Жапонияның Кюсю университетінің ғалымдары газдалған судың ағзадағы зат алмасуға әсер етіп, қанттың жасушаларға сіңуін жеделдететінін анықтады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Зерттеу нәтижелері BMJ Nutrition, Prevention & Health журналында жарияланды.
Ғалымдардың мәліметінше, газдалған судың құрамындағы көмірқышқыл газы ағзаға түскеннен кейін ішінара қанға сіңеді. Қанда ол бикарбонат деп аталатын затқа айналып, қанның химиялық құрамына әсер етеді – атап айтқанда, эритроциттер (қызыл қан жасушалары) ішіндегі қышқылдық деңгейін (pH) сәл арттырады. Осы өзгеріс нәтижесінде гликолиз процесі, яғни жасушалардың глюкозаны (қантты) белсендірек өңдеп, энергия алу механизмі іске қосылады.
Ғалымдар бұл әсерді бүйрек жеткіліксіздігі бар науқастарға жасалатын гемодиализ кезіндегі жағдаймен салыстырды. Сол процедурада да көмірқышқыл газы қолданылады және ол да жасушалардағы зат алмасуды белсендіреді.
Зерттеу қатысушыларының қанындағы қант деңгейінің төмендеуі шамалы болғанымен, ғалымдар бұл механизм ағзаның энергия алмасуын реттеуде маңызды рөл атқаруы мүмкін деп санайды.
Олардың айтуынша, газдалған су арықтауға көмектеспейді, бірақ ол аз уақытқа тоқтық сезімін тудырып, қандағы глюкоза деңгейін сәл төмендетуі ықтимал. Бұл құбылысты ғалымдар зат алмасу бұзылыстарының алдын алу тұрғысынан әлі де терең зерттеу қажет деп есептейді.