13.04.2026
12:44
169
Жаңалықтар

Геосаяси жағдай және қажылық: ҚМДБ қауіпсіздік шараларын жариялады

Биылғы қажылық сапар 15 мамыр мен 5 маусым аралығында өтеді. Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайға байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) қауіпсіздік мәселелерін басты назарға алып отыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

ҚМДБ өкілі, наиб мүфти Кенжеәлі қажы Дүйсенбайнің айтуынша, биыл қажылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жан-жақты шаралар қабылданған.

Қажылардың амандығы – біз үшін ең басты мәселе. Бұл бағытта Сауд Арабиясының құзырлы органдарымен, дипломатиялық өкілдіктермен және әуе компанияларымен тығыз байланыстамыз. Қауіпсіздік шаралары мен ақпарат алмасу тетіктері толық пысықталған, – деді ол.

Қауіпсіз бағыттар мен нақты жоспар бекітілді

Наиб мүфтидің сөзінше, Қазақстанның қажылық миссиясы кез келген төтенше жағдайда әрекет етудің нақты алгоритмін әзірлеген.

Қазақстанның қажылық миссиясы кез келген төтенше жағдайда дипломатиялық корпуспен және Сауд Арабиясының жауапты мекемелерімен бірлесіп әрекет етудің нақты жоспарын бекіткен, – деп қосты ол.

Қажыларды Air Astana, SCAT және Flyadeal әуе компаниялары тасымалдайды. Ұшақтар Алматы, Астана және Шымкент қалаларынан Жидда мен Мәдинаға тікелей ұшады.

Халықаралық талаптарға сай, әуе бағыттары қауіпсіздікке байланысты үнемі тексеріліп отырады. Қазіргі таңда таңдалған бағыттар – ең қауіпсіз дәліздер, – деп нақтылады ҚМДБ өкілі.

Денсаулық пен санитарлық талаптар күшейтілді

Биыл қажылардың медициналық қауіпсіздігіне де ерекше мән берілген. Сауд Арабиясы Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен талаптарға сәйкес, қажылардың барлығы міндетті түрде вакцинациядан өтіп, халықаралық сертификат ұсынуы тиіс.

Әсіресе менингококк инфекциясына қарсы екпе міндетті саналады. Сонымен қатар тұмау, COVID-19 және өзге де жұқпалы ауруларға қатысты талаптар эпидемиологиялық жағдайға қарай өзгеруі мүмкін.

Дәрігерлер созылмалы ауруы бар азаматтарға, жүкті әйелдерге, қарттарға және иммунитеті әлсіз адамдарға сапарды кейінге қалдыруды ұсынады.

Қажылық – әркімнің жеке шешімі

ҚМДБ өкілдері азаматтарды асығыс шешім қабылдамауға шақырады.

Қазіргі жағдайда алаңдаушылықтың болуы орынды. Қажылық – шамасы жететін, жағдайы келетін адамға ғана парыз. Егер денсаулығыңыз немесе ішкі қорқынышыңыз сапарға кедергі келтірсе, шариғат бойынша мәжбүрлік жоқ, – деді Кенжеәлі қажы Дүйсенбай.

Сондай-ақ ол тек ресми туроператорларға жүгініп, жалған ақпаратқа сенбеуге кеңес берді:

Біздің мақсатымыз – әрбір отандасымыздың қасиетті сапардан аман-есен, рухани түлеп оралуына жағдай жасау, – деп түйіндеді наиб мүфти.

4 мың квота толық игерілді

ҚМДБ мәліметінше, 2026 жылға Сауд Арабиясы Қазақстанға 4 мың қажылық квота бөлген. Қазіргі таңда бұл орындар толық игерілген. Қажыларды 14 ресми туроператор ұйымдастырады.

Биылғы қажылық маусымы қауіпсіздік талаптарының күшеюімен ерекшеленеді. Әуе қатынасы, медициналық бақылау, ұйымдастыру жұмыстары – барлығы тәуекелдерді барынша азайтуға бағытталған. Ал негізгі жауапкершілік қажылардың өздерінің де сақтығы мен тәртіпке бағынуына байланысты болмақ.