Гемоглобин деңгейінің жоғары болуы физиологиялық та, патологиялық та себептерге байланысты болуы мүмкін және ол «қанды сұйылту» керек дегенді ғана білдірмейді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Егер эритроциттер мен гематокрит көрсеткіштері қалыпты болса, гемоглобиннің жоғарылауынан тромбоз қаупі жоқ. Маңыздысы – оның не себепті көтерілгенін анықтау.
Физиологиялық себептерге – оттегі жетіспеушілігіне бейімделу, созылмалы өкпе аурулары, шылым шегу және тұрақты дене жүктемелері жатады. Ал патологиялық себептер – шынайы полицитемия секілді ауыр аурулардың белгісі болуы мүмкін.
Гемоглобиннің жоғары деңгейінің белгілері: беттің қызаруы, терінің қышынуы, бас айналу, бас ауруы, шаршау, ентігу және басқа да белгілер.
Қандағы гемоглобин деңгейінің жоғарылауы – дәрігерлер мен науқастар арасында жиі алаңдаушылық тудыратын жағдай. Көп адам гемоглобин жоғары болғанда, қан қоюланып кетті, оны дереу сұйылту керек деп ойлайды. Алайда бұл дұрыс емес.
24 арнасына берген сұхбатында медицина ғылымдарының кандидаты, терапевт дәрігер Анна Дегтярева гемоглобин деңгейіне әсер ететін факторлар, оның ағзаға ықпалы және ем қажет пе, жоқ па – осының бәрін түсіндірді.
Гемоглобин дегеніміз не?
Гемоглобин – эритроциттердің (қызыл қан жасушаларының) құрамындағы оттегіні тасымалдаушы ақуыз.
Денсаулығы жақсы адамда оның мөлшері шамамен:
ерлерде – 130-170 г/л,
әйелдерде – 120-150 г/л.
Гемоглобин мен эритроциттердің деңгейі бірқатар факторға тәуелді:
Бүйрек – эритропоэтин гормонын өндіреді, ол эритроциттердің түзілуін реттейді;
Сүйек кемігі – қан жасушаларының түзілуіне жауап береді;
Темір қоры – гемоглобиннің қалыптасуына қажет негізгі элемент.
Неліктен гемоглобин жоғарылайды?
Гемоглобиннің көтерілуі физиологиялық және патологиялық себептерден туындауы мүмкін.
Физиологиялық себептер:
Оттегі жетіспеушілігіне бейімделу.
Таулы аймақ тұрғындарында гемоглобин деңгейінің жоғары болуы – ағзаның табиғи жауабы. Бұл жағдайда ағза оттегі жетіспеушілігін өтеу үшін көбірек эритроцит пен гемоглобин өндіреді.
Созылмалы өкпе аурулары.
Өкпенің жұмысы бұзылғанда, ағза тіндерді жеткілікті мөлшерде оттегімен қамтамасыз ету үшін гемоглобинді көбейтеді.
Шылым шегу.
Темекі түтініндегі көміртек тотығы (угарный газ) гемоглобинмен байланысып, оттегіні ығыстырады. Нәтижесінде ағза оттегінің жетіспеушілігін өтеу үшін көбірек эритроцит түзе бастайды.
Дене жүктемесі.
Кәсіби спортшылар мен жиі жаттығатын адамдарда ағзаға оттегі көбірек қажет. Сондықтан олардың гемоглобин мен эритроцит деңгейі табиғи түрде жоғарылайды.
Патологиялық себептер:
Кейде гемоглобиннің жоғарылауы – ауыр аурудың белгісі болуы мүмкін. Мысалы, шынайы полицитемия – қан жасушаларының шамадан тыс түзілуіне әкелетін сирек кездесетін генетикалық ауру. Бұл кезде тек гемоглобин емес, сонымен қатар эритроциттер, тромбоциттер, лейкоциттер және гематокрит деңгейі де жоғарылайды.
Гемоглобин жоғарылауының белгілері:
беттегі қызарудың күшеюі;
терінің қышынуы;
әлсіздік немесе бас айналу;
бас ауруы;
көрудің бұзылуы;
кеуде тұсындағы ауырсыну;
тез шаршау;
ентігу;
қатты терлеу.
Жоқ, гемоглобиннің жоғары болуы тромб түзілу қаупін тікелей арттырмайды. Тромбоз қаупін арттыратын негізгі фактор – қанның жалпы тұтқырлығы мен қан жасушаларының шамадан тыс көбеюі. Бұл көрсеткіш гематокрит пен эритроциттер санына байланысты, тек гемоглобинге емес.
Сондықтан гемоглобин жоғарылаған жағдайда дәрігерлер міндетті түрде гематокрит пен эритроциттер деңгейін де тексеруі тиіс.
Егер эритроциттер мен гематокрит көрсеткіштері қалыпты болса, гемоглобиннің жоғарылауы қанды сұйылтуды қажет етпейді, яғни бұл жерде аспирин не антикоагулянттарды қолданудың қажеті жоқ. Аспирин тек шынайы полицитемия диагнозы қойылған немесе гематокрит > 55% болған жағдайда, әрі басқа қауіп факторлары бар кезде ғана тағайындалуы мүмкін.
Сұйықтықты көбірек ішу қанның тұтқырлығын сәл төмендетуі мүмкін, бірақ бұл түпкі мәселені шешпейді және тромбоздың алдын алуда тиімді әдіс болып саналмайды.
Қорытынды
Гемоглобиннің жоғарылау себебін дұрыс анықтау – емдеудің басты шарты. Себебі әртүрлі – бейімделу де, ауру да мүлде басқа ем тәсілдерін талап етеді.