Газды үнемдеп тұтыну: Энергетика министрі Тоқаевқа есеп берді

18 Сәуір 2023, 18:42 1705

Мемлекет басшысы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевті қабылдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Президентке еліміздің отын-энергетика кешенінің негізгі даму көрсеткіштері, жанар-жағармай нарығын үздіксіз қамтамасыз ету шаралары, сондай-ақ ірі мұнай-газ жобаларын одан әрі дамыту мәселесі туралы баяндалды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа ішкі нарықты газбен қамтамасыз ету және жалпы газ саласын дамыту шаралары жөнінде мәлімет берілді. Энергетика министрі биыл Қазақстанда тауарлық газды үнемдеп тұтынуды ынталандыру үшін энергия тиімділігін арттыру жоспары әзірленетінін айтты.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысына генерация секторындағы жобаларды жүзеге асыру, электр энергиясының тапшылығын жою, электр энергетикасы саласын реттеу тәсілдерін жетілдіру және нарықты дамытудың жаңа моделін енгізу перспективалары туралы ақпарат берілді.

Кездесу соңында Президент еліміздің энергетика инфрақұрылымын одан әрі жаңғыртудың, сондай-ақ мұнай-газ жобаларын уақытылы жүзеге асырудың маңызды екеніне назар аударды.

EL.KZ
Бөлісу: