Генерал-лейтенант Мәлік Сапаров

28 Қыркүйек 2017, 14:14 6667

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне - 25 жыл

Өмірбаян беттерінен

1958 жылы 15 қыркүйекте Алматы облысында дүниеге келген. 1979 жылы Алматы жоғары жалпыәскери командалық училищесін, 1988 жылы Фрунзе атындағы Әскери академияны, 1997 жылы РФ ҚК Бас штаб әскери академиясын бітірген. Забайкалье, Түркістан әскери округтерінде взвод командирінен бастап батальон командиріне дейінгі қызметтердің бәрінен өткен. Полк командирі, Бас штабта бөлім, басқарма бастығы болды. Бірер жыл Қауіпсіздік Кеңесінде сарапшы маман болды. Жалпы мақсаттағы күштер қолбасшысының бірінші орынбасары қызметін атқарды. Қарулы Күштер Бас штабының бастығы лауазымын атқарды. ІІ дәрежелі «Даққ» орденімен, көптеген медальдармен марапатталған. 2003-ші жылы мезгілсіз көз жұмды.

***

Әскеріміздің аспанында жарқ етіп жанған жарық жұлдыз еді. Қарулы Күштерімізге бергені мол, бере алмай кеткені одан да көп деп білемін.

Альпинист үшін Эверест қандай болса, білімге талпынған офицер үшін Москвадағы Ресей Қарулы Күштері Бас Штабының Әскери академиясы соншалықты. Бұл Совет армиясы тұсында қалыптасқан. Ал аталмыш оқу орнын үздік дипломға, айрықша белгіге тәмамдаса, бұл ерекше құбылыстар санатында. 1997 жылы полковник Сапаров осындай нәтижеге қол жеткізді. Осындай биікке көтерілген, Егемен Қазақстанның тұңғыш офицері. Бұл жайт назардан тыс қалмауы керек. Газетке көлемді етіп мақала жазу тапсырылды.

Күннің қаһарманы редакцияға келді. Әлбетте, өз еркі болса журналистер үйіне аттап баспас еді. Жоғары басшылықтан нұсқау түссе керек. Кетер кеткенінше материал жазудың қажеті жоқтығын, жақсы оқу әрбір қазақстандық офицердің міндеті екені жайында айтумен, дәлелдеумен болды. Газеттің фототілшісі Виктор Дубровченко тіпті мазасын қашырды. «Зенит» маркалы фотоаппаратының жарық түсіргіші сынып, жарықты қолмен түсірдік. Жоғары қуатты 4 лампаны 4 бұрышынан ұстап тұрдық. Өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтын Афанасич бір кадр алу үшін жарты сағат бойы бірнеше дубль қайталады. Сол тұста жаңалыққа жаны жақын жүретін болашақ генерал таяу болашақта «Зенит», «ФЭД»- тердің дәуірі бітіп, орынына сандық техниканың келетінін, ол жетістіктер әскери салада да кеңінен пайдаланылатынын айтып, бізді қуантқан еді. Әскерлерді басқарудың автоматтандыру жүйесі тәрізді ұғымдарды сонда естіген едік.

Генерал журналистерді, жалпы баспасөзді сыйлайтын. Кездесуден, сұхбат беруден жалтармауға тырысатын. Біздің газетке де сыйластықпен қарады. Қиналған сәтте көмек сұрап барған жерлеріміз де жоқ емес.

Қарулы Күштер Бас штабы бастығы болған тұста, бірнеше ірі жаттығу ойындарында компьютер мен сандық техниканы кеңінен пайдалану тұрғысында алғашқы қадамдар жасағанын көрдік.

...Мәлік Мұхаметжанұлын ақтық сапарына шығарып салуға халық көп жиналды. Бейіт басында сол ауылдың әкімі Серік Басыбеков деген азамат былай деп еді: «Мәлік қолымызда өсті. Өте зерек болды. Әскер боламын деп армандады, соған жетуге талпынды. Барлық табысына маңдай терімен жетті. Сол әскеріне де сыймай кетіп бара жатқандай». Нені меңзегенін түсінбедім. Бірақ соңғы 2-3 айда шашы ағарып кеткені анық еді

Бөлісу: