Жаңалықтар

Гештальтті жабу міндетті емес: психолог трендке айналған ұғымды түсіндірді

04.06.2026 14:15
Көктем Қарқын
Фото: коллаж AI / El.kz

Бүгінде әлеуметтік желіде дәмді тамақ жесе де, көптен бергі затын сатып алса да «гештальтымды жаптым» дейтіндер көбейді. Алайда гештальт – жай ғана орындалған тілек емес. Бұл – адамның санасында аяқталмай қалған эмоция немесе тәжірибе. Психология ғылымдарының докторы Балабек Сақтағанов трендке айналған ұғымның шынайы мәнін түсіндірді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Гештальт деген не?

«Гештальт» сөзі неміс тілінен аударғанда «тұтас бейне», «пішін», «құрылым» деген мағынаны білдіреді. Бұл бағыт ХХ ғасырдың басында неміс ғалымдары Макс Вертгеймер, Курт Коффка және Вольфганг Кёлер еңбектерінің негізінде қалыптасты.

Гештальт – психология ғылымының бір саласы. ХХ ғасырдың басында гешталь психологиясын неміс ғалымдары ұсынды. Бұл жердегі негізгі категория – кескін мен бейне. Мысалы, форма біздің күнделікті өміріміз. Таңертең тұрамыз, жұмысқа барамыз. Осы әрекетіміз 70-80 жылға жалғасады. Ал пішін біз күнделікті кездесетін ситуациялар. Гештальт психологиясы адамның өмірдегі тәжірибесін тұтастай қарастырады, – дейді психология ғылымдарының докторы.

Балабек Сақтағановтың айтуынша, біз күнде бір эмоциямен жүрмейміз. Бір нәрсеге көңіліміз толмса, енді біріне қолымыз жетпейді. Осының барлығы адамның гештальті. Кейде аяқталмай қалған әңгіме, жүзеге аспаған жоспарларымыз да гештальтқа жатады. Мектепте оқып жүргенде мүлдем басқа мамандықты армандап, кейін басқа салаға кету де гештальт.

Фото: ЖИ

Жабылмаған гештальтқа не жатады?

Психологияда аяқталмаған іс, айтылмаған сөз, шешілмеген мәселе немесе өңделмеген эмоция адамның санасында сақталып қалады. Мұны кейде «ашық гештальт» деп атайды.

Мысалы:

Мұндай тәжірибелер адамға байқалмай әсер етіп, мазасыздық, өкініш немесе ішкі шиеленіс тудыруы мүмкін.

Қазір гештальт сөзі жиі қолданылады. Себебі танымал психологиялық терминге айналды. Әлеуметтік желіде, поткастарда, БАҚ-та «гештальтті жабу керек» деген сөз жиі айтылып жүр. Біздің қоғам бұл сөзді термин ретінде емес, ауыз екі сөйлеуде қолданылатын сөз ретінде қабылдайды. Адамдар өміріндегі жүзеге аспаған жоспарларын, балалық травмаларын «жабылмаған гештальт» деген терминге ауыстырды, – дейді психолог.

«Бүгінгі сәтпен өмір сүру керек»

Гештальтты жабу – аяқталмаған психологиялық тәжірибені саналы түрде аяқтау процесі.

Бұл міндетті түрде нақты әрекет жасау деген сөз емес. Кейде адам өткен жағдайды түсініп, қабылдап, эмоцияларын өңдеу арқылы да ішкі нүкте қоя алады.

Гештальтті жабу міндетті емес. Қазір 30-40 жастағы адамдар бала кезіндегі армандарын «гештальт жабу» деп орындап жүр. Бұлай жалғаса берсе, адамдардың өмірінің мәні қалмайды. Өткен шақтағы травмаларды еске алғанда адам бойында күйзеліс, реніш сезімдері қайта оянады. Біздің психикамызға ауыр тиеді. Бұл травманы жабамын деп жүгірудің қажеті жоқ, – дейді Балабек Сақтағанов.

Психологтардың айтуынша, мәселенің өзі емес, оған қатысты эмоцияның аяқталмай қалуы адамға көбірек әсер етеді.

Мысалы, көп жағдайда балалар есейгеннен кейін ата-анасына хабарласпай, көңіл бөлмей кетеді. Кейін әке-шешесі қайтыс болады. Ал бұл өкінішті ешкім гештальт ретінде жаба алмайды. Сол үшін мүмкіндігі келгенше қазіргі сәтпен өмір сүру керек. Барлық травманы гешталтқа артып, фанатизмге салынудың қажеті жоқ. Тұлға бүгінгі сәтпен өмір сүреді. Өзін-өзі жоғары бағалайды, – дейді Балабек Сақтағанов.

Фото: neurosciencenews

Гештальттің соңына түсу – қауіпті

Психологтардың пікірінше, адамның өмірінде толық шешілмейтін немесе қайта қалпына келмейтін жағдайлар болады. Сондықтан гештальтты жабу өткенді өзгерту емес, сол тәжірибені қабылдап, онымен өмір сүруді үйрену дегенді білдіреді.

Көп адам бала махаббатыммен сөйлесіп, гештальтімді жапсам деп ойлайды. Бірақ бұл әрекетті орындаса да адамның гештальті жабылмайды. Себебі ол жерде басқа әңгімелер айтылуы мүмкін. Бір адаммен сөйлесіп гештальтімді жаптым деу ғылыми түсінікке де келмейді. Сондықтан гештальттің соңына түсу тұлғаның қызметіне, қазіргі армандарына кедергі болады. Болған оқиға болды. Оны қайтарамын деу ақымақтық. Ал өкінішті еске түсіру травма үстіне травма жамайды, – дейді психология ғылымдарының докторы Балабек Сақтағанов.

Кейде адам нақты әрекет жасамай-ақ, жағдайға басқа көзқараспен қарап, ішкі тыныштық таба алады. Ал терең психологиялық жарақаттар болған жағдайда маман көмегіне жүгінген дұрыс.

Оқи отырыңыз