12.02.2026
18:13
936
Ғалымдар өсімдіктерді ЖИ көмегімен «сөйлетті»

Ғалымдар өсімдіктерді ЖИ көмегімен «сөйлетті»

Кембридж университетінің Ботаникалық бағында тосын эксперимент басталды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Ғалымдар жасанды интеллект көмегімен өсімдіктерге шартты түрде «дауыс беріп», оларды келушілермен тілдестіретін интерактивті жобаны іске қосты. 11 ақпан мен 12 сәуір аралығында жылыжайда өтіп жатқан Talking Plants көрмесі аясында келушілер тірі өсімдіктермен нақты уақыт режимінде «сөйлесе» алады.

Өсімдіктер қалай «сөйлейді»?

Жобаға сирек кездесетін 20 өсімдік түрі қатысуда. Көрмеге келген адам өсімдіктің жанында орналасқан QR-кодты смартфон камерасымен сканерлесе жеткілікті. Арнайы жасалған жасанды интеллект жүйесі қойылған сұрақтарға дауыс немесе мәтін арқылы жауап береді. Жауаптар ғылыми деректерге негізделгенімен, әр өсімдіктің ойдан шығарылған «мінезі» мен «тұлғалық ерекшеліктері» де қатар беріледі.

Өсімдіктер тек өз биологиясы туралы айтып қана қоймай, әзілдейді, шағын викториналар өткізеді, тіпті қысқа медитация ұсынуы мүмкін.

Әр өсімдіктің өз болмысы бар

Көрмеге қатысушы әрбір өсімдіктің «аты» мен «мінезі» бар. Бұл сипаттамалар оның табиғи ерекшеліктеріне негізделген. Мәселен, нефрит лианасы Джейд – өзіне сенімді, тропиктің «ерке қызы» ретінде бейнеленсе, вельвичия ғажайыбы Тумбо – қырсық мінезді, құрғақ әзілді ұнататын кейіпкер. Ал ерекше иісімен танымал аморфофаллус титаникалық Титус-кіші драмалық мінезімен ерекшеленеді.

Мұндай креативті тәсіл ботаникамен танысуды барынша жеңіл әрі қызықты етуге бағытталған. Әсіресе балалар мен арнайы ғылыми дайындығы жоқ келушілер үшін өсімдіктер әлемі ерекше естелік сыйлайтыны анық.

Эксперименттің басты мақсаты қандай?

Жоба табиғатты қорғаумен айналысатын Nature Perspectives ұйымымен бірлесіп әзірленген. Қолданылатын жасанды интеллект модельдері ғылыми деректер негізінде оқытылып, адамдардың тірі табиғатты тереңірек түсінуіне көмектесуді көздейді. Көрме бір мезетте әрі білім беру кеңістігі, әрі зерттеу алаңы қызметін атқарады. Мамандар келушілердің «сөйлейтін» өсімдіктермен қалай әрекеттесетінін бақылап, талдау жүргізуде.

Кембридж ботаникалық бағының кураторы, профессор Сэм Броккингтон жобаның мәнін былайша түсіндіреді:

Өсімдіктер біздің әлемге орасан ықпал етеді, алайда көбіне назардан тыс қалып жатады. «Сөйлейтін өсімдіктер» – осы олқылықтың орнын толтыруға бағытталған ойын форматындағы бастама. Мұнда жасанды интеллект өсімдіктердің биологиясы, экологиясы мен мәдени маңызы туралы білімді қолжетімді етеді. Бұл адам факторын алмастыру емес, керісінше, үйрену мен таңданысты арттырудың жаңа жолын іздеу.

Nature Perspectives ұйымының негізін қалаушылардың бірі Гал Занир де жобаның философиясын атап өтті:

Біз табиғатты жай бақылаудан онымен өзара әрекеттесуге көшіп жатырмыз. Бұл өзгеріс, әсіресе, көбіне көзге ілінбей қалатын өсімдіктер үшін аса маңызды.

Табиғатпен «сөйлесудің» экологиялық құны

Жоба авторлары жүйенің энергия тұтынуын да есептеген. Олардың мәліметінше, бір «өсімдікпен әңгіме» орта есеппен 40 ватт-сағат энергияны қажет етеді, шамамен 14 грамм CO₂ бөледі және 187 миллилитр су жұмсайды. Бұл бір тіркемесі бар электронды хат жіберумен немесе автокөлікпен шамамен 60 метр жүрумен тең көрсеткіш.

Кембридж ботаникалық бағы мұндай технологияны тұрақты экспозициясына енгізген әлемдегі алғашқы мекеме атанып отыр. Ұйымдастырушылар бұл тәжірибе цифрлық құралдардың биоалуандылық пен экологиялық мәселелерге деген қызығушылықты арттырудағы әлеуетін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді деп үміттенеді.