Гарвардта алған біліміммен елімнің дамуына үлес қосқым келеді – Аружан Мейірханова

7 Қараша, 16:47 566

Қазақстандық Аружан Мейірханова Қазақстан мен Орталық Азияның жетекші оқу орны - Назарбаев университетінде саясаттану және халықаралық қатынастарды оқыған. Ол бакалаврдағы білімін жетілдіру мақсатында әлемнің ең үздік университеті Гарвардқа оқуға түсіп, аймақтық зерттеулермен айналысқан. Кәсіби біліктілігін арттырып, елге оралған соң Еуропалық қайта құру және даму банкінде жұмыс істеп, қазіргі таңда елордалық NAC Analytica талдау орталығында табысты жетістіктерге жетіп жүр. Ол кәсіби дамуда білімнің, ғылыми зерттеулердің және тәжірибенің маңыздылығын атап өтіп, студенттерге табысқа жету үшін пайдалы кеңестер береді. Аружан Мейірхановамен сұхбаттасып, өз саласының мықты маманы болу үшін не істеу керегін сұрап білдік.

El.kz: Аружан, сізге саясаттану мен халықаралық қатынастар мамандығын таңдауға не әсер етті?

Аружан Мейірханова: Маған әрқашан әлемдегі оқиғалар мен тілдерді үйрену қызық болды және менің қызығушылығым гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар саласында екенін білдім. Осы жолды таңдау туралы түпкілікті шешім NU-дың Foundation бағдарламасының бірінші курсында қабылданды. Жалпы курстардың ішінде халықаралық қатынастар мен геосаясат саласындағы сарапшы Райан Маккарел оқытатын пән болды. Оның сабақтары маған әлеуметтік ғылымдардағы аналитикаға деген қызығушылығым сандық мәліметтермен жұмыс істеуден басымырақ екенін түсінуге көмектесті. Кейінірек салыстырмалы саясат, халықаралық қатынастар және саяси теория курстарын оқып жүргенде, таңдаған бағытымның дұрыстығына сенімім арта түсті. NU-дың профессорлар құрамы менің кәсіби таңдауымды қалыптастыруда маңызды рөл атқарды.

El.kz: Гарвардта оқу сізге қандай мүмкіндіктер сыйлады? Білім, ғылым жолында дамуға қалай ықпал етті?

Аружан Мейірханова: Шын мәнінде, Гарвард менің өмірімнің ерекше тарауы болды. Мұхит асып келгенде, мен үлкен еркіндікті сезіндім, бірақ сонымен бірге үлкен жауапкершілікті де мойныма алдым; мен Қазақстанның, Назарбаев Университетінің өкілі екенімді түсіндім және өзіме, ең алдымен, осы жерде менің жайдан-жай еместігімді дәлелдеу қажет деп ойладым. Алғашқы семестрде мен бұл жерде бір қателікпен жүргендей сезіндім. Мұны көбінесе impostor syndrome немесе өзін "жалған маман" сезіну деп атайды. Бұл сезім мені ұзақ уақытқа қалдырмады, және бұл құбылыс кампуста жиі кездесетіні анықталды, себебі көпшілігі "Мен қайда, Гарвард қайда?" деп ойлайды. Бірақ уақыт өте келе, кампус өмірінің ырғағына, оқу қарқынына да үйрендім.

Соңында, оқудың мазмұны кейбір тұстарда Назарбаев Университетіндегіге қарағанда жеңілірек болғанын түсіндім. Яғни, Гарвардта оқу жеңілдеу болды. Бірақ адамдар әрдайым бірнеше жобалармен қатар айналысатындықтан, бұл жағы, мәселен, мен үшін қиынырақ болды, яғни барлығын үйлестіру қажет еді. Сонымен қатар, мүлдем басқа елде өмір сүресің – өз заңдары, салықтары және басқа да ерекшеліктерімен.

Бұл жайттар маған ерекше қиындық туғызды. Тағы бір қиындық – үздіксіз fear of missing out (ред. ескертпе — қызықты нәрсені өткізіп алу қорқынышы) сезімі. Қаншама қызықты іс-шаралар, спикерлер бар, әр жерден үлгергің келеді, бәрін барынша қамтып қалғың келеді. Бірақ уақыт өте келе бұған да үйренесің. Сол кезде түсінесің – мұндағы барлық адамдар сен секілді. Жай ғана өз мүмкіндіктеріңе қарай барынша тырысып, қолыңнан келгенді жасайсың.

Гарвард туралы айтар болсам, оның басты байлығы – адамдары екенін ерекше атап өткім келеді. Университет деген – ғимараттар емес, кітапханалар емес, ең алдымен – тұлға болып қалыптасқан адамдар. Гарвардқа дәл осы адамдар үшін, осындай үлкен есімдер мен зерттеушілер үшін бару керек. Дэвис орталығында ресейтану және әлемдік зерттеулер бойынша индустрияның ең мықты мамандары дәріс береді. Олар бұл салада ондаған жылдар бойы айналысып келе жатқан адамдар, және олардан тікелей білім алу – менің кәсіби тәжірибемде болған ең бағалы нәрселердің бірі. Сондай-ақ, сол жерде кездескен адамдарға да алғысым шексіз; мысалы, біздің отандасымыз, менің менторым Наргиз Косенова. Ол Орталық Азия бағдарламасының директоры. Сонымен қатар, мен оқыған магистратура бағдарламасының директоры Александра Вакруе де маған үлкен әсер қалдырған тұлға.

Сондай-ақ, курстастарыммен бірге отырып, емтиханға дайындалған кездерімізді үнемі есімде сақтаймын, өйткені оқу барысындағы осындай сәттер мен үшін өте құнды болды.

El.kz: Бакалаврдағы біліміңіз Гарвардта зерттеулер жүргізуге жеткілікті болды ма?

Аружан Мейірханова: Гарвардтағы бағдарламамның директоры бірде зерттеу және жазу дағдыларының (graduate writing) студенттерді іріктеуде аса маңызды критерийлердің бірі екенін атап өтті, өйткені бұл қабілеттер магистратура деңгейінде табысты оқуға жанама түрде кепіл болады. Осы тұрғыдан алғанда, менің академиялық мансабымда NU-дың рөлі маңызды болды. Foundation бағдарламасынан бастап, студенттерді дереккөздермен жұмыс істеуге, өз пікірін дәлелді құрылымдауға және жеке қорытындыларын қалыптастыруға үйрететін зерттеу университеті өмір бойына қажетті білім мен дағдыларды қалыптастырады.

El.kz: Зерттеу жұмысы бакалавриатта басталады, яғни тақырыпты терең зерттеуді бастау үшін магистратураны күтудің қажеті жоқ. Сіз қандай маңызды жобаларды жүзеге асырдыңыз?

Аружан Мейірханова: Профессор Бимал Адикаримен бірлесе отырып, дамушы елдерді неолибералды реформалар жағдайында қолдау жобасында жұмыс істедім. Менің рөлім халықаралық көмек тақырыбы бойынша әдебиеттерге шолу жасау және "Millennium Challenge Corporation" бағдарламасы арқылы АҚШ-тың дамушы елдерге көмек көрсету тәжірибесін талдаудан тұрды. Біз профессорым екеуміз академиялық зерттеудің барлық кезеңдерінен өттік: оқу, талдау, жазу, қайта қарау және осы үдерістерді бірнеше рет қайталау. Ғылыми жұмыс сирек бірізді болатын процесс. Бірнеше қадамнан кейін біз мақаланы академиялық рецензияланған журналдарға ұсындық, бірақ ол рецензиядан өтпей қалды. Бұл туралы ашық айту маңызды деп санаймын – бәрі бірден орындала бермейді. Дегенмен бұл өте құнды тәжірибе болды. Бұл өте күрделі процесс, бірақ ол қазіргі заманғы академияның қалай жұмыс істейтінін және ғылыми білімнің қалай қалыптасатынын түсінуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мен профессор Элен Тибоға Орталық Азиядағы көп әйел алу туралы зерттеуінде көмектестім және өңірде исламның жаңғыруы тақырыбында эссе жазуға қатыстым. 

El.kz: Сіздің Орталық Азия бағдарламасы аясындағы Innovation Fellows Program-дағы негізгі міндеттеріңіз қандай болды және алған білімдеріңізді тәжірибеде қалай қолдандыңыз?

Аружан Мейірханова: Innovation Fellows Program — бұл мен білім алған Дэвис орталығындағы жас көшбасшыларды зерттеу саласында қолдауға бағытталған бағдарлама. Дэвис орталығында үш негізгі бағыт бар — келіссөздер бағдарламасы, империя жобалары, Орталық Азия бағдарламасы.

Мен үшін ең өзекті болғаны – соңғы бағдарлама, сол жерде мен бағдарламаның жетекшісі Наргиз Косеновамен жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болдым. Ол біздің аймақты, аймақтық зерттеулерді Гарвард және жалпы АҚШ деңгейінде танытуда көп еңбек сіңіріп келе жатқан маман. Мен бұл мүмкіндігіме өте ризамын. Сол орталықта менің қатысуыммен жүзеге асқан маңызды нәтижелердің бірі – Орталық Азияны зерттейтін студенттер үшін ғылыми конференция ұйымдастыру болды. Бұл – Гарвард университеті платформасында өткізілген алғашқы осындай конференция болды. Екіншіден, Наргиздің жетекшілігімен Орталық Азияда жаңартылатын энергия көздеріне көшу жөніндегі жобамен айналыстым, бұл визионерлік жоба деп санаймын. Энергетикалық ауысу және климаттың өзгеруі жағдайында бұл – міндетті түрде талқылануы тиіс тақырып деп ойлаймын.

Бұл жоба аясында біз Қазақстандағы жетекші сарапшылармен, энергетика саласындағы халықаралық ұйымдармен сұхбат жүргіздік, VIA саласы туралы көбірек білдік, аналитикалық жазбалар мен даму стратегияларын жаздық, заңнамалық құжаттарды зерттедік. Жалпы, осы саланы тереңірек түсіну үшін кешенді түрде жұмыс істедік.

El.kz: Академиялық салада немесе халықаралық қатынастарда мансапқа ұмтылатын студенттерге қандай кеңес берер едіңіз?

Аружан Мейірханова: Егер студенттер академияда тереңірек білім алуды қаласа, менің кеңесім — түйіндеменің дәл осы бөлігіне басымдық беру, зерттеумен айналысу, профессорлармен жұмыс жасау, олардың көмекшісі (RA – Research Assistant) немесе оқытушы көмекшісі (TA – Teaching Assistant) болу, өз зерттеу жобаларын жасау және сандық әдістерді зерттеу. Қай салада қызмет етсе де, экономикаға түсінік арту маңызды, яғни саясаттану мен халықаралық қатынастарды экономикамен біріктіру – өте жақсы қолданбалы комбинация. Жазу, презентация жасау, мәліметтермен немесе дереккөздермен жұмыс істеу дағдыларын дамыту да аса маңызды.

El.kz: Ғылыми жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтайсыз? Сізге мотивацияны сақтауға не көмектеседі?

Аружан Мейірханова: Жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтау мен үшін қиын, себебі мен көптеген жобалармен айналысамын, бұл уақыттың барлығын талап етеді. Көбінесе барлық нәрсеге бірдей назар мен күш жұмсау мүмкін бола бермейді. Мысалы, бір жерде жобаны жылдамдату қажет, басқа жерде отбасына көбірек уақыт бөліп, жолдасыма қолдау көрсету керек болады. Сондықтан, мұнда міндеттерді алмастырып, жоспарлау қажет шығар. Маған бұл тұрғыда оқуым көмектесті, себебі бакалавриатта да, магистратурада да мен әрқашан барлығын алдын ала жоспарлап, міндеттерімді ойымда ұстайтынмын. Мені мотивацияны сақтауға итермелейтін нәрсе – бұл соңғы нәтиже және, әрине, осы істі не үшін жасап жатқанымды түсіну. Менің Гарвардта оқыған қазақстандық менторым маған үнемі «Мен қазір қайда бара жатырмын, қай бағыттамын?» деген сұрақтарды қою керектігін айтатын. Мен бұл сұрақты өзіме жиі қоямын.

El.kz: Студенттерге және жалпы академиялық салада немесе халықаралық қатынастарда мансапқа ұмтылатындарға қандай кеңес берер едіңіз?

Аружан Мейірханова: Егер студенттер академияда тереңірек білім алуды қаласа, менің кеңесім – түйіндеменің дәл осы бөлігіне басымдық беру, зерттеулермен айналысу, профессорлармен жұмыс істеу, олардың көмекшісі болу (RA – Research Assistant), оқытушының көмекшісі (TA – Teaching Assistant) болу, зерттеу жобаларын жасау, сандық әдістерді зерттеу. Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдармен айналысатын біздер бұл фактіні мойындағысы келмесе де, мәліметтер – аса маңызды нәрсе. Саясаттанушылар да ерекшелік емес, біз де мәліметтермен жұмыс жасаймыз.

Сонымен қатар, бұл адам академиялық немесе академиядан тыс салада жұмыс істегісі келсе де, экономикалық ғылымды түсіну маңызды дер едім. Яғни, саясаттану мен экономика, немесе халықаралық қатынастар мен экономиканың үйлесуі – өте жақсы қолданбалы комбинация. Жеке тәжірибеме сүйенсем, экономиканың базалық түсінігі қажет. Сондықтан макроэкономика немесе бізде университетте бар халықаралық саяси экономика (International Political Economy) курстары практикалық мансапты қалайтындар үшін, халықаралық ұйымдарда, мүмкін мемлекеттік құрылымдарда, Сыртқы істер министрлігінде, дипломатияда жұмыс істеуді қалаған адамдар үшін өте пайдалы. Әрине, бұл адамның өзіне байланысты, бірақ саяси ғылымдар мен халықаралық қатынастар мамандарына пайдалы әмбебап дағдылар бар деп ойлаймын. Олар кез келген жерде қажет болады. Бұл – ойды сауатты әрі қысқа түрде жеткізу дағдысы, себебі көбінесе саясаткерлер ұзақ баяндамаларды оқымайды. Мұнда үлкен ақпарат ауқымын қысқа әрі нақты түрде талдап, ұсына білу керек. Жазу, презентация жасау, мәліметтермен немесе дереккөздермен жұмыс істеу дағдылары – мейлі магистратура, докторантура, дипломатия мансабы, халықаралық ұйымдарда болсын, сізге бұл дағдылар қажет болады. Мен үшін де бұл дағдылардың пайдасы көп.

El.kz: NU дипломы сізге Гарвардқа түсу және академиялық мансабыңызда бәсекелестік артықшылық берді деп ойлайсыз ба? Бұл диплом сізге қандай мүмкіндіктер ашты?

Аружан Мейірханова: Әрине, Назарбаев Университетінің дипломы Гарвардқа түсуіме және әрі қарайғы мансабымда маған бәсекелестік артықшылық берді. Дипломның өзі – формальдылық қана, бірақ оқу барысында маған қолжетімді болған ресурстар, оның ішінде адами ресурстар әлдеқайда маңызды. Мен зерттеу дағдыларының маңызы мен университеттің оқу және қосымша инфрақұрылымы туралы айтқан болатынмын, бірақ университет тек ғимараттар мен кітапханалар емес, ол ең алдымен – адамдар. Бірге оқып, дайындалған курстастарым, менторға айналған түлектер және, әрине, білімдерімен бөлісіп, магистратураға түсу кезінде аса маңызды компонент саналатын ұсыныс хаттар жазған профессорлар маған қолдау көрсетті.

Менің магистрлік бағдарламам аймақтық зерттеулерге арналды, және менің ойымша, ең үздік университеттердің бірінде оқығаным да рөл атқарды деп сенемін – бұл пікірімді ашық айта аламын. Рейтингтер де бұл сөзімді растайды деп ойлаймын. Гарвардтан бөлек, мен Колумбия университетіне, Джорджтаунға, Британдық Колумбия университетіне, Орталық Еуропа университетіне және Глазго университетіне түстім. Осы жетістіктерімнің барлығын НУ-дағы оқуымның және сол жерде алған білімімнің нәтижесі деп санаймын. Бұл – біздің дипломның бағаланатынының дәлелі.

Бұл тек менің оқиғам ғана емес. АҚШ-та жүргенде, НУ-дың түлектері туралы, олар оқитын үздік оқу орындарындағы оң пікірлерді жиі естимін. Олар біздің ел мен университеттің амбассадорына айналуда, және мен олардың бірі екеніме шын жүректен мақтанамын.

El.kz: Сіздің альма-матер ұсынған қандай оқу мүмкіндіктерін пайдалана алдыңыз?

Аружан Мейірханова: Назарбаев Университетіндегі оқу тәжірибесінің құндылығынан және батыстың үздік стандарттары бойынша профессорлардан білім алудан бөлек, менің айтқанымдай, НУ қосымша зерттеу жұмыстарына арналған көптеген мүмкіндіктер ұсынды. Профессорлардың ғылыми ассистенті ретінде жұмыс істеу, конференцияларға және департамент ұйымдастырған эссе байқауларына қатысу зерттеу дағдыларымды дамытуда маңызды рөл атқарды.

Сонымен қатар, студенттік клубтар мен ұйымдар менің өсуім үшін өте маңызды болды. Студент-саясаттанушылар қауымдастығының президенті болу мәртебесіне ие болып, БҰҰ моделі клубының жұмысына белсене қатыстым. Бұл маған пікірлес адамдарды табуға, сондай-ақ көшбасшылық, ұйымдастырушылық және презентация жасау дағдыларымды дамытуға мүмкіндік берді.

NU кітапханасын да атап өтпей кету мүмкін емес – ол барған кітапханалардың ішіндегі ең жақсыларының бірі болды. Financial Times және The Economist сияқты онлайн басылымдарға, сондай-ақ ғылыми мақалаларға қол жеткізу – зерттеушілер үшін өте құнды артықшылық. Бұл ресурс студент әрі зерттеуші ретінде менің өсуіме үлкен ықпал етті.

Назарбаев Университетінің кампусындағы жайлы студенттік жатақханада тұра отырып, күн тәртібімді барынша тиімді ұйымдастыра алдым. Кампусқа жер үсті өткелі арқылы жету мүмкіндігі маған кітапханада кешке дейін оқып, үйге қалай жетемін деп уайымдамай, сабағыма толықтай көңіл бөлуге жағдай жасады. Сонымен бірге бізде жаттығу залы және түрлі спорт секциялары болды, бұл оқуымнан алаңдап, физикалық және психикалық денсаулығымды сақтауға көмектесті. Бір қарағанда бұл болмашы нәрсе болып көрінуі мүмкін, бірақ мұндай инфрақұрылым оқуға толықтай ден қоюға қолайлы орта құруға септігін тигізді.

El.kz: Сіздің алдағы мансаптық жоспарларыңыз қандай? Болашақта дамытқыңыз келетін, өзіңіз мақтан тұтатын жобалар немесе зерттеулер бар ма?

Аружан Мейірханова: Магистратураны аяқтаған соң жұмысқа келер болсақ, Гарвардта оқып жүрген кезімде-ақ Қазақстанға оралу туралы шешім қабылдадым. Бұған бірқатар себептер болды. Оның ішінде кәсіби себеп – аймақтың ішкі жұмысын түсінгім келді. Әрине, мен мұнда туып-өстім, өмір сүріп, білім алдым, бірақ толыққанды жұмыс істеп көрген жоқпын. Гарвардта алған білімімді пайдаланып, аймақтың дамуына үлес қосу ниетімен осында келгім келді.

Мен елге келген соң, бірден Еуропалық қайта құру және даму банкіне жұмысқа орналасу бақыты бұйырды. Бұл – біздің аймақта жұмыс істейтін ірі институционалды инвесторлардың бірі және көптеген инфрақұрылымдық даму жобаларын қолдайтын халықаралық қаржы институты. Мен Policy тобында жұмыс істедім, яғни Орталық Азия мен Моңғолияда су, көлік және энергетика секторларындағы салалық реформаларды ілгерілетумен айналыстым. Біз аймақтағы мемлекеттік кәсіпорындармен жұмыс істеп, олардың басқару жүйесін жақсартуға ұмтылдық. Сондай-ақ, ЕҚДБ-де макроэкономикалық бөлімге, яғни ЕҚДБ экономистеріне аналитикалық жазбалар, салалық есептер және банк үшін ішкі стратегиялық басымдықтарды анықтауда көмек көрсеттім.

Биыл күзде Назарбаев Университетінің NAC Analytica аймақтық зерттеу орталығында аға зерттеуші ретінде жұмысқа кірістім. Бұл – NU жанындағы талдау орталығы. Мен мұнда макроэкономикалық зерттеулермен, жалпы зерттеу қызметімен айналысамын, яғни өзім бастаған салама қайта ораламын. Сондықтан, университетімнің қабырғасына қайта оралып, Гарвардта жинаған білімімді пайдаланып, біздің зерттеулерімізді дамытуға үлес қосатыныма өте қуаныштымын.

Сондай-ақ, мен Гарвардтағы Қазақстандық қауымдастықтың үйлестірушісімін. Бұл – Гарвард университетінің қазақстандық түлектерінің қауымдастығы. Мұнда мен менторлық және білім беру бағыттарын дамытуға көмектесемін, бұл менің әлеуметтік қызметімнің бір бөлігі.

El.kz: Сұхбатыңызға көп рахмет! Жұмысыңызға табыс тілеймін!                                     

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: