Генерал-майор Рақышев Ораз Қалиоллаұлы

27 Қыркүйек 2017, 15:54 5571

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне - 25 жыл

1938 жылы 17 мамырда Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 1961 жылдан Қарулы Күштер сапында. 1965 жылы Вольск тыл әскери училищесін, Әскери академияны тамамдаған. Түрлі буындарда тылдык, қызметтерде болған. Полк, бригада командирлерінің тыл жөніндегі орынбасары міндеттерін атқарған. Тәуелсіз Қазақстан әскерінде армиялық корпус командирінің және Жалпы мақсаттагы күштер қолбасшысының тыл жөніндегі орынбасары болған. Қазақстан Республикасы Корғаныс министрінің және Бас штаб бастығының тылдық қамтамасыз ету жөніндегі орынбасары лауазымдарын абыроймен атқарған. ІІ дәрежелі «Даңқ», «Знак Почета» ордендерімен, бірқатар медальдармен марапатталған.

Жалпы, қару ұстаған әскердің өз міндетін толықтай, әрі мінсіз орындауы үшін бірқатар шарттардың орындалуы қажет. Қысқаша қайырсақ, жан-жақты қамтамасыз етілуі керек. Топтап қарастырсақ ,негізінен қамтамасыз етудің төрт түрі бар. Адамзат тарихындағы барлық соғыстар осы заңдылықты сақтап келеді. Бұл ретте, әскерлерді тылдық қамтамасыз ету мәселесі ең көнесі деуге толық негіз бар. Себебі, жауынгерді тамақтандыру керек, лайықты киіндіру бар, басқа да тұрмысқа қажеттіліктерін қанағаттандыру қажет. Сондықтан да бұл мәселе өте күрделі, әрі жауапты. Генерал Рақышевтің аталған мәселе бойынша Совет Армиясы тұсында әбден ысылғанын өмірбаян беттерінен-ақ байқауға болады.

Тоқсаныншы жылдардың екінші жартысында Қазақстан жерінде үлкен масштабта халықаралық жаттығу ойындары өткізілді. «Ортаазбат» жаттығуларына бірнеше елдің әскерилері қатысты. Кез келген осындай дүбірлі шараны бұқара жұртшылыққа тарату мақсатында баспасөз орталығы құрылады. Сол жолы осындай орталық Алматы қаласының көрікті ғимараттарының бірі – «Анкара» қонақ үйінде шоғырланды. Шараға қатысқан елдердің әскери делегация бас- шылары да осы қонақ үйге тоқтаған еді. Бір сөзбен айтқанда өте жоғары мәртебелі қонақтар осы жерде болды. Әдетте, осындай шараларда қызметтен босаған соң кәсіби тұрғыда әріптестер бас қосып бір шүйіркелесіп қалады. «Технарьлар» «технарьларды» тауып алады, «медиктер» «медиктерді» іздейді, «связистер» «связистерді» қонақ қылып жатады. Сол жолы журналистер мен «тыловиктер» топтары бір жерден табылып, араласып кетті. Қонақтарымыз – ресейліктер.

Үлкен жұлдызды қонақтарымыз Ораз Қалиоллаұлымен әскери академияда бірге оқыған, бірге қызмет еткен, талай дүбірлі жаттығуларда болған офицерлер болып шықты. Олар сөз алғанда жастық шақтарын еске алып, міндетті түрде генерал Рақышевті мақтап, «ерліктерін» еске алып алғыстарын білдіріп жатты. Жоғары кәсібилігін, алғырлығын, жиырма жасар жігітке бергісіз «энергиясын» сөз етумен болды. Шамалы бәсеке де өткізді. Тігілген әскери фуражканың ерекшеліктеріне қатысты кәсіби тұрғыда білім жарыстырды. Генералдың білімі де, тәжірибесі де жиналған «тыловиктер» мен әскери журналистерді разы еткені бар. Шыны керек, генералдың біз білмейтін қырлары жетерлік екен. Өзіміз жаңа танысқандай болдық. Ең бастысы, ресейлік журналистер алдында абыройымыз өсіп қалды. «Біздің генералдар осындай» деген мақтаныш сезімі кеудемізді кернегені анық еді.

Бөлісу: