06.10.2025
04:37
395
Ғалымдар адам өмірінің ұзақтығы шегіне жеткенін мәлімдеді

Ғалымдар адам өмірінің ұзақтығы шегіне жеткенін мәлімдеді

Медицина мен денсаулық сақтау саласындағы серпінді даму, сондай-ақ балалар өлімінің күрт азаюы соңғы жүз жылда адам өмірінің ұзақтығын едәуір арттырды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Егер өткен ғасырдың басында адамның орташа өмір сүру жасы шамамен 60 болса, бүгінде көптеген дамыған елдерде бұл көрсеткіш 80 жастан асып отыр.

Алайда зерттеушілер соңғы жылдары бұл өсімнің бәсеңдегенін айтады. Висконсин университетінің (АҚШ) ғалымдары жүргізген халықаралық зерттеу нәтижесіне сүйенсек, адам өмірінің табиғи ұзақтығын арттыру әлеуеті шамамен таусылған. Зерттеу барысында 23 дамыған елдің 1938–2000 жылдары туған ұрпақтары туралы деректер талданған.

Ғалымдардың пайымдауынша, орташа өмір сүру ұзақтығы алдағы онжылдықтарда елеулі түрде өспейді. Бұған басты себеп — балалар өлімінің төмендеуі есебінен болған негізгі серпіліс толық іске асқан. Қазіргі медицина мен инновациялық емдеу әдістері адам өмірін ұзарта алғанымен, айтарлықтай секіріс жасауға қауқарсыз болып отыр.

Сонымен қатар зерттеу нәтижесі адам өмірінің биологиялық шегі бар деген тұжырымды дәлелдемейді, бірақ оны толық жоққа да шығармайды. Сарапшылар мұны биологиялық және әлеуметтік факторлардың күрделі өзара байланысымен түсіндіреді.

Демек, орташа өмір ұзақтығының күрт артуы енді екіталай. Алайда бұл әр адамның жеке мүмкіндігін жоққа шығармайды. Яғни 100 жасқа жету — әлі де мүмкін, бірақ сирек кездесетін құбылыс.