Мегаполисте өмір сүріп, гипертонияның алғашқы белгілерін байқамай қалу оңай. Басың айналып, санаң тұманданса, оны әдетте шаршау мен күйзеліске жаба саламыз. Демалып, дәрігерге барудың орнына мазасыздықты фастфудпен «емдеп», ұйқыны энергетикпен алмастырамыз. Ендеше гипертония неліктен жасарып барады және қан қысымын қалай қалпына келтіруге болады, бүгін осы сауалдарға жауап іздеп көреміз, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Көп жағдайда жастардағы гипертония шаршау немесе стресс секілді көрінуі мүмкін. Басың ауырып, құлағыңда шуыл естіліп, көзіңнің алдында «шыбындар» ұшып, аз ғана қозғалыстан жүрегің қатты соғып немесе бірнеше қабатқа көтерілгенде ентігіп қалсаң, бұл жай ғана ұйқының аздығы немесе артық кофенің салдары емес. Мұндай белгілер қайталанса, оны елеусіз қалдыру тіпті қауіпті.
Тамақтану да маңызды рөл атқарады: фастфуд, чипсы мен тұзды соустар ағзаны натриймен толтырып, сұйықтықты ұстап қалады, соның салдарынан қысым жоғарылайды. Мұндай тағамдармен қатар жүретін артық салмақ та жүрекке қосымша жүктеме түсіреді. Егер ата-анаңызда гипертония болса, онда тұқым қуалау арқылы ол сізге де берілуі әбден мүмкін. Бұған қоса, темекі (оның ішінде вейп те) мен алкоголь қан тамырларын зақымдап, жағдайды одан әрі ушықтырады.
Басыңның ауырлауы, құлағыңдағы шу, көз алдыңдағы «шыбындар», аз қозғалыстан жүректің дүрсілі мен ентікпе – мұның бәрін шаршау деп жылы жауып қоюға болмайды. Әсіресе мұндай жағдайлар жиі қайталанса, онда мәселе тереңірек болуы мүмкін.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әдетте жастардың басым көпшілігінде гипертония анық байқала бермейді, қан тамырлары мен жүрекке зақым келгенде ғана анықталады. Қалыпты қысым – 120/80 мм сын. бағ. шамасында. 140/90 және одан жоғары көрсеткіш – гипертония белгісі.
Қысымды таңертең және кешке, тыныш күйде, дұрыс тағылған манжетпен өлшеген жөн. Бір апта бойы көрсеткіштерді жазып жүрсеңіз, дәрігерге нақты картинаны көрсетуге көмектеседі. Кейде «ақ халат синдромы» болады – қысым тек дәрігердің қабылдауында көтеріледі.
Егер бір апта бойы қысым үнемі жоғары болса, терапевт немесе кардиологқа барған дұрыс. Дәрігер қан талдауы (глюкоза, холестерин, липид профилі) мен бүйрек тексерісін тағайындап, себебін анықтайды.
Кей жағдайларда өмір салтын өзгерту жеткілікті: ұйқыны реттеу, дұрыс тамақтану және күнделікті қозғалысты арттыру. Ал кейбіріне арнайы дәрілер – АПФ тежегіштері, кальций антагонистері немесе диуретиктер қажет. Бірақ оларды тек дәрігердің нұсқауымен қабылдау керек.
Егер гипертонияның себебі ұйқы апноэсы немесе гормондық бұзылыс болса, маман тиісті дәрігерге жібереді. Ең бастысы, емді мейлінше ертерек бастау. Бұл жүрек пен тамырларға түсетін салмақты азайтып, ұзақ әрі сапалы өмір сүруге мүмкіндік береді.
Қан қысымы жоғары болса да, өз жағдайыңды жақсартып, қалыпты өмірге оралу мүмкін екенін ұмытпаңыз. Ол үшін:
Ұйқыны қалыпқа келтіріңіз. Күніне 7-9 сағат тынығу – ең жақсы дәрі. Кофе мен энергетиктер ұйқыны алмастыра алмайды.
Тұз бен фастфудты азайтыңыз. Қуырылған тағам, чипсы, колбаса мен тұзды тұздықтар орнына көкөніс, жеміс, жаңғақ жеген пайдалы. Калий мен магний қан тамырларын нығайтады.
Стресті бақылаңыз. Үнемі күйзеліс кезінде тамырлар жиырылады, жүрек жиі соғады, ал қысым тұрақты түрде жоғарылайды.
Қозғалыс қосыңыз. Жаяу жүру, йога немесе жүзу қысымды төмендетуге көмектеседі.
Зиянды әдеттерден бас тартыңыз. Темекі мен алкоголь – гипертонияның сенімді серігі.
Бұл қарапайым қадамдар гипертониямен ауыратындарға ғана емес, жалпы жүрек саулығын сақтағысы келетін кез келген адамға пайдалы.