Әлемде созылмалы аурулардан болатын өлім-жітімнің көрсеткіші төмендеп келеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Қатерлі ісік, жүрек-қан тамырлары аурулары және қант диабеті сияқты дерттерден көз жұму қаупі әлем елдерінің бестен төртеуінде азайған. Бұл жөнінде Nature журналында жарияланған зерттеуде айтылды.
Зерттеу 2010–2019 жылдар аралығында 185 мемлекеттен жиналған деректерді қамтыған. Ғалымдардың есебіне сәйкес, 80 жасқа дейінгі өлім-жітім көрсеткіші әйелдер арасында 152 елде, ерлер арасында 147 елде төмендеген.
Ең айқын нәтиже Данияда байқалды. Дамыған елдер ішінде дәл осы мемлекетте көрсеткіштің азаю қарқыны жоғары болды. Ал АҚШ-та керісінше, құлдырау ең төмен деңгейде тіркелді. Үндістан мен Папуа – Жаңа Гвинеяда созылмалы аурулардан өлім-жітім тіпті артқан.
Сарапшылар мұндай нәтижелерді алдын алу шаралары мен заманауи емдеу тәсілдерінің кең таралуымен байланыстырады. Атап айтқанда: статиндер мен гипотензивті препараттарды қолдану, В гепатиті мен жатыр мойны обырына қарсы вакцинация, темекі мен алкогольді шектеу оң әсер берген.
Дегенмен, зерттеушілер прогресс қарқыны 2000-жылдардың басымен салыстырғанда бәсеңдегенін айтады. Бұған денсаулық сақтау жүйелерінің жеткіліксіз қаржыландырылуы, әлсіз топтардың толық қамтылмауы, профилактика бағытындағы басымдықтардың төмендеуі себеп болған. Сонымен бірге көптеген елде деменция мен Альцгеймер ауруынан өлім-жітімнің көбеюі де жалпы көрсеткішті баяулатқан.