Британдық ғалымдар адамзат тарихында тұңғыш рет зертханада өсірілген эритроциттерді дендері сау екі еріктіге құйды, деп хабарлайды El.kz.
Кэмбридж университеті сайтының мәліметінше, технологияны клиникалық сынақтан өткізу Restore зерттеу жобасы аясында жүзеге асып жатыр.
"Эритроциттер Ұлыбритания Ұлттық денсаулық сақтау қызметінің донорлар базасындағы адам қаны үлгісімен өсірілген. Әуелде биоматериалдан дің жасушаларын бөліп алып, кейін оларды дифференциялаған", - делінеді сайт ақпаратында.
Барлық жасанды эритроциттер кәдімгі қызыл түйіршіктерге қарағанда жасырақ — донорлардың табиғи қанында әртүрлі жастағы жасушалар бар. Еріктілер жасанды қанды 5-10 миллилитрден (1-2 шәй қасық) қабылдаған.
"Зертханада өсірілген эритроциттер табиғи қаннан ұзағырақ өмір сүреді деп үміттенеміз. Сынағымыз сәтті өтсе, тұрақты түрде қан қабылдап тұруға мәжбүр пациенттердің мұқтаждығы өтелер еді. Бұл олардың ем-домын жеңілдетері сөзсіз", - дейді жобаның жетекші авторы Седрик Гиверт.
Жасанды эритроциттерді анемиямен және басқа да қан ауруларымен ауыратын адамдарға, сондай-ақ сирек қан тобындағы пациенттерге құюға болады екен.