18.08.2025
09:20
4205
Германияда қазақтың қымызын өндіріп отырған фермер

Германияда қазақтың қымызын өндіріп отырған фермер

Германияның Мюльбен қаласындағы шағын фермада қазақтың ежелгі қымызы 66 жылдан бері үздіксіз өндіріліп келеді. Бұл істің бастауында екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қазақстанда саумалдың шипасымен айыққан неміс азаматы Рудольф Штурх пен оның күйеу баласы Ганс Цольман тұр.

Бүгінде олардың патенттелген технологиясы Еуропадағы қымыз өндірісінің символына айналып, денсаулығына табиғи ем іздеген тұтынушылардың таңдаулы сусынына айналған.  El.kz интернет порталының тілшісі германиялық кәсіпкер Ганс Цольманмен тілдесіп сұхбат алған еді.

Ганс Цольман – кәсіпкер, фермер, Германиядағы бие сүтін өндіруші. 1975 жылы ол қайын атасы доктор Рудольф Штурхпен бірге бие сүтін ашытудың өзіндік технологиясына патент алып, қымыз өндірісін жолға қойған.

Қымыз өндірісін Еуропада алғаш бастаған

Оның айтуынша, қымыз өндірісін Еуропада алғаш бастаған адам – оның қайын атасы. Доктор Рудольф Штурх – қымыз өндірісін Германияға алғаш әкелген адамдардың бірі.

Неміс азаматы Штурх екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тұтқынға түсіп, Қазақстанға жеткізіледі. Лагерьде ауыр түрдегі өкпе ауруына шалдығып, «жазылмайды» деген үкіммен лагерден босатылады. Дәл осы сәтте бір қазақ отбасы оған қамқор болып, саумал мен қымыз арқылы күтім жасайды.

Ол кезде дәрі-дәрмек тапшылығынан көптеген ауруларды табиғи жолмен емдеген. Үздіксіз саумал ішкен Рудольф көп уақыт өтпей сауығып, 1959 жылы Германияға оралады. Еліне келген соң, ол қымыздың емдік қасиеттерін насихаттай бастайды. Қазақстандағы тәжірибесін негізге алып, өз фермасында жылқы ұстап, бие сауу және қымыз өндіру ісін жолға қояды. 1975 жылы күйеу баласы Ганс Цольманмен бірлесіп, бие сүтін ашытудың ерекше технологиясына патент алып, Германиядағы қымыз өндірісін жаңа деңгейге көтереді. Осы кәсіпорын бүгінге дейін үздіксіз жұмыс істеп, 66 жылдық тарихқа ие болды.

Бүгінде Германияда қымызға деген сұраныс бар, әсіресе денсаулығына пайдалы табиғи өнім іздейтін белгілі бір тұтынушылар тобы арасында кеңінен қолданылады. Ағзада белгілі бір аурулары бар адамдар қымызды емдік сусын ретінде тұтынады. Неміс қымызы қазақ даласындағы қымыздан дәмі жағынан өзгеше, қазақи қымызға қарағанда нейтралдылау және қышқылдығы жеңілдеу, ал өңдеу процесінде сусынның ішінде бөлшектердің қалмауы қатаң қадағаланады. Сол себепті өндірісте сүзу процесі мұқият жүргізіледі.

1976 жыл – Мюльбен қаласында қайын атасы, доктор Рудольф Штурх пен бірлесіп 20 жылқыдан тұратын шағын ферма құрылысына кірісті.

1980 жылдары Ганс Цольман әйелімен бірге қайын атасынан ферманы толықтай қабылдап алып, бүгінде оның жұмысын жалғастыруда. 1990 жылы алғаш рет сублимацияланған құрғақ бие сүтін өндіруді жүзеге асырды.

Қазіргі таңда басқару тізгінін қызына тапсырғанымен, өзі де өндірісте белсенді еңбек етіп, Zollmann Stutenmilch GmbH компаниясының негізін қалаушы ретінде жұмысын жалғастырып келеді.

Бүгінде Ганс Цольманның төрт қызының үшеуі өмірін ферма жұмысымен байланыстырған. Олар кәсіпті бірге жүргізіп қана қоймай, қымыздың қасиеттері туралы ғылыми еңбектер де жазған.

Немістер қымызды қалай қабылдайды?

Менің қайын атам, Рудольф Штурх Қазақстанда бие сауу мен қымыз жасауды үйреніп, бұл дәстүрді Германияға алып келген. Елге оралған соң, 1959 жылы бие сүтін сауу мен қымыз өндіру үдерісін бастады. Содан бері біздің кәсіпорын 66 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді. Алдағы уақытта да табысты еңбек етуге үміттіміз, – дейді Цольман.

Ганс Цольманның айтуынша, қымыз Германияда белгілі бір тұтынушы тобы арасында сұранысқа ие.

Бұл сусынды көбіне денсаулығына пайдалы, табиғи өнім іздейтін адамдар ішеді. Әсіресе, денсаулығында мәселесі бар жандар қымызды тұрақты тұтынады, – дейді  Цольман.

Дегенмен, Еуропадағы қымыздың дәмі қазақы қымыздан өзгеше. Немістер май мөлшері төмен, құрамында қалқып жүрген бөлшектері жоқ, дәмі бейтарап қымызды қалайды.

Біз өндірген қымыз қышқылдау болып келеді. Бұл – еуропалық тұтынушы талғамына бейімделген өнім. Қазақы қымызға ұқсамаса да, табиғи әрі пайдалы қасиетін сақтап қаламыз, – дейді ол.

Патент жайлы әңгіме

Соңғы жылдары Германияда қымыз өндірісіне патент алу тақырыбы жиі талқылануда. Көпшілік бұл патент «қымыз біздікі» деген түсінік туғызады деп алаңдайды. Алайда Ганс Цольман бұл патент тек өндіріс технологиясына қатысты екенін айтады.

El.kz

Кез келген кәсіпкер, әр адам қымыз өндіре алады. Біз Қазақстанда қымыз өндірісіне ешқандай кедергі келтірмейміз, – дейді Ганс Цольман.

Оның айтуынша, Германияда қымыз қолжетімді саналғанымен, бағасы Қазақстанмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Бір литр қымыздың құны шамамен 15 еуро. Алайда немістер үшін қымыз күнделікті тағам мәзіріне кірмейді.

Бұл сусынды тек денсаулығына оң әсерін сезінген, белгілі бір аурудан кейін сауығып жүрген адамдар тұрақты түрде ішеді. Сол себептен олар қымыздың өте пайдалы, шипалы сусын екенін жақсы біледі, – дейді кәсіпкер.

Өндіріс көлемі туралы сұраққа Ганс Цольман ай сайын және жылына қанша қымыз сататынын нақты атамады, бірақ өнім Германиядағы тұрақты тұтынушыларға жеткізіліп отыратынын айтты.

Қымыз ұнтақ түрінде де өндіріледі

Ганс Цольманның айтуынша, Германиядағы фермасында қымыз бірнеше формада шығарылады. Ұнтақ, капсула, бөтелкеге құйылған сұйық сусын, саумал түрінде, сондай-ақ мұздатылған күйде сатылып, пошта арқылы да жеткізіледі.

Біз баяғыдан бері қымызды ұнтақ түрінде өндіреміз. Бірақ тек ұнтақ емес, әртүрлі формалары бар. Капсула түрінде де сатылады, сұйық қымыз бөтелкелерге құйылып ұсынылады. Саумал ретінде де алып кетуге болады, мұздатқышқа салып, кейін пошта арқылы жібереміз, – дейді кәсіпкер.

Фермада бар-жоғы 10 адам жұмыс істейді, олардың арасында Ганс Цольманның отбасы мүшелері де бар. Қазақ қызметкерлері жоқ екенін айтады. Десе де, Германияда оқып жүрген немесе уақытша тұрып жатқан қазақстандықтар қымызды сағынып, жиі қонаққа келіп тұратынын жеткізді.

Біздің тұрақты қонақтарымыздың қатарында Қазақстан Республикасының Германиядағы елшілігінің өкілдері де бар. Қазақстаннан көшіп кеткен көптеген немістер қымызды рахаттанып ішеді. Өйткені бір рет дәмін татқаннан кейін, тіпті Германияда тұрса да, қымызға деген қызығушылықтары жоғалмайды, – дейді Ганс Цольман.

Батыс Еуропадағы қымыздың дәмі қазақ даласында дайындалатын қымыздан өзгеше болғанымен, ол өзінің пайдалы қасиеттерімен және табиғилығымен бағаланады. Патенттелген технология бүгінде Германиядағы қымыз өндірісінің басты артықшылықтарының бірі саналады.