Ғалымдар қандағы қант деңгейін төмендетуге көмектесетін кешкі астың ең қолайлы уақытын атады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Зерттеулер көрсеткендей, кешкі ас уақытында қабылданған тағам таңертеңгі ашқарындағы глюкоза көрсеткішіне тікелей әсер етеді. Бұл – преддиабеті бар адамдар үшін аса маңызды фактор.
Каталония университетінің ғалымдары осындай қорытынды жасап отыр. Олардың жұмысы Nutrients журналында жарияланды. Зерттеуге артық салмағы бар әрі преддиабеті анықталған 50-75 жас аралығындағы 33 ерікті қатысты. Барлығы бақыланатын диета ұстанып, қандағы қант деңгейін үздіксіз өлшейтін арнайы сенсор тағып жүрді. Кешкі астан 10 сағат өткен соң мамандар глюкоза деңгейін тіркеп отырған.
Талдау нәтижесі мынадай болды: кешкі ас неғұрлым кеш әрі көмірсуға бай болса, таңғы қант көрсеткіші соғұрлым жоғары шыққан. Бұған қоса, ағзаның инсулинге сезімталдығы да маңызды рөл атқарады.
Диабет қаупі бар адамдар тамақтануда өнімнің құрамын ғана емес, сондай-ақ тамақ қабылдау уақытын және адамның биоритм ерекшеліктерін ескеруі қажет. Мұндай тәсіл диабетке шалдығу қаупін төмендетеді, – деді зерттеу авторы Диана Диас-Риццоло.
Ғалымдар қазіргі технологиялардың да мүмкіндігін атап өтті: глюкоза сенсорлары, мобильді қосымшалар және жасанды интеллект алгоритмдері зат алмасуды жеке бақылауға және тамақтану мен емдеуді дәл баптауға жол ашады.