Генерал-майор Қажығали Мұқатов

1 Қазан 2017, 10:03 5346

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне - 25 жыл

Өмірбаян беттерінен

1962 жылы 21 сәуірде РФ Самара облысында дүниеге келген. 1983 жылы Вольск жоғары тыл әскери училищесін, 1997 жылы үздік бағамен Санкт-Петербургте Тыл және транспорт әскери академиясын бітірген. Әскерлерді тылдық қамтамасыз ету жүйесі бойынша бірқатар жауапты қызметтер атқарған. Құрама, армиялық корпус командирінің тыл жөніндегі орынбасары болған. Шығыс әскери округі әскерлері қолбасшысының, Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының тыл жұмыстары бойынша орынбасары, ҚР ҚК Тыл бастығы лауазымдарын атқарған. Құрылық әскерлері бас қолбасшысының тыл жұмыстары жөніндегі орынбасары. Бірқатар мемлекеттік наградалармен марапатталған. 5 баланың әкесі.

***

Маршал Конев атындағы Алматы жоғары жалпыәскери командалық училищесі – Кеңес заманынан елімізге мұра болып қалған бірден-бір оқу орыны. Көршілес Өзбекстанда ондай училищелердің саны 4 болған. Десе де, АВОКУ-дың атақ даңқы оларды екі орап алады. Тәуелсіздік алған тұста, кадр тапшылығына байланысты бұл қара шаңырақ кең профильді оқу орынына айналды. Оқу-материалдық базасы бұған мүмкіндік берді. Атауын бірнеше рет өзгертіп, бүгіндері Құрлықтағы әскерлердің әскери институты атанып отыр.

Бірқатар мамандықтар бойынша болашақ офицерлер дайындайды. Алғашқы жылдары тыл мамандарын даярлайтын факультетке құжат тапсырушы үміткерлердің саны басқалармен салыстырғанда анағұрлым көп болатын. Әлі де солай шығар деп топшылаймын. Қарапайым халықтың түсінігінде, тәтті-дәмдіге, жылы-жұмсаққа жақын жүргендердің қызметі де жеңіл сияқты. Бұл әсте олай емес. Қате түсінік. Қайсыбір тұстарда мазасыз деп білемін. Тас үңгірде отырған жабайы адам мамонт аулауға еріккеннен шықпаса керек. Физиологиялық қажеттіліктерді қанағаттандыру – табиғи заңдылық. Қару ұстаған сарбаздың «тамағы тоқ, көйлегі көк» болуы әбден түсінікті. Тыл қызметінде жүріп «генерал» атағын алғандардың саны бірталай. Адал қызметтің әділ бағасы болар. Солардың қатарында генерал Мұқатов та бар.

Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен болған іргелі шарада Қорғаныс министрінің ұялы телефоны шыр етіп, ұзақ сөйлесті. «Жарайсың, құттықтаймын» деп шын жүрегінен ақ тілегін жаудырып жатты. Қоршап тұрған журналистер атынан да құттықтады. «Генерал Мұқатов қой, білікті мамандардың бірі. Алдыңғылары қыз балалар еді, енді ұлды болыпты, қуанышымен бөлісіп жатыр» деп түсіндірді. Журналистер де бұл тілектерге қосылды. Осы бір шағын эпизодтан генералдың беделді екенін байқаған әріптестерім: «Әкесі сияқты генерал, мықты азамат болып өссін», - деп даурығып қалды.

Шамалы уақыт бұрын жеке басым қатты құрметтейтін бір ағамды туған күнімен құттықтап шықтым. Генерал да той иесін жақсы сыйлайды екен, жақсы тілек айтты. «Мемлекет сеніп тапсырған жауапты қызметтегі адам біреуге жағады, біреуге жақпас, ол маңызды емес. Бастысы сол сенім жүгін қалай көтере білуде. Замандасыңыз, әріптесіңіз ретінде айтарым – Сіздің төккен маңдай теріңіз адал. Қызметіңізге әділ бағаны уақыт бере жатар» деді. Бұл тұрғыдағы тілектерді Қажығали Сипуллаұлының өзіне де жақын білетін достары мен әріптестері талай рет айтқан шығар. Соған лайық генерал деп бағалаймын.

Бөлісу: