Генерал-майор Асхат Рыспаев

5 Мамыр 2017, 12:39 7378

Ұллтық қорғаныс университетінің басшысы

Биыл Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері 25 жылдығын атап өтеді. Осыдан 25 жыл бұрын, яғни 1992 жылы 7 мамырда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлығына сай дербес әскеріміз құрылды. Тәуелсіз еліміздің құрыш қалқанына айналған төл әскері 25 жылда талай белестерді бағындырды. El.kz интернет жобасы 7 мамыр – Отан қорғашылар күні мерекесі қарсаңында Қарулы Күштердің 25 жылдығына арнап, «Қарулы Күштер генералдары» атты жаңа жобасын бастады. Қарулы Күштеріміз бен айбынды әскерлеріміздің өсіп-өркендеуіне, нығаюна үлес қосқан генералдар туралы естелік мақалалар ұсынамыз. Мақалалардың авторы белгілі әскери журналист Сәндібай Күмісбеков.

Генерал-майор Рыспаев Асхат Наурызбайұлы

1960-шы жылғы 10-шы желтоқсанда Ресейдің Омск қаласында дүниеге келген. 1982-ші жылы Алматы жоғары жалпыәскери командалық училищесін, 2000-шы жылы ҚР Әскери академиясын тәмәмдаған. Офицерлік қызметін Қиыр Шығыс әскери округінде бастап, взвод, рота буындарының командирі болған. Алматы облысы бойынша жергілікті әскери басқару органдарында қызмет еткен. Қорғаныс министрлігі орталық аппаратында кадрлер департаменті бастығының орынбасары, бастығы, Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы лауазымдарын атқарды. Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы. Бірқатар мемлекеттік наградалмен марапатталған.

 «Военный парад» – әскери шеру өткізу айрықша рәсім. Қажет десеңіз астарынан саяси мазмұн байқауға болады. Көрген көзге әдемілігі өзінше, бұл шара бірінші кезекте әскердің қайраты мен айбарын паш етіп, рухыңды жігерлендіреді. Бүгінгі таңда әскеріміз аталмыш шара өткізуден әбден мол тәжірибе жинақтап алды. Қалада да, далада да, көктемде де, күзде де, жерде де, көкте де еңсемізді тік ұстауға негіз беретін шерулер өткізіп келеміз. Тарихқа көз жүгіртсек, ең алғашқы республика деңгейіндегі әскери шерулердің бірі – Ұлы Жеңістің 50 жылдығына арналған парад болды. Сол уақытта бір сапта подполковник Рыспаевпен бірге тұрып, сол бір тарихи шараға қатысқанымды сағынышпен еске аламын.

Қосалқы офицерлерді қоса есептегенде 100-ге тарта офицерлерден жасақталған Қорғаныс министрлігі орталық аппаратының қорабында 10-15 ғана қандасымыз болды. 3-4 қана подполковник, қалғандары мен сияқты лейтенант, аға лейтенант, капитандар. Күніне екі мезгіл екі жарым сағаттан офицер полковник Варич әбден «сорпамыз» шыққан сәтте 5-10 минут үзіліс жариялайтын. Сол тұста тәжірибелі офицерлердің қасына тұра қалып әңгімелерін еститінмін. Достық, әріптестік әзіл әңгімелердің арасында пайдалы дүниелердің де естіп қалуға болатын. Кеңес Одағы ыдырайтын тұста, атамекенде қызмет етуге ниет білдірген қандастарымыздың басым көпшілігін әскери жоғары басшылық жауынгерлік дайындығы бар әскерлерге емес, жергілікті әскери басқару органдарына, біздіңше, военкоматтарға жіберген екен. Бұл жайтты алғаш генералдың аузынан естіген едім. Жалпы, военкомат жұмысының ерекшеліктерімен жеке таныстырған болатын. Бүгіндері «мобилизация» деген терминге қатысты екі сөз білсем, біреуін сол тұста естігенмін. Сол тұста шамам жеткенше бір сапта тұрған офицерлерді «Парадқа қатысушылар сөйлейді» деген айдармен газет бетінде 5-6 офицерлердің пікірі жарық көргені есімде. Арасында генерал болуы керек. Араға бір жыл салып, сол Орталық алаңда Тәуелсіздіктің 5 жылдығына арналған тағы бір әскери парад өтті. Ол тарихи шеруге де алғашқы ұжымы толық ққұрамда қатысты.

Генералдың есте сақтау қабілеті ерекше. Бірге қызмет еткен және етіп жүрген офицерлер, қай уақытта, кімге қатысты, қандай шешім қабылдағанын мүдірмей айтып беретінін айтады. Кадрлар мен ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстарында басшы болған офицердің басқадай болуы мүмкін де емес шығар.

Бөлісу: