Самар университетінің ғалымдары білім беру жүйесінде жасанды интеллектті қолдануға қатысты этикалық және құқықтық нормалар жөнінде ұсыныстар әзірледі. Бұл әзірлеме оқыту барысында қолданылатын технологиялардың қауіпсіздігін арттырып, ықтимал тәуекелдерді азайтуға бағытталған. Зерттеу нәтижелері Springer Nature журналында жарияланды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Зерттеушілердің пікірінше, ЖИ білім беру процесін жекелендіріп, оқушының немесе студенттің қабілетіне қарай оқу мазмұны мен қарқынын реттеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, технология педагогтардың уақытын үнемдеп, тапсырмаларды тексеру, кері байланыс беру, білім олқылықтарын анықтау сияқты рутиналық жұмыстарды автоматтандырады.
Алайда сарапшылар жасанды интеллектті этикалық қолданудың маңыздылығын ерекше атап өтеді. ЖИ жүйелері оқушылардың үлгерімі, мінез-құлық ерекшеліктері, жеке қызығушылықтары және тіпті әлеуметтік немесе медициналық деректері сияқты құпия ақпаратты жинайды. Мұндай мәліметтердің теріс пайдаланылуы немесе сыртқа таралуы жеке деректердің бұзылуына, әділетсіздікке және дискриминацияға алып келуі мүмкін.
Сондықтан Самар университетінің ғалымдары ЖИ енгізу кезінде туындайтын құқықтық және этикалық қауіптерді зерттеп, дербес деректерді қорғау, тең қолжетімділік және үлгерімді әділ бағалау мәселелеріне назар аударды.
Зерттеу авторлары білім беру саласында жасанды интеллектті жауапты түрде қолдануды реттейтін арнайы федералдық заң қабылдауды ұсынады. Мұндай заң білім ұйымдарында этикалық кодекстерді әзірлеуге және оқу процесіне қатысушыларды ЖИ-ді ашық әрі қауіпсіз қолдануға үйретуге мүмкіндік береді.