13.04.2026
10:10
130

Германия футболында жаңа кезең: әйел бапкер ерлер клубын тізгіндеді

Берлиннің «Унион Берлин» клубы тарихи шешім қабылдап, бас бапкер қызметіне Мари-Луиза Эта тағайындалғанын ресми түрде жариялады. Осылайша 34 жастағы маман Бундеслига тарихында ерлер командасын басқарған алғашқы әйел бапкер атанды.

Бұл тағайындау Штеффен Баумгарт қызметінен кеткеннен кейін жүзеге асты. Маусымның екінші бөлігінде команданың нәтижелері күрт нашарлап, ұжым Heidenheim клубынан 1:3 есебімен жеңілген соң басшылық бас бапкерді қызметінен алу туралы шешім қабылдаған. Қазіргі таңда «Унион» турнирлік кестеде плей-офф аймағынан небәрі жеті ұпай жоғары тұр.

Жаңа бапкер маусым соңына дейін команданы элиталық дивизионда сақтап қалу міндетін арқалайды.

Клубтың осындай жауапты сәтте маған сенім артқанына қуаныштымын. «Унионның» басты күші – қиын кезеңде біріге білуінде, – деді Мари-Луиза Эта.

Эта бұған дейін клубтың U19 жасқа дейінгі құрамын жаттықтырған, сондай-ақ негізгі команданың бапкерлер штабында жұмыс істеген. Ал бастапқы жоспар бойынша жазда әйелдер командасын басқаруы тиіс еді.

Мари-Луиза Эта – кәсіби футболда да өзін дәлелдеген тұлға. Ол кезінде Turbine Potsdam сапында өнер көрсетіп, Германия чемпионы атанып, Чемпиондар лигасын жеңіп алған. Сондай-ақ Германияның түрлі жастағы жастар құрамаларында ойнаған.

Айта кетейік, бұған дейін әйел бапкерлер ерлер командаларын негізінен төменгі лигаларда жаттықтырған. Ал Еуропаның ТОП-5 чемпионаттары (Англия, Испания, Германия, Италия, Франция) арасында мұндай жағдай алғаш рет тіркеліп отыр.