14.07.2025
11:02
1207
Гавай аралдарына миллиондаған маса жіберілді

Гавай аралдарына миллиондаған маса жіберілді

Гавай аралдарындағы сирек құстар жойылып кетудің алдында тұр. Оларды құтқару үшін ғалымдар күтпеген әдіске жүгінді. Арнайы масаларды әкеліп, ормандарға әдейі таратып жатыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы ndtv.com-ға сілтеме жасап.

Бұл тәсіл қалай жұмыс істейді және ол құстарды аман сақтап қала ала ма?Бұрын Гавай аралдарында балшырынмен қоректенетін 50-ден астам құс түрі мекендеген. Бүгінде олардың саны күрт азайып, бар болғаны 17 түрі ғана сақталып отыр. Ғалымдар осы сирек құстардың жойылып кетпеуі үшін тосын тәсілге барып, аралдарға әдейі маса әкеліп жатыр.

Неге бұлай істеп жатыр?

Гавай — АҚШ-тың ең соңғы, 50-ші штаты. Аралда тек осы жерге ғана тән сирек орман құстары көп болған. Бірақ соңғы жүзжылдықта олардың саны күрт азайды. Негізгі себеп - ормандардың азаюы мен безгек ауруы. Безгекті масалар таратады, ал бұл құстардың ағзасында оған қарсы қорғаныс жоқ. Өйткені масалар Гавайға тек XIX ғасырда, яғни салыстырмалы түрде жақында ғана келген.

Ғалымдардың әдісі

Құстарды құтқару үшін ғалымдар ерекше тәсіл ойлап тапты. Олар зертханада арнайы еркек масаларды өсіріп, дрондармен Гавайдың ормандарына апарып, сол жерге жібереді. Бұл масалар жай маса емес, олар арнайы бактерияларды тасымалдайды, сол бактериялар өз кезегінде масалардың табиғи жолмен көбейуіне тосқауыл болады. Соның арқасында маса саны азайып, безгектің таралуы тоқтайды деп болжануда. Ал безгек жоғалса, құстар да аман қалады.

«Құстарды құтқарайық, масаларды емес»

Birds, Not Mosquitoes («Құстар, масалар емес») деп аталатын ұйым осы жобамен айналысып жатыр. Олар 2023 жылдың қарашасынан бері Мауи мен Кауаи аралдарында 40 миллионнан астам масаны осылай әдейі шығарып үлгерген.

Ғалымдардың айтуынша, егер масалардың саны қысқармаса, Гавайдағы көптеген құс түрлері біржола жойылып кетуі мүмкін. Қазірдің өзінде кемінде 33 түр құрып кеткен, ал қалған 17 түрдің басым бөлігі, соның ішінде ілгектұмсықты торғай да аса үлкен қауіптің алдында тұр.

Әзірге бұл әдістің қаншалықты тиімді болатынын болжап айту қиын. Бірақ ғалымдар құстардың жойылып кетуін тоқтату үшін осы шаралар көмектеседі деп үміттеніп отыр.