Агрессияға бейімділік белгілі бір генмен байланысты болуы мүмкін. Бұл жаңалықты Австриядағы Грац медицина университетінің зерттеушілері анықтады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Ғалымдар арнайы зертханада данио-рерио деп аталатын аквариумдық балықтармен тәжірибе жүргізіп, бір геннің "өшірілуі" олардың мінез-құлқына айтарлықтай әсер ететінін байқаған. Зерттеу нәтижелері Acta Physiologica ғылыми журналында жарияланды.
Данио-рерио балықтарының геномының шамамен 70%-ы адам геномымен ұқсас. Бұл оларды мінез-құлыққа байланысты генетикалық зерттеулерге өте ыңғайлы модельге айналдырады.
Ғалымдар Irrtm4l1 деп аталатын генге назар аударды — бұл адамның LRRTM4 генінің баламасы. Аталған ген нейрондар арасындағы байланысты — синапстарды қалыптастыруға жауап береді. Бұған дейінгі зерттеулерде LRRTM4-тің балалардағы агрессия, аутизм және Туретт синдромымен байланысы болуы мүмкін екені айтылған еді.
Зертханада балықтардың бір тобына осы генді уақытша өшіру (блоктау) тәжірибесі жүргізілді. Нәтижесінде, бұл балықтар кәдімгі түрлерімен салыстырғанда анағұрлым сабырлы және бейбіт мінез көрсетті.
Ғалымдар бұл өзгерісті балықтардың қарсыласты қауіп ретінде қабылдамауымен немесе шабуыл жасау қажеттілігін сезінбеуімен байланыстырып отыр.
Зерттеу барысында дофамин деңгейінің артқаны, ал агрессияны басуға көмектесетін метилванилат деп аталатын басқа заттың төмендегені анықталды. Метилванилат — ванилинмен туыстас табиғи қосылыс, ол антиоксиданттық және нейропротекторлық қасиеттерімен белгілі.
Жоба жетекшісі, профессор Флориан Райхманн бұл жаңалықтың маңызын ерекше атап өтті:
LRRTM4 гені адамның мінез-құлқына тікелей әсер ететін факторлардың бірі болуы мүмкін. Бұл болашақта шамадан тыс агрессия мен үрейлі бұзылыстарды емдеуге арналған дәрілерді жасауға көмектесуі ықтимал.
Алайда ғалымдар қорытынды жасауға әлі ерте екенін, бұл гипотезаны тексеру үшін басқа да жануарларға қосымша зерттеулер қажет екенін ескертті.