09.10.2025
02:21
498
Ғалымдар мұхиттардың 34% жылдам жылып жатқанын анықтады

Ғалымдар мұхиттардың 34% жылдам жылып жатқанын анықтады

Жаңа Зеландия маңындағы мұхиттар әлемдік орташа деңгеймен салыстырғанда 34% жылдам жылып жатыр. Бұл деректер Жаңа Зеландияның Қоршаған орта министрлігі мен статистикалық басқармасының Our Marine Environment 2025 атты есебінде келтірілген, деп жазады El.kz интернет порталы.

Құжатта климаттың өзгеруі елдің жағалаудағы ғимараттары мен инфрақұрылымына, сондай-ақ теңіз экожүйесіне елеулі қауіп төндіріп отырғаны айтылады. Қазір дауыл мен су тасқыны қаупі жоғары аймақтарда жалпы құны 103 миллиард доллар болатын 219 мыңнан астам ғимарат және 15 миллиард долларлық инфрақұрылым нысандары орналасқан.

Ғалымдардың болжамынша, 2050 жылға қарай теңіз деңгейі кейбір аймақтарда 20-30 сантиметрге көтерілуі мүмкін, бұл өз кезегінде жыл сайын «ғасыр дауылдары» деп аталатын табиғи апаттардың жиілеуіне әкелуі ықтимал.

Сонымен қатар зерттеу барысында Субтропикалық шептің – суық және жылы ағындар түйісетін шекараның – батысқа қарай шамамен 120 шақырымға ығысқаны анықталды. Мамандардың сөзінше, бұл құбылыс ел маңындағы мұхит айналымының құрылымдық өзгерістерін көрсетеді.