АҚШ-тағы University Hospitals және VA Northeast Ohio Healthcare System зерттеушілері Паркинсон ауруына шалдыққан науқастар үшін ұзақмерзімді физикалық белсенділіктің оң әсерін дәлелдеді. Зерттеу нәтижелері Clinical Neurophysiology журналында жарияланды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Мамандар терең ми стимуляциясы үшін орнатылған импланттар арқылы науқастардың нейросигналдарын бақылады. Бұл құрылғылар төрт апта бойы жүргізілген арнайы бейімделген велотренинг бағдарламасынан кейінгі өзгерістерді тіркеп отырды. Жаттығу 12 сессиядан тұрды және әрбір қатысушының физикалық мүмкіндіктеріне қарай реттелетін велотренажер көмегімен өткізілді.
Нәтижесінде, қозғалысты басқаруға жауапты ми аймақтарында тұрақты нейросигналдық өзгерістер байқалды. Зерттеушілердің пікірінше, физикалық белсенділік тек электрод орнатылған бөліктерге ғана емес, қозғалысты үйлестіруге қатысатын кең ауқымды нейрожелілерге де ықпал еткен. Бұл жағдай науқастарда тремор мен басқа да белгілердің азаюына себеп болуы мүмкін.
Мамандар бұл нәтижелер Паркинсон ауруына қарсы жекелендірілген оңалту бағдарламаларын әзірлеуге жол ашатынын айтады. Мұндай тәсіл аурудың даму қарқынын бәсеңдетіп, науқастардың өмір сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Бұған дейін зерттеушілер Паркинсон ауруы туралы кең тараған пікірді қайта қарауға негіз болатын мәлімдеме жасаған болатын: бұл дерт мида емес, басқа жүйелерде басталуы мүмкін.