Палестина Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Израильдің қоршауындағы Газа секторында соңғы бір тәулікте бес палестиналық, оның ішінде екі бала аштықтан көз жұмды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Аштықтан қайтыс болғандардың жалпы саны 127-ге жеткен, олардың 85-і – балалар.
Министрлік басшысы Мунир әл-Берш бұл жағдайды "нақты гуманитарлық апат" деп атап, Израильді гуманитарлық көмекті өткізбей, шекара бекеттерінде әдейі бөгеп отыр деп айыптады. Оның айтуынша, халықаралық қауымдастық бұл жағдайға үнсіз қарап отыр.
Газа секторы қазір ауыр гуманитарлық дағдарысты бастан кешіп отыр. Азық-түлік, ауыз су, дәрі-дәрмек пен санитарлық құралдар тапшылығы қатты білінеді. 2,3 млн халықтың 2 миллионы баспанасыз қалса, уақытша паналау орындары лық толып, жұқпалы аурулар таралу қаупі артып отыр.
Израильдің күнделікті әуе соққылары босқын лагерлері мен азаматтық инфрақұрылымды жойып, тұрғындар азабын күшейтуде. 2023 жылдың 7 қазанынан бері Газаға жасалған шабуылдардан кемінде 59 676 палестиналық қаза тауып, 143 965 адам жараланған.