Германияда Еуропадағы ең ірі есептеу орталықтарының бірі іске қосылды. Мюнхенде ашылған жаңа Industrial AI Cloud жобасы жасанды интеллектіні өндірістік деңгейде қолдануға бағытталған және Еуроодақтың шетелдік цифрлық сервистерге тәуелділігін азайтуды көздейді.
Жобаны Deutsche Telekom компаниясы NVIDIA және деректер орталықтарының операторы Polarise-пен бірлесіп іске асырды. Сарапшылар бұл бастаманы Еуропадағы алғашқы толыққанды «жасанды интеллект фабрикаларының» бірі деп бағалап отыр.
Есептеу кешенінде NVIDIA Blackwell архитектурасына негізделген шамамен 10 мың графикалық процессор орнатылған. Орталықтың жалпы есептеу қуаты 0,5 эксафлопсқа жетеді. Deutsche Telekom дерегінше, мұндай инфрақұрылым жүздеген миллион пайдаланушыға бір мезетте ІІ-сервистермен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Инфрақұрылым ірі компанияларға, стартаптарға, ғылыми ұйымдар мен мемлекеттік құрылымдарға арналған. Маңыздысы - барлық деректер Германия аумағында өңделіп, сол жерде сақталады. Жоба Еуроодақтың деректерді қорғау жөніндегі қатаң талаптарына толық сәйкес келеді. Бұл шарт орталықты іске қосудағы негізгі талаптардың бірі болған.
Жаңа есептеу қуаты қазірдің өзінде нақты өндірістік міндеттерде қолданылып жатыр. Мәселен, Siemens компаниясы өз цифрлық модельдеу және инженерлік жүйелерін осы орталыққа қосты. Компания өкілдерінің айтуынша, бұл күрделі техникалық есептеулерді жүргізу уақытын айтарлықтай қысқартқан. Қазіргі таңда есептеу орталығын шамамен онға жуық ұйым пайдаланып отыр.
Экология мәселесіне де ерекше көңіл бөлінген. Орталық толықтай жаңартылатын энергия көздерімен жұмыс істейді. Салқындату үшін өзен суы қолданылады, ал серверлерден бөлінетін артық жылуды Мюнхеннің жақын аудандарын жылыту жүйесіне беру жоспарланып отыр.
Осылайша, Мюнхенде іске қосылған Industrial AI Cloud жобасы Еуропаның цифрлық тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған стратегиялық қадамға айналып отыр әрі жасанды интеллектіні нақты өндіріс пен ғылымға бейімдеудің жаңа кезеңін бастады.
Еуропа ұзақ уақыт бойы бұлтты сервистер мен жасанды интеллект инфрақұрылымы бойынша шетелдік ойыншыларға тәуелді болып келді. Бүгінде еуропалық бұлтты есептеулер нарығының шамамен 70%-ын америкалық алпауыттар - Amazon Web Services, Microsoft Azure және Google Cloud бақылауда ұстап отыр.
Бұл тәуелділік тек жеке бизнеске ғана емес, мемлекеттік органдарға, қаржы секторына және стратегиялық салаларға да тікелей әсер етеді. Еуропалық реттеушілердің пікірінше, деректерді шетелдік бұлттарда сақтау технологиялық және киберқауіпсіздік тұрғысынан тәуекел тудырады. Ең бастысы - бұл жағдай критикалық деректерді басқару тетіктерін ЕО-дан тыс юрисдикцияларға байлап қояды.
Егер Еуроодақ елдері осындай есептеу инфрақұрылымын дамытуды жеделдетпесе, технологиялық жарыста артта қалу қаупі бар. Бұл фактор жалпыеуропалық деңгейде дата-орталықтар мен есептеу кластерлеріне инвестицияны арттырып, ЕО ішіндегі технологиялық хаб ретіндегі бәсекені күшейтуі мүмкін.
Сонымен қатар, америкалық платформалар еуропалық компаниялар мен мемлекеттік құрылымдар үшін «әдепкі таңдау» болудан қалуы ықтимал. Деректердің, модельдердің және сервистердің бір бөлігі ЕО ішінде сақтала бастайды - суверенитет пен реттеу талаптары соған итермелейді.
Бұл өз кезегінде АҚШ платформаларының Еуропадағы нарық үлесін қысқартып, олардың өнімдерін масштабтауды баяулатуы мүмкін. Нәтижесінде, америкалық компаниялар инфрақұрылымды локализациялауға немесе еуропалық серіктестер арқылы, олардың шарттарымен жұмыс істеуге мәжбүр болады.