03.10.2025
07:02
408
Ғалымдар ұйқысы бұзылған адамдардың миы ерте қартаятынын анықтады

Ғалымдар ұйқысы бұзылған адамдардың миы ерте қартаятынын анықтады

Швециядағы Каролинск институтының ғалымдары ұйқысы бұзылған адамдардың миы хронологиялық жасынан үлкен көрінетінін анықтады. Зерттеу EBioMedicine журналында жарияланды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Зерттеуге UK Biobank деректер базасынан орта және қарт жастағы 27,5 мың адам қатысты. Қатысушылардың миына МРТ жасалып, машиналық оқыту әдісі арқылы миының «биологиялық жасы» нақты жасымен салыстырылды.

Ұйқы сапасы бес параметр бойынша бағаланды: хронотип (тәңертеңгілік не кешкілік белсенділік), ұйқы ұзақтығы, ұйқысыздық, қорылдау және күндізгі ұйқышылдық. Нәтижесінде ұйқы көрсеткіштері төмен адамдардың миы орта есеппен нақты жасынан бір жасқа үлкен болып шықты. Ал «ұйқы индексіндегі» әрбір төмендеу ми қартаюын шамамен жарты жылға жылдамдататыны анықталды.

Сондай-ақ ғалымдар нашар ұйқы мен созылмалы жасырын қабыну арасындағы байланысты тапты: ол ми қартаюының шамамен 10%-ын түсіндіреді. Авторлардың пікірінше, бұл құбылысқа мидың «тазарту жүйесінің» ұйқы кезінде бұзылуы немесе ұйқының жүрек-қантамыр жүйесіне әсері сияқты басқа да факторлар ықпал етуі мүмкін.

Ұйқыны жақсартуға болады, сондықтан бұл ми қартаюын баяулатуға және когнитивті бұзылыстардың қаупін азайтуға мүмкіндік ашады, - деді зерттеудің жетекші авторы Абигейл Доув.