Газеттің бүгіні мен ертеңі алаңдатады

26 Қаңтар 2023, 18:42 1576

Өңірлік мерзімді басылымдар форумында газеттің бүгіні мен ертеңіне қатысты Қостанай облыстық "Қостанай таңы" газетінің бас директоры Кенжеш Оразғалиқызы пікір білдірді деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

"Бұл тек, басылым редакцияларын мазалап отырған өзекті сұрақ емес, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі басты назар аударып отырған мәселе. Сондықтан,  министрліктің ұйымдастыруымен алғашқы  Өңірлік мерзімді басылымдар форумы өтті. Еліміздің облыстары, қала-аудандарынан газеттердің бас редакторлары жиналды. Көптен күткен басқосудың тың  серпін берері анық. Қаралған, талданған сұрақтар көп. Оның ішінде басты тақырып - газеттің жұмысын заманауи жолмен идиологиялық-ақпараттық құрал ретінде  қалай жандандыру қажеттілігі,  мемлекеттік ақпараттық тапсырысты сапалы  жүзеге асыру, қоғам алдындағы басылымның мәртебесін көтеру, БАҚ -на деген сенімді арттыру,  журналистің мәртебесін көтеру, кәсіби біліктілікті жоғарылату, әлеуметтік жағдайын  жасау басқа да көптеген сұрақтар талқыланды"деді Қостанай облыстық "Қостанай таңы" газетінің бас директоры.

Кенжеш Оразғалиқызы сонымен қатар дәстүрлі басылымды сақтау қажеттігін айтты.Ол басылымды сақтау міндетті түрде заманауи жолмен, сайт, әлеуметтік желілерде  ақпараттандыруды кәсіби белсенді қолдана отырып, әр тараптан  оқырмандар тарту бүгінде іс жүзінде жүргізілетіндігін жеткізді.

"Дәстүрлі басылымды одан әрі қалай дамытамыз? Бұл сұраққа осы форумда сөз сөйлеген әр спикерден жауап алдық. Өз кәсіптеріндегі  табыс табу көздерін бүге-шүгесіне дейін ашық жеткізді. Оған қоса, өңір басылымдары бас редакторларының өзара танысып, тәжірибе алмасуға жол ашылды.  Форумның ашылуына ҚР Премьер министрінің орынбасары Алтай Сейдірұлы, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қуандықұлы арнайы қатысты. Министр мырза екі күндік форумда баспасөз өкілдерінің айтқан наздарын, ұсыныстарын жеке -жеке тыңдап, жауап беріп, ұсыныстарын қарауға алды. Ашық та еш бұқпасыз өткен форумның берері мол, жалғасарына сенімдімін", деді Кенжеш Оразғалиқызы.

EL.KZ
Бөлісу: