16.10.2025
15:49
500
Ғалымдар миды қалыпқа келтіретін дәруменді жасап шығарды

Ғалымдар миды қалыпқа келтіретін дәруменді жасап шығарды

Ғалымдардың пайымдауынша, жаңа табылған К дәрумені нейродегенеративті ауруларды емдеу тәсілдерін түбегейлі өзгертуі мүмкін, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Теория жүзінде мұндай терапия деменция сияқты дерттердің өршуін баяулатып қана қоймай, олардың алдын алуға да мүмкіндік береді.

Қазір бұл болжам ғана, дегенмен Альцгеймер ауруына қарсы дәрі іздеу – қазіргі медицинаның басты міндеттерінің бірі. Өмір ұзақтығының артуына байланысты бұл диагноз қойылған науқастар саны көбейіп келеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, бүгінде әлемде шамамен 60 миллион адам деменциямен өмір сүріп жатыр. Сарапшылардың болжауынша, 2050 жылға қарай олардың саны 139 миллионға жетеді. Ал қазіргі емдеу тәсілдері тек аурудың кейбір белгілерін жеңілдетіп, өмір сапасын жақсартуға бағытталған, бірақ дертті түбегейлі емдемейді.

Жапониядағы Сибаура технологиялық институтының ғалымдары жаңа қосылыс нейрогенез – яғни жаңа нейрондар түзілуін ынталандыратынын анықтады. Нейрондар жүйке импульстарын тудырып, оларды таратады. Ал мидағы жасушалардың жойылуы мен бұзылуы – Альцгеймер және Паркинсон сияқты ауыр нейродегенеративті аурулардың басты себебі.

Ғалымдар бұл үдерісті кері қайтару мүмкін емес деп есептеп келген. Алайда жапон зерттеушілерінің жаңалығы нейрондардың өлімімен байланысты ауруларды регенеративті терапия арқылы емдеудің алғашқы қадамы болуы ықтимал.

ACS Chemical Neuroscience журналында жарияланған зерттеу авторларының айтуынша, жетілдірілген К дәрумені мен ретиной қышқылының (А дәруменінің түрі) қосындысы нейрогенезді белсендіреді. Бұл әсер mGluR1 рецепторын іске қосу арқылы жүреді.

Тышқандарға жүргізілген тәжірибелер көрсеткендей, жаңа қосылыс табиғи К дәруменінен әлдеқайда тиімді болып шыққан және ол қан мен ми арасындағы тосқауыл – гематоэнцефаликалық кедергіні анағұрлым жылдам еңсеруге қауқарлы.