Торонто университетінің зерттеушілері иммундық жүйенің бұрын белгісіз болған маңызды ерекшелігін анықтады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Зерттеу нәтижесі бойынша, ішектегі иммундық жасушалар IgA антиденелерін қалыптан тыс жолмен өндіре алады. Бұл тәсіл ағзаға вирустарға қарсы ұзақ мерзімді, берік қорғаныс қалыптастыруға мүмкіндік береді. Зерттеу Cell журналында жарияланды.
Ғалымдар ротавирусқа қарсы күрес кезінде ішек иммундық жүйесі IgA антиденелерін өндіру үшін қысқа әрі жеделдетілген жолды қолданатынын анықтады. Яғни қалыпты иммундық реакциядағы белгілі бір кезеңдердің бірі бұл процесте «өткізіліп» жіберіледі. Осылайша ағза қорғанысты әлдеқайда жылдам қалыптастырады.
Ең таңғаларлығы — бұл антиденелер тез пайда болып қана қоймай, ерекше ұзақ өмір сүреді: вирус жойылғаннан кейін де 200 күннен астам ағзада сақталып, қорғауды жалғастырады.
Ашылған механизм полиомиелит пен ротавирусқа қарсы пероральды вакциналардың неге өмір бойына иммунитет қалыптастыратынын түсіндіреді. Ғалымдардың пайымынша, ішектің ерекше орта ретінде:
күрделі анатомиясы,
бай микробиомы,
тұрақты антигендік жүктемесі дер кезінде және ұзақ уақыт сақталатын иммундық жауаптың қалыптасуына жағдай жасайды.
Жаңа деректер тыныс жолдары вирустарына қарсы ауыз арқылы қабылданатын вакциналарды жасауға мүмкіндік беруі мүмкін. Бұған тұмау, SARS-CoV-2 сияқты инфекциялар да жатады.
Гоммерман зертханасы қазірдің өзінде құс тұмауына қарсы пероральды вакцина әзірлеу бойынша өтінім беріп, қазіргі инъекциялық вакциналардың тиімділігін арттыру үшін IgA жауапты күшейту жолдарын зерттеп жатыр.