25.02.2026
11:02
832
Газ саласын цифрландыру: AI-кеңесші тәулік бойы қызмет көрсетеді

Газ саласын цифрландыру: AI-кеңесші тәулік бойы қызмет көрсетеді

Бұдан былай тұрғындар табиғи газ мәселесіне қатысты сауалдарына жауапты тәулік бойы ала алады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы. 

Энергетика министрлігі отын-энергетика кешенін цифрлық трансформациялау аясында газ саласын кезең-кезеңімен жаңғыртып келеді. Былтыр QazaqGaz Aimaq мобильді қосымшасы іске қосылып, тұтынушыларға газ есептегіш көрсеткіштерін онлайн жолдау мүмкіндігі ұсынылды. Қосымшаның басты артықшылығы – есептегіш көрсеткіштерін фото арқылы автоматты түрде тану және деректердегі ықтимал қателер мен ауытқуларды тексеру.

Цифрлық сервистерді енгізу – тек ыңғайлылық емес, бұл деректердің нақтылығын арттыру және адам факторын азайту қадамы, – делінген министрлік мәліметінде.

Бүгінде пайдаланушылар қосымша арқылы:

  • тұтыну және төлем тарихын көре алады;
  • есептегішті тексеру мерзімі туралы ескерту алады;
  • жоспарлы жұмыстар жөнінде хабарламалармен танысады.

Қазіргі уақытта қосымшада виртуалды AI-кеңесші жабық тестілеуден өтуде. Жасанды интеллект негізіндегі бұл көмекші табиғи газ тұтынушыларының сұрақтарына тәулік бойы жауап береді.

Компанияның колл-орталығы әзірге тек жұмыс уақытында қызмет көрсетеді. Ал газға қатысты мәселелер кез келген уақытта туындауы мүмкін. Осыған байланысты AI-кеңесші 24/7 форматында жедел қолдау ұсынбақ.

AI-кеңесші түрлі LLM-модельдерінде сынақтан өтіп жатыр. Басты талап – жауаптардың дәлдігі мен ақпараттың өзектілігі, – деп нақтылады ведомство.

Виртуалды көмекші тарифтер, нормативтік-құқықтық актілер, қажетті құжаттар тізімі, газға қосылу тәртібі және өзге де сұрақтар бойынша толық әрі жаңартылған мәлімет береді. Оның функционалы газбен жабдықтау тақырыбымен шектеледі, ал білім базасы тұрақты түрде толықтырылып отырады.

Қазіргі таңда қосымшаны жарты миллионнан астам адам жүктеп алған. Оның көмегімен 200 мыңнан астам есептегіш көрсеткіші қабылданған.

Жалпы, биыл елімізде Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында кешенді іс-шаралар жүзеге асып жатыр. Жасанды интеллект және цифрландыру министрлігінің мәліметінше, жоспар 8 бағытты қамтиды және 100 негізгі іс-шараны жүзеге асыруды көздейді.

Бұл бастама – цифрлық экономиканы қалыптастырудың жаңа кезеңі. Негізгі мақсат – технологияны басқару құралына емес, дамудың драйверіне айналдыру, – деп атап өтті министрлік.

Стратегиялық және нормативтік қамтамасыз ету

Аталған бағыт аясында «Digital Qazaqstan» стратегиясы әзірленеді. Сондай-ақ IT-компанияларға салықтық және реттеушілік ынталандыру шаралары енгізіледі. Цифрландыру, жасанды интеллект, деректер, киберқауіпсіздік, телекоммуникация және цифрлық активтер салалары бойынша заңнамалық бастамалардың кемінде 90%-ын қабылдау жоспарланған.

Адами капиталды дамыту

AI-SANA бастамасы шеңберінде жасанды интеллект білім беру жүйесіне кеңінен енгізіледі. Мектептер мен ЖОО-ларда жаңа бағдарламалар іске қосылып, ересектерге арналған қайта даярлау курстары ұйымдастырылады.

Жалпы, цифрлық және ЖИ-дағдыларды дамыту бағдарламаларымен кемінде 450 мың оқушы мен оқытушы қамтылады.

Биыл AI University жобасының алғашқы кезеңі іске қосылып, өңірлерде Tomorrow School жасанды интеллект мектебі кеңейтіледі. Сонымен қатар:

«AI Governance 500» – мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор басшыларына;

AI Qyzmet – мемлекеттік қызметшілерге;

AI Corporate – бизнеске арналған жаңа бағдарлама жүзеге асырылады.

GovTech: мемлекеттік басқарудың жаңа моделі

Мемлекеттік органдар GovTech моделіне көшіріледі. eGov және eGov business қызметтері кеңейтіліп, Ұлттық ЖИ платформасында жасанды интеллект шешімдері енгізіледі.

Нәтижесінде:

  • мемлекеттік қызметшілердің кемінде 80%-ы бірыңғай цифрлық жұмыс орнымен қамтылады;
  • кемінде 50 мемлекеттік қызмет ЖИ қолдану арқылы көрсетіледі;
  • ақпараттық жүйелердің кемінде 30%-ы QazTech платформасына көшіріледі.

Сонымен қатар пойыздарда, ұшақтарда, туристік аймақтар мен шекара нысандарында интернетке қолжетімділік қамтамасыз етіліп, Direct to Cell спутниктік байланысы іске қосылады.

Киберқауіпсіздік және инфрақұрылым

Ақпараттық қауіпсіздіктің бірыңғай контуры күшейтіліп, мемлекеттік жүйелер жаңа деректерді өңдеу орталығына көшіріледі. Дербес деректерді қорғау – басым бағыттардың бірі.

Салаларды цифрландыру

  • Экономиканың негізгі салаларында:
  • басқару процестері автоматтандырылады;
  • Big Data қалыптастырылады;
  • цифрлық егіздер, IoT датчиктері мен дрондар пайдаланылады.

Мысалы, энергетика саласының басқару жүйелеріне ЖИ енгізіледі, геологиялық деректердің 90%-ы цифрлық форматқа көшіріледі, ауыл шаруашылығында ЖИ-бақылау арқылы өнімділік 10%-ға артады.

Қалалар мен өңірлерді дамыту

Ауылдарға талшықты-оптикалық байланыс тартылады, 20 қалада 5G желісі дамытылады. ХҚКО-лар цифрлық форматқа көшіріліп, Астанада Smart City жобасы жүзеге асырылады.

Күтілетін нәтижелер:

  • халықтың 99%-ы жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізеді;
  • 20 ірі қала 100% 5G желісімен қамтылады;
  • қалалық орта жайлылығы индексі жыл сайын кемінде 15%-ға өседі.

Жаңа экономика

Пилотсыз индустрия, реттелетін криптоиндустрия, цифрлық активтер, мемлекеттік майнинг жобалары және отандық спутниктерді орбитаға шығару бағыттары да жоспарға енгізілген.