6 млрд шығын әкелген жаңа қазандық биыл да іске қосылмайтын сияқты. Құрылысы қаңтарылып тұрса қайдан қосылсын. Ал қалқайтып қаңқасын тұрғызып қойған қазандықтың айналасында қыруар қаржыға сатып алынған құрал-жабдықтар ашық аспан астында шашылып жатыр.

Конкурстық рәсімдерді өткіздік. Жобаны аяқтауға жергілікті компания ықылас танытып отыр. Олардың өтініші мақұлданды. Қазір жобаның құжаттары облыстық әкімдікте қаралып жатыр. Бұл жоба аяқсыз қалмайды, оны аяқтаудың жолдарын қарастырып жатырмыз,– деп жауап берді аудан әкімі Эльдар Тұмашинов.

Кент тұрғындары үмітін үкілеумен тағы бір жазды өткізді. Күн суытқан сайын алаң көңіл ағайын алдағы қыстан аман-есен шықсақ екен деген тілекпен өмір сүруде. Өйткені олар алты айға созылатын Алтайдын қысы қалай қысатынын жақсы біледі.

Қуан Сейіт
Бөлісу: