Генерал-майор Николай Толмачев

28 Қыркүйек 2017, 15:13 3908

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне - 25 жыл

Өмірбаян беттерінен

1945 жылы дүниеге келген. 1966-1975 жылы Бронетанк әскерлерінің әскери академиясын, 1984 жылы КСРО ҚК Бас штабы әскери академиясын тәмамдаған. Әскери қызметін взвод командирінен бастап, бірқатар жауапты қызметтер атқарған. Орта Азия әскери округі штабы бастығының орынбасары-оперативті басқарма бастығы болған. Қазақстан әскерінде Бас штаб бастығының орынбасары- оперативті жоспарлау басқармасының бастығы лауазымын атқарған. Бірқатар мемлекеттік наградалармен марапатталған.

***

Тұрақты әскердің міндеті – соғыс жағдайында жауға тойтарыс беріп, оның көзін жою, ал бейбіт күндері сол әрекетті мүлтіксіз орындауға дайындық жүргізу. Дөрекі айтылса да, қысқаша анықтамасы осы. Жалпы, соғыс әрекеті негізгі екі бөліктен ғана тұрады. Қорғаныс және шабуыл. Қалған әрекеттердің барлығы айналып келіп осы екі түсініктің маңына топтасады. Бір қарағанда қарапайым көрінгенімен, бұл өте күрделі шаруа. Ғылым ретінде қарастырылуы да сондықтан. Есептеу, жоспарлау, сараптау тәрізді түсініктерсіз әскер міндетін орындай алмайды. Мысалы, Совет Армиясы тұсында шабуылдаушы және қорғанушы тараптардың ара салмағы 3:1 құрайды деп қарастырған. Қорғаныстағы 1 жауынгер мен 2 танкке 3 жауынгер мен 6 танк қарсы шабуылға шыққанда ғана қажетті нәтиже болмақ. Сан көрсеткіштері әртүрлі демесеңіз, әлем елдерінің әскері осы принципті ұстанады. Әрине, классикалық соғыс үлгісінде. Бұл – заңдылық. Бұл заңдылыққа сыймаған тарихта бір ғана мысал бар шығар. Ол – Брусилов бұзуы деп білемін.

Кез келген жауынгерлік операцияны штаб жоспарлайды. Бірақ жоспардың толық нұсқасын штаб офицерлерінің барлығы бірдей біле бермейді. Әркім өз бағыты бойынша ғана бәрін біледі. Тек 3 адам ғана жоспардың алғашқы әрпінен соңғы нүктесіне дейін біледі. Олар – командир, штаб бастығы және оперативті бөлім бастығы. Міне, егемен еліміздің әскері құрылған тұста осы бір оперативті басқарманың тізгінін генерал Толмачев ұстаған еді.

Генералдар кеңесі деген қоғамдық ұйым бар. Құрметке лайық ұйым. Тапсырысы бойынша «Генералы Казахстана» деген атаумен энциклопедиялық анықтамалық шығарыпты. Мін жоқ. Тамаша кітап. Мұқабасы қалың, қағазы тығыз, тігіндісі сапалы, безендірілуі көркем. Құрастырушылар тобы да аянып қалмаған екен. Тарихшылар мен ғалымдарды есепке алмағанда, тарих институты, мұражай, архив тәрізді салиқалы мекемелер қол ұшын берген. Бірталай мәлімет алдым. Қажет кітап. Сонау Ақ патша заманынан бастап, бүгінгі күнге дейін ақпарат бар. Тек... генерал Толмачев жайында бір ауыз сөз жоқ. Көрмей қалсам, кешірім сұраймын. Олай ақтардым, бұлай қатардым. Таппадым. Менің көргенім кітаптың екінші басылымы. Демек, алғашқы басылымы бұрынырақ шықса керек. Оқырманның қолына әлдеқашан жетті ғой. Неге «дабыл» қағылмаған, таңым бар. Басқасын қойғанда, сол кітапқа енген генералдардың бірқатарымен қызметтес боды ғой...

Есімде – қасы қалың еді. Шамалы бүкірейіп жүретін. Сол уақытта жасы бірталайға келген екен ғой. Әскеріміз үшін қызмет етті. Николай Дмитриевичті ұмытуға болмайды.

Бөлісу: