27.02.2026
16:00
244
Газ баллонының жарылысы: қандай талаптарды сақтау міндетті?

Газ баллонының жарылысы: қандай талаптарды сақтау міндетті?

Щучинскідегі жарылыс елді есеңгіретті. 26 ақпанда дәмханалардың бірінде болған газ-ауа қоспасының жарылысы 7 адамның өмірін қиды. Қайғылы жағдай газ баллондарын пайдалану мен сақтау ережесі қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте көрсетті.

Қазақстандағы газ жарылыстарының ахуалы қандай?

Қазақстанда тұрмыстық газ баллондарының жарылуы – жыл сайын қайталанатын әрі адам өміріне қауіп төндіретін күрделі мәселе. Ресми деректерге сүйенсек, 2018–2022 жылдар аралығында ел бойынша 346 жарылыс оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 522 адам түрлі деңгейде жарақат алып, 97 адам көз жұмған.

Ал 2023 жылдың өзінде 128 газ жарылысы болған. Нәтижесінде 167 адам зардап шегіп, 21 адам қайтыс болды.

Жарылыстың негізгі себептері

Мамандардың айтуынша, газға қатысты төтенше жағдайлардың басым бөлігі қауіпсіздік ережелерін елемеуден туындайды. Баллондардың ақаулы болуы, жалғау түтіктерінің тозуы, құрылғылардың дұрыс орнатылмауы – бәрі де қауіпті арттырады.

Кейбір азаматтар газ баллондарын арнайы станцияларға емес, жанармай құю бекеттеріне толтырады. Мұндай орындарда баллондарды шаю, техникалық жағдайын тексеру, қоспалардың мөлшері мен тығыздығын анықтау талаптары сақтала бермейді. Тіпті тұрмыстық баллондарды автокөлікке арналған газ құю құрылғыларымен толтыру жағдайлары да кездеседі. Соның салдарынан баллон рұқсат етілген көлемнен артық, яғни 85 пайыздан жоғары толтырылуы мүмкін. Бұл – аса қауіпті.

Заң не дейді?

«Газ және газбен жабдықтау туралы» заңның 28-бабына сәйкес, тұрмыстық баллондарға сұйытылған мұнай газын құю тек арнайы жабдықталған газ толтыру станцияларында немесе пункттерінде жүргізілуі тиіс. Бұл талап баллондардың техникалық жарамдылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Газбен жабдықтау жүйесінің жай-күйін бақылау жергілікті атқарушы органдардың газ-техникалық инспекцияларына жүктелген.

Баллондарды қайда және қалай сақтау керек?

Қолданыстағы талаптарға сәйкес, газ баллондарын екі қабаттан аспайтын тұрғын ғимараттардың пәтерлерінде ғана орналастыруға рұқсат етіледі. Баллондар артық қысым кезінде іске қосылатын арнайы ағызу клапанымен жабдықталуы тиіс.

Сонымен қатар жертөле мен жертөле тәрізді үй-жайларда сұйытылған газ баллондарын сақтауға болмайды. Баллондар ғимараттың сыртында, арнайы темір шкафтарда орналастырылуы қажет.

Қауіпсіздік талаптары

Газбаллонды орнату талаптары:

  • Бөлме жақсы желдетілетін болуы керек;
  • Баллонды күннің көзіне, жылыту құрылғыларына, пешке 1 метрден жақын қоюға болмайды;
  • Баллонды жертөлеге, жата жүріп пайдаланылатын бөлмелерге және көпқабатты үйдің жоғары қабаттарына қоюға тыйым салынады.

Газ құрылғыларына қосу: 

  • Редуктор дұрыс бекітілуі және шланг мықтап тартылған болуы тиіс;
  • Шланг ұзындығы 1,5 метрден аспауы керек және жарықшақсыз болуы қажет;
  • Қосылыстарды тек сабынды сумен тексеру керек, отпен тексеруге болмайды.

Пайдалану кезінде: 

  • Плита жанғанда жалын көк түсті болуы тиіс – сары жалын ақауды білдіреді.
  • Газды қолданбасаңыз, кранын міндетті түрде жабыңыз.
  • Баллонды толық босатып жіберуге болмайды, ішінде 10–15% газ қалуы керек.

Баллонды тек таразы қондырғысы бар, өлшеу дәлдігі сақталған мамандандырылған пункттерде толтырыңыз. Артық толтырылған жағдайда газды ағызуға арналған арнайы ыдыс болуы міндетті.

Баллон корпусын қыздыруға болмайды. Оны жылыту құралдарына, ашық жалынға жақын қоюға немесе ауа температурасы тым жоғары бөлмеде ұстауға болмайды.

Ас әзірлеу кезінде қайнаған сұйықтықтың жалынды өшіріп, газдың сыртқа шығуына жол бермеңіз. Оттықтарды үнемі тазалап тұрған дұрыс.

Үй ішінде газ иісі сезілсе, бірден газ беру кранын жабыңыз. Терезе мен есікті ашып, бөлмені желдетіңіз. Ашық отты қолданбаңыз және электр құрылғыларын қоспаңыз.

Тыйым салынатын әрекеттер: 

  •  Баллонды аударып қою, жатқызу;
  • Өздігінен жөндеу, редукторды ашу;
  • Баллонды жылыту, отқа қыздыру;
  • Ескі, жарамдылық мерзімі өткен баллонды қолдану.

Газ баллонын қалай тексеруге болады?

Газ баллонындағы жылыстауды өз бетіңізше тексеруге болады. Ол үшін баллонның қосылған жерлерін сабынды сумен сүртіңіз. Егер газ шығып тұрса, сол тұста көпіршіктер пайда болады. Қатты ағынмен шыққан газды дыбыстан да аңғаруға болады, доптан ауа шығып жатқандай дыбыс естіледі. Сонымен қатар газдың өзіне тән өткір иісі сезіледі.

Төтенше жағдайда не істеу керек?

Апат жағдайда газ иісі шықса:

  • Газ вентилін дереу жабыңыз;
  • Терезе, есікті ашып, бөлмені желдетіңіз;
  • Электр шамын қоспаңыз, розеткаларды пайдаланбаңыз;
  • Адамдарды қауіпсіз жерге шығарыңыз;
  • Кез келген күмәнді жағдай туындаса, уақыт оздырмай «112» нөміріне хабарласыңыз.

Қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтау – өз өміріңіз бен жақындарыңыздың амандығын қорғаудың ең тиімді жолы.