25.12.2025
12:08
664
Ғалымдар қартаюды тежейтін сусын түрін атады

Ғалымдар қартаюды тежейтін сусын түрін атады

Кім қартайғысы келеді дейсіз? Жапон ғалымдары адамның мейлінше ұзағырақ жас болып қалу деген арманына жақындататын қарапайым әрі тиімді жолды тапқандай. Соңғы зерттеулерге сүйенсек, айран секілді қышқыл сүт өнімдерін тұрақты тұтыну қартаю белгілерінің алдын алуға, тіпті кейбірін бәсеңдетуге көмектесуі мүмкін, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Адам ағзасы шамамен 25 жастан бастап біртіндеп қартая бастайды. Коллаген мен эластиннің түзілуі азаяды, сүйек тіндерінің тығыздығы төмендейді, зат алмасу баяулайды, иммундық жүйенің жұмысы әлсірейді. Иммундық жасушалар баяу бөлініп, соның салдарынан ағзада созылмалы әлсіз қабыну үдерісі қалыптасады. Бұл өз кезегінде көптеген жасқа байланысты аурулардың дамуына жол ашады.

Ғалымдар сүт қышқылды бактериялардың (LAB) микробтарға қарсы, қабынуға қарсы, тіпті ісікке қарсы қасиеттері бар екенін бұрыннан айтып келеді. Алайда олардың нақты қалай әсер ететіні ұзақ уақыт бойы белгісіз болып келді.

Зерттеу қалай жүргізілді?

Бұл сұраққа жауап іздеген Синсю университетінің ғалымдары сегіз апта бойы егде жастағы тышқандардың бір тобына Lentilactobacillus kefiri YRC2606 деп аталатын, жылумен өңделіп, белсенділігі төмендетілген сүт қышқылды бактерия штаммын беріп отырған. Кейін бақылау тобы олардың иммундық жүйесінің жағдайын салыстырды.

Зерттеу нәтижесінде YRC2606 алған тышқандарда тимус пен бауыр секілді маңызды ағзалардағы жасқа байланысты өзгерістер азайғаны, сондай-ақ жасушалардың бөлінуін тежейтін p16 және p21 ақуыздарының белсенділігі төмендегені анықталды. Ал дәл осы ақуыздар тіндердің қартаюының негізгі себептерінің бірі саналады.

Осы деректерге сүйене отырып, зерттеу авторлары айран мен басқа да қышқыл сүт өнімдері ағзаның негізгі физиологиялық қызметтерін сақтауға және биологиялық қартаю үдерісін баяулатуға көмектесуі мүмкін деген қорытындыға келді.

YRC2606 штаммы жасқа байланысты ауруларды емдеуде пайдалы болуы мүмкін. Оны егде жастағы адамдардың иммунитетін қолдауға арналған функционалды тағамдар мен биологиялық қоспалардың құрамына енгізуге болады, – дейді зерттеудің жетекші авторы, Синсю университетінің биология және ауыл шаруашылығы ғылымдары факультетінің аспиранты Хирока Сасахара.

Бұған қоса, кефирді тұрақты ішу ас қорыту жүйесіне де, жүрек саулығына да оң әсер етеді. Дегенмен мөлшерден тыс тұтынуға болмайды: пробиотиктердің көптігі іштің кебуі секілді жағымсыз әсерлерге әкелуі мүмкін. Ең қолайлы мөлшер – күніне 400 мл-ден, яғни екі стақаннан асырмау.