16.07.2025
09:41
1920
Ғалымдар тамақ қалдықтарынан ыдырайтын пластик өндіру әдісін ойлап тапты

Ғалымдар тамақ қалдықтарынан ыдырайтын пластик өндіру әдісін ойлап тапты

АҚШ-тың Бингемтон университетінің зерттеушілері Тяньчжэн Лю жетекшілігімен тамақ қалдықтарын пайдалана отырып биоыдырайтын полимер алу әдісін жасап шығарды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Зерттеу нәтижелері Bioresource Technology журналында жарияланды.

Қалыпты биопластик өндірісінде қымбат тазартылған қанттар мен стерильді бактерия дақылдары қолданылады. Алайда бұл әдіс шығынды әрі күрделі. Ғалымдар оны жеңілдету үшін кәдімгі тамақ қалдықтарын қолдануды ұсынды. Алдымен қалдықтар ферментация арқылы сүт қышқылына айналдырылады, оған азот көзі ретінде аммоний сульфаты қосылады. Осылайша алынған қоректік ортаға Cupriavidus necator бактериясы енгізіледі. Бұл бактерия PHA (полигидроксиалканоат) полимерін өндіреді — оны энергия сақтау үшін пайдаланады.

PHA полимерінің 90%-ына дейінгі бөлігін жинап, қаптама және басқа да биоыдырайтын өнімдер жасауға қолдануға болады.

Зерттеу барысында бұл әдістің тұрақтылығы да тексерілді. Тамақ қалдықтарын бір апта бойы сақтау сапаға әсер етпейтіндігі анықталды, ал қоректік қоспаның құрамы әртүрлі болуы мүмкін, бастысы — пропорцияны сақтау. Бұл технологияны өнеркәсіптік көлемде қолдануға толық мүмкіндік бар. Ферментациядан кейін қалған қатты қалдықты ғалымдар органикалық тыңайтқыш ретінде пайдалануды жоспарлап отыр.

Бүгінде кампустағы асханалардың тамақ қалдықтары мал азығына кетеді. Бірақ біз бұдан пластик жасауға бола ма деп ойладық. Бұл бағыт әлі толық зерттелмеген, сондықтан осы олқылықтың орнын толтыруды жөн көрдік, — деді профессор Ша Цзин.

Келесі кезең — технологияны ірі көлемде сынау және өндірістік серіктес табу. Егер әдіс өнеркәсіптік жағдайда сәтті іске асса, ол пластик пен қалдықтар мәселесін шешуге елеулі үлес қоса алады.