Генерал-майор Мүбәрак Орынбеков

28 Қыркүйек 2017, 16:07 3852

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне - 25 жыл

Өмірбаян беттерінен

1946 жылы 12 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. 1967 жылы Кемерово әскери байланыс училищесін, 1975 жылы Байланыс әскерлерінің әскери академиясын, осы оқу орны жанындағы басшылық инженерлік құрам факультетін бітірген. Әскери қызметін Сібір, Ленинград, Түркістан, Москва әскери округтерінде, Кеңес әскерлерінің Германиядағы тобында атқарған. КСРО Азаматтық қорғаныс жоғары офицерлік курстарында байланыс циклының бастығы болған. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің байланыс жөніндегі көмекшісі, Байланыс департаментінің бастығы – байланыс әскерлерінің бастығы лауазымдарын атқарған. Бірқатар мемлекеттік наградаларменмарапатталған. 2 баланың әкесі.

***

Қайсыбір әскери жаттығулардың өткізілуі уақыт талабынан туындайды. 2000 жылдары Орта Азия аумағында елді елең еткізген саяси жағдайлар орын алды. «Ваххабит», «Талиб» деген сөздер ел аузынан түспей жүрді. Исламды жамылған бүлікшілер тобы еліміздің оңтүстігіне кіріп кеткендей болды. Қалай болғанда да бұқаралық ақпарат құралдары осындай ақпарат таратты. Осы қатерге лайықты тойтарыс беру мақсатында, әскерлердің үйлесімді қимылдарын пысықтау мақсатында кешенді жаттығулар өткізілді.

Оңтүстік Қзақстан облысы, Леңгір ауданында өткізілген бұл шараны ұйымдастырған Қорғаныс министрлігі болса да, аталмыш шараға еліміздің барлық құзырлы органдары бір кісідей атсалысты. «Сценарий» бойынша 3000-ға жуық халқы бар ауылдың бейбіт тұрғындарын 20 шақырым жерде орналасқан көрші ауылға көшіру керек болды. Еңкейген қариядан бастап, еңбектеген сәбиге дейін әскердің бір айтқан сөзін екі етпей, ондаған автобусқа тиеліп, көшкенін көріп таң болғанмын. Ауылдың ақсақалдар кеңесі дегенді сөз емес, іс жүзінде көргенім алғаш еді.

Генерал Орынбековтысол жылдары барлық іргелі шаралардан көруге болатын. Ол түсінікті де. Әскери байланыс – өте жауапты іс. Бұл әскер түрін жүйке жүйесіне теңестіріп жатады, бұл әбден орынды. Осы жердің тумасы ретінде жергілікті халықтың шыдамдылығы мен түсіністігі жайында генерал ұзақ әңгімеледі. Көптеген ұлттар мен ұлыстардың өкілдері тізе қосқан аймақта қазақтың қаймағы бұзылмағанын мақтанышпен жеткізді. Соғыстан кейінгі балалық шағын еске алып, төзімділік пен сыйластық деген түсіінктердің қандай күш екеніне қатысты естеліктеріне ерік берді.

Байланыс әскерлерінің болашағы жайында да мол мағлұмат берген еді. Таяу арада әскеріміз «оптикалық-талшықты байланыстың» жемісін толықтай пайдаланатын болады дегені есімде. Араға шамалы уақыт салып «Эрикссон» маркалы шағын телефон станциясының қызметін пайдалана бастағанда сол әңгімені есіме түсірген едім.

Генералдың осы өңірге қатысты небір тарихи деректерді, батыр, билерге қатысты айтылған әңгімелерді жатқа білетіні тәнті еткен еді.

Әдетте, погон таққан адам «субординация» дегеннің не екенін жақсы түсінеді. Мен де солардың қатарында бодым. Шамам жетсе үлкен бастықтардан, әсіресе қызыл жолағы бар шалбар кигендерден аулақ жүруге тырысатынмын. Бірақ, Мүбәрак Орынбекұлымен әңгімем тіпті басқаша ахуалда өрбіді. Үлкенді сыйлап, кішіге құрмет көрсете білу принциптерін негізге алған қазақы ауылдың тумасы боғландықтан шығар.

Бөлісу: