09.10.2025
12:41
396
Ғалымдар Жерден 430 шақырым қашықтықта ұшып өткен астероидты байқамаған

Ғалымдар Жерден 430 шақырым қашықтықта ұшып өткен астероидты байқамаған

2025 TF атты астероид Антарктида үстінен бар болғаны 428 шақырым биіктікте ұшып өтті – бұл Халықаралық ғарыш станциясының орбитасынан да төмен. Ең қызығы, жердегі ғалымдар оны Жерге ең жақын нүктеден өткеннен соң араға бірнеше сағат салып барып байқаған, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Science Alert дерегінше, бұл – тарихтағы екінші ең жақын өткен астероид. Бақытымызға орай, оның көлемі кішкентай болған – шамамен 1-3 метр, яғни шағын көліктің өлшеміндей. Сондықтан ол Жерге түскен күннің өзінде атмосферада жанып кетер еді.

Салыстыру үшін: бұдан да жақынырақ ұшып өткен жалғыз астероид – 2020 VT4, ол 2020 жылы Жерге 368 шақырымға дейін жақындаған. Бірақ ол да кездейсоқ анықталған – ғалымдар оны тек архив деректерін зерттеу кезінде байқаған.

2025 TF астероидымен болған жағдай ғарыштық қауіптерді ерте анықтау жүйесінің әлсіз тұстарын көрсетіп отыр. Бұл нысан ешқандай қауіп төндірмегенімен, оны кеш байқау болашақта одан да қауіпті объектілерді байқамай қалуымыз мүмкін екенін аңғартады.

Енді аталған астероид Жер маңынан 2087 жылдың сәуір айында өтеді. Сол кезде ол біздің планетадан шамамен 8 миллион шақырым қашықтықта ұшып өтпек. Ғалымдардың айтуынша, болашақта да 2025 TF Жерге ешқандай қауіп төндірмейді.