17.09.2025
14:03
4266
Германия Бундестагында жұмыс істейтін қазақтың қаршадай қызы

Германия Бундестагында жұмыс істейтін қазақтың қаршадай қызы

Қазақтың қаршадай қызы Германия парламентінде жұмыс істейтінін білесіз бе? Шымкентте дүниеге келген Сымбат Серікова бүгінде Бундестаг қабырғасындағы саяси сахнаның қақ ортасында еңбек етіп жүр. Сымбат – бұрынғы канцлер Ангела Меркель жетекшілік еткен фракцияда тәжірибе жинақтап, өз саласында білікті маман ретінде танылып келеді. Дәл осы Сымбат El.kz интернет порталының тілшісіне эксклюзивті сұхбат беріп, әйелдер мен жастардың саясаттағы үлесі мен орны жайлы ойын ортаға салды.

– Сымбат, Германия Бундестагындағы қызмет жолыңыз қалай басталды? Дәл осы бағытты таңдауыңызға не түрткі болды?

­– Менің Бундестагқа келу жолым халықаралық IPS бағдарламасынан басталды. Бұл – беделді шәкіртақы, сол арқылы сен алты ай бойы Германия парламентінде неміс депутатының тобында жұмыс істеуге мүмкіндік аласың. Бағдарлама тұрмыс шығындарын, сақтандыруды қамтып, ең бастысы – Германияның саясат жүйесінің «асханасын» көруге жол ашады. Тәжірибе барысында жобаларға бар күшімді салдым, әріптестерім де мұны байқады. Ал бағдарлама соңына қарай бір әріптесім маған ХДС/ХСС фракциясындағы бос орынға құжат тапсырып көруімді ұсынды. Өзім бірге жұмыс істеген депутат та қолдау білдіріп, «міндетті түрде байқап көр» деді. Әрине, ол кісінің сөзі мені жігерлендірді, өйткені бастапқыда қорқыныш болған. Сол кісілердің арқасында тәуекеге бардым. Сөйтіп осы жерде қалдым, әйтпесе бастапқыдай бұл туралы ойламаған да екенмін.

Сымбат Серікованың жеке мұрағатынан

– Саясат пен мемлекеттік қызметке қызығушылығыңыз қашан оянды?

Бұл қызығушылық менің студенттік шағымда қалыптасты. Қоғамға әсер ететін шешімдердің қалай қабылданатынын түсінгім келетін. Сол себепті «халықаралық қатынастар» мамандығын таңдадым. Әртүрлі жобаларға қатыстым, тәжірибелерден өттім, ЮНИСЕФ-те, АҚШ Бас консулдығында және квазимемлекеттік секторда еңбек еттім.

Сымбат Серікованың жеке мұрағатынан

Бірақ кез келген салада өзіне тән қиындық болатыны анық. Сіз сол сынақ кезеңдерінен қалай сүрінбей өттіңіз?

Мен үшін ең үлкен қиындық – тіл мәселесі. Иә, мен неміс мектебінде, кейін университетінде оқыдым, бірақ парламенттегі тіл мүлде бөлек екен: заңнамалық сөйлем құрылымдары, саяси терминология... Алғашқы айларда өте қиын болды, тіпті бойымда «лайық емеспін бе» деген күдік пайда болды. Бірақ осы жерде ерекше қолдау білдірген әріптестеріме алғысымды жеткізгім келеді, себебі олар неміс тілі менің туған тілім еместігін түсінді және барынша көмектесті. Өзім де аянып қалмадым, қатаң тәртіп пен тынымсыз еңбектің арқасында біртіндеп бейімделдім: күн сайын түрлі кітап оқып, неміс тілді әріптестермен сөйлесіп, деңгейімді арттыруға тырыстым.

– Германия парламентінде қандай құндылықтар мен қағидаттарға ерекше мән беріледі?

Ең алдымен ашықтық пен жауапкершілікке басымдық беріледі. Барлық үдерістер ашық, ал адамдар қандай шешімнің не үшін қабылданып жатқанын білуі тиіс. Екінші – теңдік пен инклюзивтілік. Мұнда әйелдердің, жастардың және әртүрлі әлеуметтік топтардың рөліне ерекше назар аударылады. Әрине, кәсібилік те басты талап.

– Шетел азаматы үшін Германия парламентінде жұмыс істеу қаншалықты қиын?

­– Әрине, оңай емес, бірақ мүмкін. Мұнда мәдениет бөлек, тіл бөлек, стандарттар жоғары. Үнемі оқуға, бейімделуге дайын болуың керек. Бірақ мұнда шетелдіктерге құрметпен қарайды. Әріптестерің өзгеше көзқарас пен мәдени тәжірибе әкеле алатыныңды бағалайды. Мен мұны артықшылық деп білемін.

Сымбат Серікованың жеке мұрағатынан

Қателеспесем, сіз кезінде Ангела Меркель жетекшілік еткен фракцияда жұмыс істейсіз. Әйелдердің саясаттағы рөлі туралы ойыңыз қандай?

Иә, мен ХДС/ХСС фракциясында жұмыс істеймін – мұнда кезінде Ангела Меркель де, қазіргі канцлер Фридрих Мерц те еңбек етті. Германия ­– әйелдердің саясаттағы жетекші орнын қалыпты жағдай деп қабылдайтын елдердің бірі. Әрине, жетілдіретін тұстар бар, бірақ Қазақстанмен салыстырғанда айырмашылық айқын. Өз басым жас қыздарға олардың да өз орны, дауысы бар екенін көрсету өте маңызды деп ойлаймын.

– Саяси мәдениетте немесе жұмыс тәсілдерінде қандай айырмашылық байқадыңыз?

Ең басты айырмашылық – қоғамның саясатқа қатысу деңгейі. Германияда адамдар бала кезінен бастап отбасында, мектепте, университетте саясатты талқылайды. Әркімнің өз көзқарасы бар, кез келген адам пікірталасқа қатыса алады – бұл мәдениеттің бір бөлігі. Қазақстанда саясатқа қызығатындар саны шектеулі. Бірақ бізде тарихи жағдай бөлек, сондықтан екі елді тікелей салыстыру дұрыс емес. Біз екі жүйенің де артықшылықтарын тәжірибеге енгізуіміз қажет.

– Қазіргі әлемдік саясатта жастардың рөлі қандай деп ойлайсыз?

Өте үлкен. Жастар – өзгерістердің қозғаушы күші, елдің болашағы. Бүгінгі күні дәл осы жастар экология, адам құқықтары, теңдік секілді маңызды тақырыптарды алға тартып отыр. Олар әлемге ашық, бірнеше тіл біледі, жаңа жағдайға тез бейімделе алады. Бұл саясаттың бейнесін түбегейлі өзгертетін фактор. Сондықтан жастарды саясатқа көбірек тарту, олардың пікірін тыңдау аса маңызды. Жақында мен Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ жастарына арналған ЕҚЫҰ-ның толықтай қаржыландырылатын мектебіне қатыстым. Онда біз саясаткерлермен, сарапшылармен, дипломаттармен және ЕҚЫҰ мамандарымен әртүрлі воркшоптар, дәрістер мен пікірталастар өткіздік. Сол кезде жастарды қазіргі заманауи мәселелерді шешуге тартудың қаншалықты маңызды екеніне тағы да көзім жетті.

– Қазір кәсіби қызметіңізде қандай бағыттармен айналысып жатырсыз?

Мен онлайн-коммуникация тобында жұмыс істеймін. Қарапайым тілмен айтсақ, біздің міндет – фракцияның саяси ұстанымын қоғамға түсінікті тілде жеткізу. Бұл – мәтіндер жазу, сұхбаттар ұйымдастыру, бейнематериалдар дайындау, іссапарларда түсірілім жүргізу. Яғни біздің басты мақсатымыз – саясатты қарапайым адамдарға түсінікті әрі қолжетімді ету.

– Халықаралық деңгейде мансап құруды армандайтын жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

Бастысы, қорықпау керек. Әдетте өзімізді өзіміз ғана тоқтатамыз, «деңгейім жетпейді» деп ойлаймыз. Ал шын мәнінде бұл өмірде бәрі мүмкін. Тек мүмкіндіктерді іздеу керек: шәкіртақылар, гранттар, тәжірибе бағдарламалары. Екіншіден – тілдерді үйрену. Бұл – көптеген есікті ашатын әмбебап кілт.

Ал нағыз көшбасшы қандай қасиеттерге ие болуы тиіс деп есептейсіз?

Ең алдымен – сенімділік, мейірімділік, адалдық пен ашықтық. Қазір жасырын әрекет ететін немесе манипуляция жасайтын лидер сенімнен тез айырылады. Сонымен қатар тыңдай білу, өзгелерді есту қабілеті қажет. Әрине, батылдық пен өзіне деген сенім де маңызды.

Сымбат Серікованың жеке мұрағатынан

– Осы орайда сіздің мемлекеттік қызмет пен саясаттағы әйелдердің мүмкіндіктері туралы пікіріңізді білсем деймін...

Мүмкіндік көп, оған ешқандай күмәнім жоқ. Бастысы, қыздардың өздері сол мүмкіндіктерге сенуі қажет. Қазақстанда әлі де «саясатқа әйелдің араласқаны дұрыс емес» деген секілді пікірлер бар. Бірақ бұл шындыққа жанаспайды. Германияда әйелдер негізгі саяси лауазымдарды атқарып отыр, бұл адам жынысының оның біліктілігіне қатысы жоқ екенін аңғартса керек.

– Ал біздің жастар Қазақстанның халықаралық беделін арттыру үшін не істей алады деп ойлайсыз?

Біріншіден, шетелде еліміздің белсенді елшісі болу керек – оқу, жұмыс істеу, жақсы үлгі көрсету. Екіншіден, халықаралық жобаларға қатысып, өз көзқарасын айту маңызды. Қазақстан – жас мемлекет, ал оның әлем алдындағы бейнесін қалыптастыратын – дәл осы жастар.

– Болашақта сізді Қазақстандағы мемлекеттік қызметте көруіміз мүмкін бе, әлде халықаралық аренада жұмыс істегенді жөн көресіз бе?

Өз басым қай кезде де жаңа мүмкіндіктерге ашық адаммын. Болашақта Қазақстанға оралып, жинаған тәжірибемді ел игілігіне қолдануым да мүмкін. Бірақ қазір маған халықаралық деңгейде жұмыс істеу өте қызықты.

– Қазіргі қазақстандық жастардың басты артықшылығы неде деп ойлайсыз?

Ашықтық пен бейімделгіштік қабілетінде деп ойлаймын. Бүгінгінің жастары шет тілдерін үйренуге тырысады, саяхаттайды, интернет мүмкіндіктерін тиімді пайдаланады. Мұның бәрі ойлау көкжиегінің кеңеюіне әсер етеді.

– Қатарластарыңыздан қандай бастамаларды көбірек естігіңіз келеді?

Гендерлік теңдік, экология, білім беру және мәдени алмасу саласында көбірек жобалардың қолға алынғанын қалаймын. Біз Қазақстанды әлемге дәл осындай өмірді жақсартатын бастамалар арқылы таныта аламыз әрі танытуымыз керек.

– Өзіңіз Қазақстанға қаншалықты жиі келіп тұрасыз? Үйде қазақтың қандай тағамдарын дайындайсыз?

Өкінішке қарай, жиі келе алмаймын. Бірақ жылына кем дегенде 1-2 рет ат басын бұрып тұрамын. Ал Берлиндегі үйімде ара-тұра бауырсақ, ет, манты дайындаймын. Сол арқылы туған үйдің жылулығын есіме аламын.

– Қазір жігер, құлшыныс деген күрделі мәселеге айналды. Ал сіз күнделікті мотивацияны қайдан аласыз?

Өмірімнен, болашағымды елестетуден, одан қалды  істеп жүрген ісімнің мәнді екендігінен аламын. Мен үшін пайдалы, нақты нәтижесі бар іспен айналысу өте маңызды. Сонымен қатар, мотивацияны отбасым мен сүйіктімнің қолдауынан табамын. Осы тірек болмаса, тепе-теңдікті сақтау әлдеқайда қиын болар еді.

– Жақында сізге тұрмысқа шығу туралы ұсыныс жасалғанын білемін, құтты болсын! Жеке өмір мен жұмыстың арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтайсыз?

Көп рахмет! Әрине, тепе-теңдікті сақтау оңай емес. Мұндайда басымдықты дұрыс қою маңызды: егер жұмысқа толық берілу керек болса – соған көңіл бөлемін, ал отбасына көңіл бөлетін кезде телефонды сөндіріп, әлеуметтік желілерге мүлде кірмеймін. Бұған қоса, сүйіктімнің өзі де Германияда мемлекеттік қызметте жұмыс істейді, халықаралық қатынастар мен саясаттану саласында тәжірибесі мол. Бұл бізге бір-бірімізді қолдап, түсінуге, кез келген қиындықты бірге еңсеруге себеп.